“МЕКТЕПТЕГІ ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕСІ ҚАШАН ШЕШІЛЕДІ?”
(“Soltüstık Qazaqstan” gazetı, 18 aqpan 2023 jyl).
Облыс орталығында орналасқан №4 мектептегі жаға ұстатарлық жағдайдың Үкіметтің отырысында арнайы талқылануы, орын алған оқиғаның өте қауіпті жайт ретінде бағалануы, соған орай нақты тапсырмалардың берілуі бәрімізге жауапкершілік жүктеп, сыннан дұрыс қорытынды шығару талабын қойып отыр. Құзырлы орындар тарапынан қауіпсіздікке байланысты мәселелер ішінен кәмелетке толмаған жасөспірімдер бойындағы психикалық, психологиялық теріс әрекеттер ықтималдылығын барынша төмендетудің пәрменді құралдарын тиімді пайдалану жолдары атап көрсетілді.
Соңғы кездері ғаламторға, әлеуметтік желілерге, компьютерлік ойындарға әуестенушіліктің ақыры тәуелділікке соқтырып, ми жүйесіне кері әсер ететіні жайлы жиі айтылып жүр. Мұндай пікірлер негізсіз емес. Осығай орай, Ішкі істер, Оқу-ағарту, Төтенше жағдайлар министрліктері бірлесіп, оқу орындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жол картасын бекітуі, білім беру нысандарын терроризмге қарсы іс-әрекеттен қорғау туралы нұсқаулық әзірлеуі, бұдан бөлек, қылмыстық, әкімшілік құқық бұзушылық тақырыптарының жеке қозғалуы құптарлық.
Жасыратыны жоқ, үлкендер кәмелетке толмаған балалардың түнде жалғыздан жалғыз көше кезбеуі қажеттігін біле тұра көбіне бақылаусыз қалдырып жатады. Кезекті рейд барысында 100-ден астам ұл-қыздың түнде көше кезіп жүргені анықталды. Тіпті кейбірінің әке-шешесі балаларының қайда жүргеннен бейхабар болып шықты.
Жуырда №32 мектепте мұғалімдер мен ата-аналардың қатысуымен жиын өтіп, алдымен түрлі заң бұзушылықтар баяндалды. Бейнематериалдар көрсетілді. Содан кейін тақырып шәкірттер арасындағы дүрдараздық, кемсітушілік, төбелес, нашақорлық пен суицид, теріс дағдылардың алдын алу мәселелеріне қарай ойысты. Рейдтік іс-шаралардың қорытындылары шығарылып, Әкімшілік кодекстің негізгі баптары түсіндірілді. Бір аңғарғанымыз, жиынға келгендердің біразының теріс қылықтар үшін қандай жауапкершілік қолданылатынын білмейтіні. Кейбіреулері оқушылардың оғаш әрекеттерін балалыққа, шалалыққа балап жатты. “Ауруын жасырған өледі” демекші, батпандап кіргізіп, мысқалдап шығара алмай, әуреге түсіп жататынымыз сондықтан.
Психологтардың, ата-аналардың, ұстаздардың, ювеналдық полицейлердің, денсаулық орталығы дәрігерлерінің, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия мүшелерінің көмегімен балалардың қауіпсіздігіне, мінез-құлқына, психикалық ерекшелігіне орай мәселелердің жиі көтеріліп отырғаны дұрыс. Өйткені, біреуі болмаса біреуі түсініксіз өзгерістерді байқап қалуы мүмкін. Мұның өзі қылмыстық әрекеттер мен теріс қылықтардан сақтандыруға үлкен сеп.
Кей кездері балалардың көз алдында отбасылық жанжал болып жатады. Бұл да жасөспірімнің психикасына өте ауыр тиеді.
Лидия СҰЛТАНГЕЛДИЕВА,
Петропавл қалалық ювеналдық полиция бөлімінің аға инспекторы.