«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Мал мен жанның амандығы үшін

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында жаңа Қазақстанға анықтама бере келіп, барлық саланы түбегейлі жаңғыртуға кіріскенімізді мәлімдеді. Оның іргетасы саяси және экономикалық реформалардың үйлесімді байланысы негізінде қаланатынын, бұл елімізді дәйекті түрде ілгері дамытуды және азаматтардың тұрмыс деңгейін арттыруды қамтамасыз ететінін ерекше атап көрсетті. “Мақсатқа жету үшін мемлекеттік аппаратты жаңарту немесе кадрлық ауыс-түйіс жасау жеткіліксіз. Өзгерісті әрқайсысымыз өзімізден бастауымыз керек. Әрбір адам және бүкіл қоғам жаңғыруы қажет. Құндылықтарымыз түбегейлі жаңаруға тиіс. Мұның бәрі – оңай жұмыс емес, біртіндеп қалыптасып, жылдар бойы жалғасатын үдеріс. Бұл жұмыс бізден жоғары жауапкершілікті, елімізге және бір-бірімізге деген жанашырлықты талап етеді. Бізге ешкім сырттан келіп, ештеңе жасап бермейтіні анық, бәрі өз қолымызда. Сондықтан баршаңызды жаңа Қазақстанды құруға бір кісідей жұмылуға шақырамын”, – деген асқаралы міндеттер қойды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттік басқару ісінде, ең алдымен, кадр саясатына, шешім қабылдау жүйесіне және оларды орындау жауапкершілігіне деген көзқарасты өзгертуден бастаудың жаңа үлгісін ұсынған болатын. Ол бойынша сан алуан көрсеткіштер мен индикаторлардан тұратын мемлекеттік бағдарламалар әзірлеуді тоқтатып, барша азаматқа түсінікті, қысқа әрі нұсқа ұлттық жобалар форматына көшу, негізгі мақсат жұмыстың барысы емес, нәтижесі болуы тиістілігі міндеттелген. Үнемделген қаражаттың есебінен қызметкерлердің жалақысы көбейтілетін болды. Бұл мәселеге жете назар аудармау кері кетуге, біліктілік пен бастамашылдықтан айрылуға, ең сорақысы жемқорлыққа әкеп соқтыратын еді. 2021 жылмен салыстырғанда ветеринарлық мамандардың жалақысы республика бойынша орта есеппен 50,3 пайызға өсті. 2021 жылы 150 мың теңге болса, 2022 жылы 184 мың теңгені құрады. 2023 жылдан бастап бірінші және екінші патогендік топтардың патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істегені үшін ветеринарлық мамандарға кемінде еңбекақыға 35 пайыз және 50 пайыз үстемақы және екі лауазымдық жалақы мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысы төленеді. “Биологиялық қауіпсіздік туралы” Заңға өзгерістер мен толықтырулардың енгізілуіне байланысты орташа жалақы шамамен 276 мың теңгеге жетпек. Өтінім Қаржы министрлігінде қаралуда.

Басқа да бірқатар әлеуметтік қолдау нормалары қарастырылған. Сондай-ақ кәсіпорындар түрінде де, мекеме ретінде құрылған мемлекеттік ветеринарлық ұйымдардың ақылы қызмет көрсету есебінен еңбекақыны ұлғайту мүмкіндігі мол. Бұл ретте қолданыстағы заңнама ветеринария саласындағы мекемелерге тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу бойынша ақылы қызмет түрлерін көрсете алады, оларды өткізуден түскен қаражат иелігінде қалады. Мұның өзі кәсіби, білікті кадрлардың тұрақтауына, салаға жас мамандардың көптеп келуіне жол ашады, сабақтастық дәстүрлері сақталады. Бұл, түптеп келгенде, ауылдағы ағайынның әл-ауқатына да тікелей әсер етеді. Өйткені ветеринария қызметі қазіргі заман талабына сай болмаса, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру қиын. Бір ғана эпизоотиялық салауаттылықты сақтау қаншама қажырлы еңбекті қажет етеді десеңші!

Мал басының амандығы мен өнімділігі жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты екені ешқандай дау туғызбайды. 2022 жылы барлық көзделген ветеринариялық іс-шаралар толық көлемде орындалды. Жануарлар мен құстарға 10 аса қауіпті және 3 энзоотиялық ауруға қарсы профилактикалық вакцинация, 4 ауруға диагностикалық зерттеу және 2 ауруға аллергиялық зерттеу жүргізілді. Осылайша қолда бар мал басы профилактикалық вакцинациялармен және зерттеулермен толық қамтамасыз етілді. 5123 мың бас, оның ішінде аса қауіпті ауруларға қарсы 4971,5 мың бас және энзоотиялық ауруларға қарсы 151,5 мың бас вакцинацияланды. Барлығы 1425,3 мың зерттеу жүргізілді.

Былтыр қабылданған “Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы” Заң түрлі биологиялық қатерлерге қарсы іс-қимылдың тегеурінді жүйесін құрды. Өйткені елімізде аса қауіпті инфекциялардың табиғи ошақтары сақталып отырғанын ескермей болмайды. Мысалы, оба – 10, туляремия – 12, гемморрагиялық қызба 4 облыстың аумағында анықталған. Күйдіргі бойынша екі мыңдай қолайсыз елді мекендер бар. Кей инфекцияларды шеттен жұқтыру фактілері байқалады. 2022 жылы өңірде жануарлар ауруларының 25 ошағы тіркелді, бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда аздау. Тайынша, Тимирязев және Уәлиханов аудандарындағы 10 елді мекенде ірі қараның вирустық диарея және инфекциялық ринотрахеит ошағы бар. Мұндай орындар Аққайың, Қызылжар, Мағжан Жұмабаев аудандарында кездеседі. Былтыр Тимирязев ауданының Ақжан ауылында ірі қараның пастереллез, Есіл ауданындағы Орталық ауылында жылқы тұмауы тіркелді. Осыған орай қажетті ветеринарлық-санитарлық іс-шаралар атқарылып, нәтижесінде шектеулер алынып тасталды. Зертханалық зерттеулер нәтижелері бойынша 27 елді мекенде 206 ірі қара малының бруцеллезбен ауыратыны анықталды. Бруцеллез бойынша тіркелген қолайсыз пункттер саны – 3 (Боголюбово, Шаховское, Надежка ауылдары).

Республиканың ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің деректеріне сүйенсек, облыс бойынша ірі қараның бруцеллезбен ауыруы – 0,05 пайыз, бұл – республикалық деңгейден және көршілес өңірлермен салыстырғанда төмен көрсеткіш. Дегенмен қоғамдық малдың бруцеллезбен сырқаттануы 2021 жылмен салыстырғанда 2 есеге төмендегеніне қарамастан Ақжар, Аққайың аудандарында өсуі байқалады.

Өңірде эпизоотиялық тұрақтылықты орнықтыру ветернинария саласындағы біртұтас мемлекеттік саясатты қалыптастыру және жүзеге асырудың арқасында атқарылды. Аса қауіпті аурулар білінген кезде қолданыстағы заңнама шеңберінде жедел әрекет ету, таралуына жол бермеу – басты міндет. Өткен жылы Тайынша ауданы, Новоивановка ауылында жануарлардың аса қауіпті ауруларының бірі – аусыл кеселін жою бойынша республикалық симуляциялық жаттығу өтті. Іс-шараның ұйымдастырылуына оң баға берілгеніне қарап, облыстың ветеринариялық қызметінің аусыл ошақтары пайда болған жағдайларға жақсы дайындығы қуатталды. Ауыл шаруашылығы жануарларының 504,7 мың басына сәйкестендіру жүргізілді. Жануарлар және атқарылған ветеринариялық іс-шаралар туралы мәліметтер “Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру” ақпараттық жүйесіне енгізіледі. Бүгінде облыс аумағында 351 мал қорымы бар. Соңғы 3 жылда 41 қорым салынды, 37-сі қайта жаңартылды, 6 инсинератор сатып алынды.

2022 жылғы 2 наурыздан күшіне енген “Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы” заң оларды қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жанашырлықпен қарау, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатындағы қоғамдық қатынастарды реттейді. Яғни жануарларға қиянат жасау дегеніміз – жануардың өліміне, жарақаттануына немесе денсаулығына басқа да зиян келтіретін әрекеттер. 2022 жылы 28 қыркүйекте облыстық мәслихаттың шешімімен елді мекендердің аумағында үй жануарларын ұстау және серуендету тәртібі айқындалған. Мәселен, иттердің бос, қараусыз, байлаусыз қалдыруға, тоғандарда, субұрқақтарда шомылдыруға тыйым салынған. Өкінішке қарай, кейде бұл талаптар ақтала бермейді. Оны өрескел бұзған жандарға “Әкімшілік құқық бұзушылық туралы” кодекс негізінде жауапкершілік көзделген. Былтыр үй жануарларын ұстау және серуендету ережелерін бұзғаны үшін 780 адамға әкімшілік жаза қолданылып, 558 ескерту жасалып, 222 әкімшілік айыппұл салынды.

Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою бойынша ветеринарлық қызметтің тоқтатылуы олардың көбеюіне, жұқпалы аурулардың (құтыру) пайда болу және таралуына соқтырып отыр. Бүгінде олардың санын реттеу тек зарарсыздандыру арқылы ғана жүзеге асырылады. Сосын қайтадан көшеге жіберіледі. Жалпы бұл проблема оларды ұстау, күтіп-бағу мәдениетінің жетіспеушілігінен туындап отырғанын атап өткен жөн. Қазіргі таңда көшелерде қаңғыбас иттердің топталып жүргенін жиі көруге болады.

2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап иелері үй жануарларын есепке қоюы тиіс. Тіркеу олардың қаржысына жүргізіледі, ал халықтың әлеуметтік осал топтары үшін бұл қызметті мемлекет өтейтін болады. Облыста “Tanba” жануарларды есепке алудың ақпараттық жүйесі жұмыс істейді, онда қазір 357 үй жануары тіркелген, иелері бары – 327, қалғаны иесіз.

Облыстың ветеринария басқармасы бір жылда 48015 мемлекеттік қызмет көрсеткенін айта кеткен жөн, оның ішінде ветеринарлық анықтама беру – 40243, ветеринарлық паспорт беру – 7772. Материалдық-техникалық базаны нығайтуға 85,4 млн. теңге бөлінді, оның 21,3 миллионы облыстық қазынадан берілді. 3 модульді ветеринариялық пункт, түрлі жабдықтар сатып алынды.

Кезек күттірмес ең басты талаптың бірі – ветеринариялық іс-шараларды уақтылы және сапалы атқару. Биыл 5110,0 мың манипуляция, сондай-ақ 1293,2 мың диагностикалық және аллергиялық зерттеулер жүргізіледі. 3 модульдік ветеринариялық пункт сатып алуға 33,4 млн. теңге қарастырылған. 31 мал қорымы салынады.

Мамандарымыз “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасы шеңберінде қоғамдық ұйымдардың, еріктілердің белсене қатысуымен ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған кешенді іс-шараларды жүзеге асыруды басты борыш санайды.

Олжас БОЛЫСПАЕВ,

облыстық ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp