С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры ашылғаннан бергі жиырма жылдан астам уақыт ішінде Қызылжар өңіріндегі өнердің қарашаңырағына айналып үлгерді. Көрерменнің қошеметіне ие қойылымдарымен ерекше. Өнер ордасы өткен жылдың соңында жаңадан салынған зәулім ғимаратқа көшті. Жаңа сарайда жаңаша леппен жұмыс істеуді жоспарлап отырған театрдың көркемдік жетекшісі Дәурен Тойбазаровпен сұхбаттасып, алдағы жоспарлары туралы сұрап білген едік.
– Дәурен Мұратұлы, театр жаңа ғимаратқа көшіп, қуанып жатқан боларсыздар. Құтты болсын! Бұл жаңалық жұмысқа тың серпіліс әкеліп, қызықты қойылымдар сахналауға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Сіздердің көңіл күйлеріңізге қалай әсер етті?
– Театрымыз жаңа ғимаратқа көшіп, көңіліміз жадырап қалды. Бұл солтүстікқазақстандық өнерсүйер қауым үшін үлкен сый болды. Мұны театр ұжымы ғимараттың ғана жаңаруы деп емес, үлкен өзгерістердің бастауы, жаңа бастамаларға апарар жол деп түсінеді. Алда бізді биік белестер күтіп тұр.
Бүгінге дейін де С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры өнердің дамуына елеулі үлесін қосып, театр әлемінде қолтаңбасын қалыптастыра алды деп нық сеніммен айта аламын. Алғаш шымылдығын ашқаннан бері қаншама спектакль сахналанды. Ұжымның сол еңбегі бағаланып, заманауи ғимаратқа көшіп отыр. Ендеше сенімді ақтау – біздің ұжымға үлкен сын. Міндеттеріміз еселене түсті деп білемін. Репертуарды жаңалау, жанр жағынан өзгерістер енгізу, тақырыптың ауқымын арттыру, қойылымның декорацияларын жаңалау және, ең бастысы, теардағы кадр мәселесін шешуіміз қажет.
– Жаңа театрға өнерпаздарды тарту үшін қандай жұмыстар істеліп жатыр?
– Артқа ойша шегініс жасап көрейікші. Жаңа мыңжылдықтың басы. С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының уығын қадаған алғашқы көркемдік жетекшісі әрі директоры Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының түлектерімен бірге елдің шетінде, желдің өтінде тұрған өңірге табан тіреген еді. Біржан Жалғасбаев, Мақсат Ақжолов, Кенжекей Ақжолова, Болат Мамытбеков, Ербол Шүкіров, Мұрат Құсайынов, Нұргүл Мағауина, Мәншүк Айтмұхамбетова, Айжан Сәрсебаева, Дәурен Сәдуов, Жұматай Әміреев, Руслан Сенкебаев, Разиля Ержұмашқызы, Анар Алтыбаева, Толқын Сұлтанова, Баян Қажнабиева, Қуандық Жүнісов, Нұржан Садыбеков, Анар Абдрешова, Қажыбай Айтыбаев, Шолпан Айтыбаева өнер жолындағы алғашқы қадамдарын Қызылжардағы қазақ театрынан бастаған еді. Олардың теріскейде театр өнерін дамытамыз деп келуі – нағыз азаматтық іс, отансүйгіштіктің белгісі болды деп едім. Жылдар өтті, әрқайсысы үлкен өнерпаз болып қалыптасты. Өнер де – тірі ағза сияқты, үнемі жетіліп, дамып отырады ғой. Кейбірінің бұдан да биік шыңдарды бағындыру мақсаты болды. Өнер айдынында жүзген кейбір актерлер өмірдің ағымымен қазір өзге сахналарда өнер көрсетіп жүр. Кино саласында жарқырап көрінгендері қаншама?! Сол сахнагерлердің осы театрдан түлеп ұшқанын мақтан етеміз.
Театрдың қазығын қаққан өнерпаздардан тәлім-тәрбие алып, өнегесін көрген бүгінгі буын солардың іздерін жалғап келеді. Театр жылда жас таланттармен толығып отырады. Басқа өңірлерде оқу бітіріп, өз қалауларымен келіп жатқандар да аз емес. Соңғы жылдары Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетін бітірген жас маман Тұрсынжан Думан деген актер келді. Ол театрдың жаңа ғимаратының ашылу салтанатында Шоқанның рөлін сомдады. Тараз қаласынан М.Х.Дулати атындағы өңірлік университетті бітірген Шегетай Нұрасыл мен Құдіретәлі Әбілхайыр сынды талантты актерлермен ортамыз толды.
– Сіз өзіңіз қашаннан бері осында қызмет етіп жатырсыз?
– Мен 2004 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын бітіріп, осы өңірге шақыртумен келген едім. Еліміздің теріскейі қатты қызықтырды, туған өлкем – Өскемендегі театр әкімшілігі қанша қолқа салса да, шешімімді өзгертпедім. Жасырып қайтейін, жерсініп кету оңай болған жоқ. Бір-екі жыл кетіп қалсам қайтеді деген оймен жүргенім рас. Бірақ уақыт өте орта қалыптасып, ұжымға сіңісіп кеткеннен кейін ол ойдан арылдым. Бүгінде бұл театр менің – екінші отбасым.
Манағы сұрағыңызға қайта оралайын, облыс орталығындағы өнер колледжінде актерлер даярлайтын бөлім бар екенін білесіздер. Өкініштісі, оған оқуға түсетін бала саны аз және бітіргендердің көбі басқа мамандыққа кетіп жатады. Талантты актеріміз Асылхан Рәзиев – сол шаңырақтың түлегі. Одан басқа да өнерпаздар бар.
Қуаныштысы, биыл Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясымен іскерлік байланыс орнатып, дуальды оқыту жөнінде келісімшарт жасастық. Бұл дегеніміз, жоғары оқу орны 4-ші курс студенттерін тәжірибеден өту мақсатында біздің театрға жібереді. Жуырда жиырма студент келді. Олар осында төрт ай бойы өздерінің дипломдық жұмыстарын, яғни қойылымдар дайындайды. Осы уақытта олармен жақын танысып, өзімізге тартып, диплом алған соң жұмысқа қалуларына көмектесеміз. Олар М.Әуезовтің “Қарагөзі” мен У.Шекспирдің “Ромео-Джульетта” қойылымдарын дипломдық жұмыс ретінде сахналауға кірісті. Үлкен театрға ұжымдағы қазіргі бар 24 актер аздық етеді, сондықтан осы жастардың көбін қалдырмақ ойымыз бар.
– Театрдың қойып жүрген спектакльдері туралы айтып беріңізші. Бүгінде репертуарды жаңалау жұмысы қалай жүзеге асырылуда?
– Өздеріңіз білетіндей, театр Сәбит Мұқановтың “Аққан жұлдыз” қойылымымен шымылдығын ашқан еді. Театрдың жаңа ғимаратын ашу салтанатында да Сәбеңнің шығармасының желісімен сахналанған “Шоқан” тарихи драмасы сахналанды. Біріншіден, театр Сәбит Мұқанов ағамыздың атында, екіншіден, өнерде даму, жаңарту, заман ағымына ілесу, көрермендер талғамынан шығу деген түсініктер болады. Сондықтан режиссер Фархат Молдағалиев Шоқанды екінші рет сахнаға алып шықты. Өзіңіз білетіндей, Фархат да осы шаңырақта режиссер ретінде қалыптасып, бүгінде театр өнерінің биік шыңынан көрініп жүр. Сол сияқты Баатырбек Шәмбетовтің режиссерлік жұмысын қызылжарлық көрермендер ұмыта қойған жоқ. “Шолпанның күнәсі”, “Венециялық егіздер” сияқты қойылымдары әлі күнге дейін сахналанып жүр. Біз өз режиссерлерімізден бөлек, сырттан да мамандар тартамыз. Бұл – театр өмірінде қалыптасқан дәстүр. Ол – жаңарудың бір көрінісі. Ресейдің танымал режиссері Батыр Коллаевтың сахналауымен Н.Гогольдің “Шинель” драмасын жаңа бағытта сахнаға шығардық. Сербиялық жазушы Б.Нушичтің “Қарапайым адам” комедиясын сахналау үшін Тәжікстанның еңбек сіңірген әртісі, режиссер Барзу Абдураззаковты арнайы шақырттық. Әлемдік деңгейдегі режиссердің біздің шаңыраққа келуінің өзі абырой. Ол 2005 жылы Н.Гогольдің “Ревизорын” да қойды.
Бүгінде театр ұжымы қайырымдылық акциясы ретінде ауылдарды аралап, Б.Нушичтің “Қарапайым адам” спектаклін қоюда. Өзіңіз байқап отырғандай, біз үлкен сахналарда ғана емес, ауылдағы шағын клубтарда да өнер көрсете береміз. Өнерпаз үшін бұл да үлкен тәжірибе.
– Гастрольдік сапарлар, әртүрлі байқаулар ұжымның кәсіби біліктілігін арттыратыны белгілі. Біраз өнер сайыстарына қатысқандарыңызды білемін. Соңғы жетістіктеріңіз жайлы айтып өтсеңіз.
– Театр ашылғаннан бергі 23 жылдағы жетістіктеріміздің бірі – халықаралық, республикалық, облыстық деңгейлерде өткен фестиваль, байқаулардағы жеңістеріміз. Сайысқа қатысу даму үшін қажет. Думан Адыкенов бұрын актерлік қырынан танылса, бүгінде қоюшы-режиссер болып қызмет атқаруда. Жас өнерпаз театрымыздың тарихында тұңғыш рет моноспектакль қойды. Көрермендер жақсы қабылдады. Қойылымның бас кейіпкерін Асылхан Разиев ойнады. Бұл спектакль республика көлемінде ұйымдастырылатын байқауда “Үздік моноспектакль” аталымын иеленді. Жақында Алматыға барғанда да осы қойылымды көрсеттік. Өнер академиясындағы жас сыншылар да жылы қабылдады.
Былтыр “Қарапайым адам” спектаклімен Ақтөбеде өткен “Балауса” халықаралық эксперименталды театр фестиваліне қатысып, “Үздік актерлік ансамбль” аталымын иелендік. Кейін Ақтөбе, Орал қалаларында гастрольдік сапарымыз жалғасып, көрермендердің ризашылығына бөленіп қайттық. Ендігі мақсатымыз – өзіміздің өңірде осындай республикалық театр фестивалін ұйымдастыру, осы бағыттағы жұмыстарды пысықтап жатырмыз.
– Сырттан танымал режиссерлер тарту мәселесі қалай шешіледі? Қаржыландыру жағы қалай?
– Барзу Абдураззаковпен шығармашылық байланыстамыз. Оны тағы да шақыртуды көздеп отырмыз. Қазір келіссөздер жүргізілуде. Жазда грузин жазушысы Нодар Думбадзе атындағы халықаралық театр фестивалі өтеді. Өнер әлемінің жарық жұлдыздары қатысатын осы фестивальға баруды жоспарлап отырмыз. Н.Думбадзенің бір шығармасын сахналауымыз керек.
Қырғыз режиссері Ұлан Мырзамен де байланысымыз жақсы. Қазақстанға да кеңінен танылып келе жатқан талантты өнерпаз. Еліміздің үлкен театрларындағы қайталанбас қойылымдарымен көрерменді тамсандырып жүрген Әлібек Өмірбекұлымен де келісөз жүргізілуде. Өзімізден қанат қаққан Фархат Молдағалиев те – қазір сұранысқа ие мамандардың бірі. Мұның барлығы – уақыт еншісіндегі жұмыстар. Осындай танымал мамандарды өзімізге тарту үшін мол қаражат керектігі сөзсіз. Оған біздің жергілікті билік қолдау көрсетеді деген сенімдеміз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.