Өңірде жұмыс істейтін кәсіпкерлердің бірі “Жаңа жол” бекеті арқылы көмір өткізбек болған. Алайда мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері кәсіпкерден қолданыстағы заңнама нормаларында белгіленбеген, яғни өнімнің технологиялық маркасын анықтайтын сапалық талдау туралы хаттама құжатын негізсіз талап еткен.
Мұндай сараптаманың құны шамамен 400 мың теңге тұрады. Серіктестік ұсынған тауардың шығу тегі мен сипаттамасын растайтын сертификат есепке алынбаған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшылығы екі тарап қатысқан кездесу ұйымдастырып, талаптың дұрыс қойылмағаны, тауардың шығу тегі жайлы құжат болса, қосымша сараптаманың қажетсіздігін түсіндірді. Осылайша шекара бекеттері арқылы жүк тасымалдауды жүзеге асыратын шағын және орта бизнес субъектілерінің тауарларын өткізудегі әкімшілік кедергі алынып тасталды.
Екатерина АУБАКИРОВА,
облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бас маманы.