«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Көктемгі егіс науқаны ұйымшылдықпен өткізілуі тиіс

Өмір Есқали

 u_shalabaeva@mail.ru

Өңір басшысы Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің кезекті отырысында көктемгі дала жұмыстарына дайындық және экология мен қоршаған ортаны қорғау мәселелері қаралды.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев Президенттің ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру шеңберінде атқарылып жатқан ағымдық жұмыстарға тоқталды. Биыл барлық ауыл шаруашылығы жерлерінің 3,2 млн. гектарына дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар, оның ішінде 2,5 млн. гектарға бидай, сондай-ақ 964 мың гектарға майлы дақыл, 34,1 мың гектарға картоп, 6,2 мың гектарға көкөніс отырғызу жоспарланған. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге барынша басымдық берілген. Соған орай ішкі нарықтық сұранысты қанағаттандыру үшін әлеуметтік маңызы бар өнімдермен толықтыру белгіленген. 59,2 мың тонналық 59 картоп-көкөніс қоймасына өнімдерді көктем-жаз маусымдарында қалыпты сақтауға мүмкіндік беретін салқындату жүйелері орнатылған. Дегенмен, сақтау қуаты әлі де жеткіліксіз екені ескеріліп, жаңа заманауи көкөніс қоймаларын салу қолға алыныпты. Соңғы 2 жылда 7,5 мың тонналық 2 жаңа көкөніс қоймасы іске қосылды. Биыл сыйымдылығы 10,5 мың тонналық 4 көкөніс қоймасының құрылысы басталады. Өңірде су үнемдеу технологияларын, суару жүйелерін енгізу есебінен ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің жоғары әлеуеті мен мол тәжірибесі жинақталған.

Ауыл шаруашылығы құрылымдары 488,5 мың тонна тұқыммен толық көлемде қамтамасыз етіліп, 250 мың гектар алқапқа 46,4 мың тонна элиталы тұқым себіледі. Қазақстан аймақтарынан, сондай-ақ Ресейден және Еуропа елдерінен 13 мың тоннадан астам тұқым әкелінді. Көктемгі егіс науқаны басталар алдында ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдарының сапасы, тазалық, өнгіштік, ылғалдылық, түрлі өсімдік аурулары мен зиянкестерге төзгіштік қасиеттері тексеріледі. Зертханалардың деректері бойынша толық егіс талдауына 153,9 мың тонна (38,8%) дәнді және бұршақты дақылдар тұқымы түсіп, 97 пайызы 1-ші және 2-ші сыныпқа жатқызылды. Аграршылар элиталық және 1-2 репродукция тұқымдарының артықшылықтарын әрдайым ескере бермейді.

200 мың тоннаға жуық минералды тыңайтқышты 3,0 млн. гектар алқапқа сіңіру міндеті тұр. Бүгінгі таңда 130 мың тонна тыңайтқышқа келісімшарт жасалды. Өкінішке қарай, шаруашылықтар минералды тыңайтқышты енгізудің ең төменгі нормасын ғана қолданады. Ғылыми негізделген шегі – 120 килограмм. Былтыр аграршылардың жалпы санының 12,8 пайызы ғана егістік жерлерге тыңайтқыш енгізді. Операторлар арқылы сатып алу, жеткізу жайы да қанағаттандыра бермейді. Соның салдарынан жер ұтымды пайдаланылмайды, тұқым сорттары жаңартылмайды, ауыспалы егіс жүйесінің талаптары сақталмайды. “Арай астық Групп”, “Лина”, “Үлгі жер”, “Нұрбаско”, Даренко”, “Янтарь-98″, “АГРОМИР”, “Агро-Бинар” сияқты серіктестіктер мен шаруа қожалықтарының әр гектардан 6,9-2,2 центнерден ғана өнім жинауы сын көтермейді.

Қазіргі уақытта ты­ңайтқыш са­тып алу және алдын ала ақы төлеу шараларын жандандыру қажет. Ми­нералды тыңайтқыштар­ды енгізу­дің, ауыл шаруашылығы мақ­сатын­дағы жерлерді ұтымды пайдала­нудың міндетті шарттары бұзылған жағдайда оның ақыры жер телімде­рін мемлекет иелігіне мәж­бүрлеп алып қоюға соқтырады. Мағ­жан Жұ­мабаев, Уәлиханов, Ақжар ауданда­рында шарттар жасасу жә­не төлем жұмыстары нашар жүргі­зілуде.

Мейрам Меңдібаев көктемгі да­ла жұмыстарын уақытылы әрі сапа­лы атқаруда машина-трактор паркі үлкен рөл атқаратынын атап өтті. Қыр астындағы жауапты науқанға 13068 әртүрлі маркалы трактор, 14968 астық сеялкасы, 1418 зама­науи егіс кешені қатысады деп күті­лу­де. Былтыр 81,1 млрд. теңгеге 2408 техника бірлігі сатып алынды. Олардың 472-і – трактор, 234-і – астық жинайтын комбайн, 59-ы – егіс кешені, 481-і – сеялка. Биыл 69,5 млрд. теңгеге 2370 техника бірлігі әкелінбек. Машина-трактор паркін жаңартуды қарқынды түрде жүргізген жөн. Өйткені, жұмыс істеп тұрған техникалардың 73 пайызы­ның қызметі он жылдан асқан. Осы себепті аграршылар өткен жылы 2841 техиканы есептен шығарула­рына тура келген.

Көктемгі дала жұмыстарына 76,3 мың тонна дизель отыны жеңіл­дікті бағамен босатылады. Бүгінге дейін 18,6 мың тонна жанар-жағар­май жеткізуге келісімшарт жаса­лып, ақысы төленді. Бұл іс Айыртау, Мағжан Жұмабаев, Ақжар, Жамбыл аудандарында сылбыр атқарылуда.

“Биыл мемлекет тарапынан субсидия түрінде 59,6 млрд. теңге қаржылық қолдау көрсетіледі. Оның 19,6 млрд.теңгесі – егіншілікке, 9,6 млрд. теңгесі мал шаруашылығына ба­ғыт­талады”, – деді баяндамашы.

Екінші мәселе бойынша табиғат ресурстары және табиғатты пайда­лануды реттеу басқармасының бас­шысы Бейбіт Исманов пен экология департаментінің жетекшісі Азамат Бектасовтың есептері тыңдалды.

Баяндамашылардың сөздеріне қарағанда, өңірде экологиялық проблемаларды кешенді шешудің жол картасы бекітілген. Жасыл бел­деуді дамыту мақсатында мемле­кеттік қор аумағында ормандарды молықтыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. 2021-2025 жылдарға арналған бағдарлама аясында 20 мың гектар алқапқа 100 млн. түп кө­шет отырғызу белгіленген.

Бүгінгі күні қатты қалдықтарды орналастыратын 453 нысан бол­са,11 полигонның ғана рұқсат беру құ­жаттамасы рәсімделген. Ғарыш­тан мониторинг жүргізу арқылы 232 рұқсат етілмеген қалдықтарды үйіп-жинайтын орын анықталған. Әсіре­се, облыс орталығындағы ҚТҚ поли­гондарының қазіргі қолданыс­тағы жайы экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкес келмейді. Осы себепті жылдың соңына дейін 9 ау­данда ҚТҚ полигондарын салу жос­парланған.

Алқалы жиында “Қазгидромет” республикалық мемлекеттік кәсіп­орыны облыстық филиалының ди­ректоры Қымбат Мерғалимова ал­дағы кезеңде күтілетін агрометеоро­гиялық болжам туралы айтып берді.

Отырысты қо­рытындылаған Ай­дар­бек Сапа­ров көктемгі егіс нау­қанын ұйымшыл­дық­пен өткізудің кезек күттірмес міндеттерін бел­гілеп, аудан әкімдері мен тиісті ве­домостволарға барлық мүмкіндік­терді жұмылдыру талабын қойды. Қоршаған ортаны таза ұстау, эко­логияны сақтау бұлжымас қағи­да­ға айналу қажеттігін атап көрсетті. Күн тәртібінде қаралып, талқылан­ған мәселелер бойынша қабыл­данған шешімдерді бақылауды орынба­сарларына жүктеді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltustik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp