Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері облыстық полиция ведомствосының басқа бөлімшелерімен бірлесіп, аса ірі мөлшерде заңсыз аң аулады деген күдікпен Петропавлдың үш тұрғынын ұстады. Басқарма мамандарына Петропавл қаласы тұрғындарының бірінде тіркелмеген қарудың болуы мүмкін екендігі туралы ақпарат түскен.
27 ақпан күні таңертең “Челябі-Новосібір” тасжолының 525 шақырымында полиция қызметкерлері 28 жастағы Петропавл тұрғынының басқаруындағы “ВАЗ-2115” автокөлігін тоқтатты. Салонда облыс орталығының 29 және 30 жастағы екі тұрғыны болған. Автокөліктің жүксалғышын қарау кезінде сойылмаған 4 сібір елігі, сондай-ақ “ТОЗ” маркалы екі тіркелмеген тегіс ұңғылы мылтық, 2 патрон, гильза және басқа да аңшылық құрал-жабдықтары табылып, тәркіленді.
– Бұдан әрі іс-шараларды өткізу барысында Петропавлдағы саяжай қоғамдастығының біріндегі үйден екі еліктің мүшеленбеген еті, 41 еліктің терісі, 119 тұяқ, 12 аңның басы табылды. Бұл факті Қылмыстық кодекстің 337-бабының 3-бөлігі “заңсыз аңшылық” бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Тәркіленген қару мен аңдардың сирақ-басы, терісі мен еті сараптамаға жіберілді. Күдіктілер Петропавл қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды, – дейді ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Жандос Басыбаев.
Ұсталғандар енді заңсыз аңшылық үшін 5 мың АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуі, 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы немесе 1200 сағатқа қоғамдық жұмыстарға жегілуі мүмкін.
Нұрбек БАЕКИН,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің инспекторы.