«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕҢ БОЛСАҢ, КЕМ БОЛМАЙСЫҢ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Алғыс айту күнінің мерекелер қатарына қосылуы – ұлттық тарихымызбен байланысты. Бұл – жанашырлықтың символы, толеранттылығымыз бен төзімділігіміздің белгісі. “Ұлттық намыс дегеніміз – ол пенденің қара басының мақсатын ұлттық мүддеге бағындыруы, ұлтының мәртебесі басқа халықтардан озсын деп, жеңісіне сүйсініп, сүрінгеніне күйініп, қуануы мен қамығуы”, – деп белгілі тарихшы, академик Манаш Қозыбаев айтқан еді. Осы ұлттық намыс басқа халықтарды тоталитарлық жүйе дүбірлеп тұрған заманда қиын жағдайда қалдырмай, қол ұшын созып, аман алып қалды. Сондықтан бұл күнде адамдар ортақ тарихи тағдырымызды еске алып, бір-бірімен достық, туыстық қарым-қатынас орнатуға тағы бір қадам жасайды. Барлық қазақстандықтар отансүйгіштік қарым-қатынасты нығайтып, татуласып, айналасындағыларға алғыс айтулары керек.

Қазақ – ерте заманнан кеңпейіл­ді­гімен, өр жомарттығымен аты шық­қан дана халық. Қазақстан – сонау зобалаң заманда тағдыр тәлкегіне ұшыраған талай ұлтты өз бауырына басып, қабылдаған ел. Еліміз Тәуел­сіздікке қол жеткізгенге дейін көпте­ген қиындықты бастан кешсе де, қиын жағдайда қалған өзге ұлт өкіл­деріне қамқор бола білді. Тарихтың терең қойнауына зер салсақ, Қазақ­станның осындай көпұлтты ел бо­лып қалыптасуына өзге этностар­дың елімізге жер аударылып келуі мен екінші дүниежүзілік соғыс кезін­де көшірілуі себеп болды. Әсіресе XX ғасырдың басында отарлау саясаты ерекше күшейіп, Қазақстан же­ріне орыс, украин, өзбек, қырғыз, бе­ларусь, балқар, шешендер мен ин­гуштар, поляк, кәрістер күштеп жер аударылды.

1870-1970 жылдар аралығын­да қазақ даласына 7 миллионға жуық адам көшірілген екен. Одан бөлек, 2,5 миллион неміс, жапон тұт­қындары құрылысқа тартылды. Қа­зақ халқы бәріне дерлік құшағын жай­ды. Жер аударылғандарға көмектес­кені үшін қазақтардың өздері қуғын-сүргінге ұшырауы мүмкін еді. Бірақ қазақ халқы өз басына төнген қауіпке қарамастан, қатерге басын тікті. Қо­лында бар нанды бөліп беріп, оларды аштықтан құтқарды. 1954 жылы жазушылар съезінде Михаил Шолоховтың: “Соғыс уақытында ме­нің отбасыма пана болып, қамқор­лық жасаған қайырымды және ұлы қа­зақ халқына алғысымды білдіре­мін”, – деп айтқаны бекер емес еді.

Елімізде Алғыс айту күні соңғы жылдары ерекше аталып, осы мей­рамда қазақстандықтар бір-біріне құрмет көрсетіп, ризашылығын біл­діреді. Алғаш рет бұл мереке 2016 жылы тойланғаны белгілі. Қазақстан хал­қы Ассамблеясы құрылған 1 нау­рыз мереке күні деп жарияланған. Оның басты мақсатының бірі – өс­келең ұрпақты достық, бір-біріне де­ген құрмет пен толеранттылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу, ұлтара­лық қарым-қатынасты нығайту.

Мерекені барлық этностардың бір-біріне және оларды өз туғанын­дай қабылдап, мейірбандық таныт­қан қазақтарға алғыс айтатын күні ретінде атап өту ұйғарылды. Мере­кенің негізгі идеясы мен басты мис­сиясы осы. Бұл күн өзгеше атап өті­луі керек. Ата Заңымызда дініне, тіліне, шыққан тегіне қарамастан, Қа­зақстанды мекен ететін барлық ұлт­тардың тең екендігі жазылған. Сон­дықтан мемлекет құраушы ұлт ре­тінде қазақ халқына айрықша жа­уапкершілік жүктелгені анық. Мұн­дай міндетті еліміз өзге этнос өкіл­дерінің мемлекет құраушы ұлтқа де­ген шексіз құрметі мен алғыс сезімі­нің арқасында ғана ойдағыдай іске асыруда.

Алғыс айту күні қуғын-сүргінге ұшырап, аласапыран заманың тау­қыметін тартқан халықтың рухани игілігі. Кеңпейілділігі мен қайырым­дылық дәстүрлеріне терең тағзым. Қазақстан халқының бұл мерекені тойлауы жарасымды.

Біздің халық “кең болсаң, кем болмайсың” деген қағиданы ерте заманнан ұстанады. Сол мінездің арқасында өзінің ғана емес, өзгенің де көңілін тауып келеді. Кішпейіл­ділік, кешірімді болу, ризашылық секілді қасиеттер бойымызға дары­ған. Сондықтан көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін Алғыс айту мерекесінде, ең алдымен, айнала­мыз­дағы адамдармен жақын болуы­мыз керек. Ел ішіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты бекемдей біліп, ұлт пен ұлыстар арасындағы ынты­мақтастықты нығайту арқылы меже­леген мақсаттарымызға жету ма­ңыз­ды. Кезінде бауыр басып, қана­тын Қазақстанда қатайтқан отандас­тарымызбен бірге шаңырағымызды биіктетіп, керегемізді кеңейту – әрқайсысымыздың міндетіміз.

Осы күні адамдар бір-біріне, ата-аналарына, балаларына алғыс ай­тып, өмірлерінің шуақты сәттерін еске алып, уақытын отбасымен және достарымен бірге өткізеді. Оның бәрі мерекенің басты идеясының төңірегінде жасалуы керек. Бір сөз­бен айтқанда, Алғыс айту күні – адамдардың бір-бірімен достық, туыстық, жағымды қарым-қатынас орнатуына да бір қадам жасайды.

Әр қиындықтың артында бір жақсылық жатады дегендей, бүгінде еліміз сан түрлі тілдер мен мәде­ниеттер тоғысқан көпұлтты мемле­кетке айналды. Қазақстан діңгегі бе­рік ел болды. Бір шаңырақ астында 130-дан астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан бірден-бір елміз. Қазақстанның әрбір азаматы оны мақтанышпен айта алады. Ал­ғыс айту күні – бейбітшілік пен дос­тыққа, тыныштық пен ынтымаққа үн­дейтін мереке. Бұл кеңқұшақ, құрмет – еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің ара­сындағы адамгершілік қарым-қа­тынастың өнегелі өлшеміне айнал­ды. Алғыс айту күні айтулы ізгі дәс­түрге айналуы керек. Адамдар бір-біріне мейірімділік танытып, қадам жасаған сайын істеген ісіне, Отаны­на алғыс айтуды ұмытпауы керек.

Зауре ҚАРТОВА,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың деканы, тарих ғылымдарының кандидаты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp