“BioOperations” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өндіретін табиғи ингредиенттің экспорттық географиясы тағы да кеңейді. Жергілікті жерде қалдықсыз шығарылатын бидай глютені бұған дейін Түркия, Беларусь, Ресей Федерациясы, Италия, Нидерландыға жөнелтіліп келген болатын. Енді бұл тізімді Бразилия толықтырып отыр.
“Ақпан айында тауардың шығу тегін сертификаттау ісімен айналысатын мамандарымыз Бразилияға 45 тонна бидай глютенін жіберуге экспорттық сертификатты “BioOperations” ЖШС-не табыстады. Компания Ұлыбританияға өсімдік шикізатын терең өңдеу процесінде алынған биоотынды экспорттайтын. Бұл өнім Еуропада автомобиль отыны ретінде кеңінен қолданылады. Жүкті жөнелтуші – “GGANIC Agro Export” серіктестігі, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Бекеев.
Астықты тереңдеп өңдеумен айналысатын жоғары технологиялық кәсіпорын Тайынша қаласында орналасқан. Ол биоэтанол, бидай глютені – глютен, крахмал, ұн және мал азығын өндіреді. Бұл кәсіпорын “KazFoodProducts” компаниялар тобының әлеуетті зауыты саналады.
Сапалы өнімдер Қазақстанмен қатар алыс-жақын шетелдерге де сатылады. Тұтынушы елдердің қатарында Өзбекстан бар, оған – кебек, Ауғанстанға – ұн, Англияға – биоэтанол, Үндістанға, АҚШ-қа, Колумбияға, Түркияға, Ресей Федерациясына, Италияға, Нидерландыға бидай глютені мен крахмал жөнелтіледі.
Енді Бразилияға да экспорт жолға қойылып отыр. Алғашқы жүктің көлемі – 45 тонна. Кәсіпорында күніне шамамен 40 тонна бидай глютені өндіріледі. Мұнда астықты тереңдеп өңдеуге, нан пісіру индустриясында ұнның сапасын арттыруға баса мән беріледі, сонымен қатар ауыл шаруашылығы жануарларына арналған жемшөпті ақуызбен байыту кеңінен қолданылады.
Биылдан бастап кәсіпкерлер палатасы тарапынан барлығы 556 экспорттық сертификат берілді, бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда 30 пайызға артық.
Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.