«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СОЛТҮСТІКТЕГІ СОНЫ БАСТАМАЛАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халықтың әл-ауқатының артуы ел экономикасының дамуына тіке­лей байланысты. Кәсіпорындар ке­дергісіз жұмыс істеп, өндіріс өркен­десе, өңірлер де қуатты болмақ. Бұл орайда отандық бизнестің арқалай­тын жүгі ауыр. Бүгінгідей қымбат­шы­лыққа тоқ­тау салудың да бір жолы жергілікті тауарөндірушілерді қолдау болмақ. Бұдан бөлек шетелдік ин­весторлардың қызығушылығын оя­тып, елімізге қаржы тарту да – Тә­уел­сіздік алғалы бері алға қойып отырған мақсаттарымыздың бірі. Қолайлы ахуал туындаса, өз­гелер де Қазақстанға қаржысын күмәнданбай құятын болады. Бұл соңғы жылдары көрші елден келіп жатқан кәсіп­кер­лерге де қа­тысты. Олардың арасын­да банктер мен IT компаниялардан бөлек, өңдеу өнеркәсібінің өкілдері де бар. Өткен жылдың өзінде шикі­зат­тық емес бағыттағы 50 компания Қазақстанға релокация жасауға ниет білдірген. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда инвести­циялық капитал үшін жаһандық кү­рес жүріп жатқанын айтып, осындай сәтте шетелдік бизнестің елімізде өркен жаюына қолайлы жағдай жа­сауды тапсырғаны белгілі. Содан бе­рі көптеген келіссөздер жүргізіліп, жаңа жобалардың іргетасы қа­лана бастады. Бұл жұмыстар көп ұзамай өз нәтижесін беріп, отандық нарықта жаңа брендтер пайда болды. Соның ішінде Қызыл­жарда да өндірісін ашып, жаңа бағытта жұмыс істеуге ниеттілердің қатары артқаны бай­қалады. Мұның бәрі облыс экономи­касына оң серпін бермек.

“Qyzyljar”-ға қызығушылық жоғары

Өңір экономикасының әлеуетін арттыру мақсатында 2019 жылы “Qy­zyljar” арнайы экономикалық аймағы құрылған болатын. Содан бері мұнда бірнеше озық жоба жүзеге асып, сәт­ті тәжірибелер жүргізілуде. Жал­пы ау­даны 212 гектар және 4 қосалқы ай­мақтан тұрады. Елдегі ең соңғы құ­рыл­ған экономикалық аймақтар­дың бі­рі бола тұра кәсіпкерлер тара­пы­нан сұранысқа ие. Айталық, 2019-2022 жылдар аралығында 7 қа­ты­су­шы тіркеліп, 2-еуі өз жобасын іске асы­­рып үлгерсе, қалған 5-уі тәжірибе сатысында. Аталмыш аймақтың жұ­мысы ел экономикасының дүние­жү­зілік экономикалық байланыстар жү­йе­сіне енуін күшейту, жоғары тех­но­логиялық және бәсекеге қабілетті өн­дірістерді құру, өнімнің жаңа түрле­рін өндіру, инвестиция тарту, өңір­ді жедел дамыту, сондай-ақ әлеу­мет­тік мәселелерді шешуге бағыт­талған.

Жүзеге асырылған жобалардың бірі – Петропавл электротехникалық зауытында трансформаторлар өнді­рілуде. Жоба құны 10 млрд. теңгені құрайды, 310 жұмыс орны ашылған, өндіріс қуаттылығы жылына 13 мың трансформатор өндіруге жетеді. 2022 жылдың қорытындысы бойын­ша барлығы 1318 трансформатор шығарылса, оның 94,6 пайызы Ре­сейге экспортталып, қалғаны еліміз­де сатылды.

Ал “ST Assembly” серіктестігі “CLAAS” ауыл шаруашылығы техни­касын құрастыруды бастады. Жо­ба­ның құны – 2,5 млрд. теңге, өндірістік қуаты жылына 300 техника шығаруға жететін серіктестік 100 жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Мұнда 2021 жылы 92 комбайн шығарылса, өткен жылы 332 техника құрастырылды. Ал 2023 жылы тағы 100 трактор, 166 ком­байн, 149 астық жинағыш, 63 тұ­қым се­бу кешенін құрастыру жос­пар­ла­нуда. Осылайша облыс диқан­да­ры егін жинау кезінде ысырапты азай­тып, жетекші әлемдік бренд­тер­дің өнімділігі жоғары техникаларын са­тып алу мүмкіндігіне ие болып отыр.

Арнайы аймақтың артықшылығы

“Qyzyljar” экономикалық айма­ғына инвесторларды тарту үшін, онда жұмыс істейтін зауыт, фабри­каларға бірқатар жеңілдіктер қарас­тырылған. Ең басты артықшылығы – мұндай мүмкіндік солтүстіктегі өңір­лердің ішінде тек біздің облыста ғана бар. Мұнда қаржы құятын инвес­тор­лар салықтан босатылады. Шикізат пен қондырғылар әкелу үшін де ке­дендік төлемдер алынбайды.

Бұдан бөлек арнайы аймақта жұмыс істейтін кәсіпорындарға инфраструктура тартуға да мемле­мет жәрдемдеседі. Қаладағы жылу-электр орталығына жақын орна­ласуы да көптеген мүмкіндіктерге жол ашпақ. Бюджет қаржысы есе­бінен жылу магистралін тарту да жос­парда бар. “Qyzyljar”-ды болашақта газға қосу жоспарланған. Осылайша кәсіпорындарға кедергісіз жұмыс істтеуге қажетті жылу, су, электр энергиясы қолжетімді болмақ.

Облыс басшылығы болашақта қала іргесіндегі иен жатқан жерлерді өндірістің қайнаған орталығына ай­налдырмақ. Оның қарапайым тұр­ғындарға да берері мол болмақ. Атап айт­қанда мұнда 90 млрд. теңге инвестиция тартылып, 1,5 мың жаңа жұ­­мыс орны ашылмақ. Бүгіннің өзін­де мұнда жүздеген адам еңбек етуде.

“Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағы тек шетелдік инвесторлар үшін ғана емес, отандық тауар өнді­ру­шілер үшін де құрылғанын атап өт­кен жөн. Бір сөзбен айтқанда, облы­­сымызда болмаған өндіріс орын­да­рын ашатын инвесторлар үшін тиімді әрі жан-жақты қолдау көрсеті­леді.

Жүзеге асатын жобалар

Экономикалық аймақта тағы қан­да өзгерістер орын алатынын “Qy­zyljar” арнайы экономикалық айма­ғының бас менеджері Әмина Айсина айтып берді. Оның сөзінше, алдағы жылдары мұнда ашылатын өндіріс түрлері өте көп екен.

– “АТМ Петропавл ауруханасы” серіктестігінің 480 орындық көпсала­лы аурухана салу жобасын ерекше атап өтуге болды. Жоба инвесторы – “YDA Holding” компаниясы. Инвес­тиция көлемі 115 млрд. теңгені құрап, 1365 жұмыс орны ашылады. Жеңіл болаттан жасалған жұқа қабырғалы конструкцияларды өндіретін “Завод ЛСТК” зауыты да – тың жобалардың бірі. Бұл жобаның бірегейлігі жеңіл болаттан жасалған конструк­циялар­ды пайдалану арқылы ғимараттар мен құрылыстарда уақыт пен шы­ғын­ды үнемдеуге мүмкіндік бере­тіндігінде, өйткені пайдаланылатын металдың үлес салмағы 1 шаршы метр үшін 25-30 пайызға аз. Өнді­ріс­тік циклде зауыт жылына 4000 тон­наға дейін өнім шығарады. Жоба­лық инвестиция көлемі 1,3 млрд. теңгені құрайды, – дейді бас менеджер.

Немістің “Reimann” компаниясы да осында ауыл шаруашылығы тех­никасының тіркемелерін құрасты­руды жоспарлап отыр. Жобаның құ­ны 1,4 млрд. теңгені құраса, қуат­тылығы жылына 150 жабдық шыға­руға жетеді. Тіркемелерді құрастыру ісіне 52 адам жұмылдырылған. Ал ресейлік инвестор темірбетон құ­быр­ларын шығаратын “GORTEK.KZ” зауытына 2,9 млрд. теңге қаржы құй­мақ. Аталған зауытта да 40 ма­ман еңбек етпек. Жаңа инновациялық технологияларды қолдану арқылы өндірілген өнімдер құрылыс жұмыс­та­рын жоғары тиімділікпен жүргізуге және уақыт пен қаржыны үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл өнімдер елі­міздің тұтыну нарығында да, Қазақ­станнан тыс жерлерде де жоғары сұранысқа ие.

Бас менеджер Әмина Айсина “Норд Панельс” серіктестігінің фа­нера және ДСП шығаратын зауыты құ­рылысының басталғанын жеткізді. Жылына 80 мың шаршы метр өнім шығарып, жарты мың адам еңбек ететін зауыт құрылысы 8 млрд. тең­гені құрайды. Қазақстан нарығының құрылыс және жиһаз өнеркәсібін жоғары сапалы материалдармен қамтамасыз етумен қатар өнімді ТМД елдері мен Еуропаға да экс­порттауға болады. Ірі кәсіпорын биылғы жылдың желтоқсан айында өз жұмысын бастамақ.

Сондай-ақ “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағында тағы 4 ин­вестициялық жоба әзірленуде. Ал­ғаш­қысы – жылына 150 ауыл ша­руашылығы техникасын құрастыра­тын “Казтехмаш” машина жасау за­уы­ты. Жоба 4,5 млрд. теңгеге баға­ланып, 60 адам жұмыс істемек. Со­нымен қатар дүние жүзіндегі 100 ірі кон­дитерлік компанияның бірі сана­ла­тын Ресейден келген ірі өндіруші “Хлебпром” АҚ облысымызда жылына шамамен 15 мың тонна өнім шығаратын ірі өндіріс орнын салуды көздеп отыр. Инвестициялардың көлемі шамамен 34,5 млрд. теңгеге жетеді. 2024 жылдан бастап 378 адам жұмысқа тартылады.

Жылына 37 млн. дана керамика­лық кірпіш өндіретін “TFA GROUP” зауытының құны – 9,2 млрд. теңге. Ал “Атамекен-Агро Ойлс” қуатты­лығы тәулігіне 1200 тонна болатын мұнай өңдеу зауытын салуды жос­парлап отыр. Инвестиция көлемі де аз емес, 19,0 млрд. теңге. Осылайша 250-ден астам адам тұрақты жұ­мысқа қол жеткізеді. “Планета-Центр” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болса баспасы бар иілгіш қаптаманың жоғары технологиялық өндірісін құруды, ал “Баспа түсі” ком­паниясы полиграфиялық бояулар өнді­руді көздеп отыр.

Тарихы терең “темір тұлпар”

Өткен жылы өңірде өндірісін бас­таған кәсіпорындардың арасында ресейлік “Урал” бренді де бар. Ком­пания ұзақ жылдар бойы әлемге та­нымал “Урал” мотоциклдерін шы­ға­рып келеді. Бұл мотоциклдер жол талғамайтындығымен ерекшелене­ді. Ол алғаш өткен ғасырдың қыр­қыншы жылдары неміс мотоциклде­рінің үлгісімен жасала бастаған. Содан бері зауыт небір қиын кезеңді бастан өткеріп, атағы жер жарған жылдарды да, жабылудың аз ақ алдында қалған тоқырауды да бас­тан өткерді. Белгілі брендттің тұты­нушылар сеніміне ие болғаны сонша кей елдер тіркемелі мотоциклдерді әскери мақсатта да пайдалана бас­тапты. “Урал” маркасын әлемге әй­гілі фильмдерден жиі көруге болады.

1941 жылдан бері құрастырылып келе жатқан үш дөңгелекті көлікте көп өзгеріс орын алғанымен, өткен күн­дерді еске салатын ретро ди­зай­ны сол күйі қалған. Бір қызығы мо­тоциклдің бұл түрі Ресейден гөрі шетелдерде сұранысқа ие. Америка, Еуропа, Азия, тіпті Африка құрлығы­нан да кездестіруге болады. Жыл сайын дүние жүзінде мыңнан аса “Урал” сатылады. Алайда өткен жы­лы көрші елдің Ирбит қаласында­ғы зауыт логистикалық кедергілердің салдарынан кей бөлшектерді жеткі­зе алмай, өз өнімін шетелге сатуда қиындыққа тап болған. Зауыт бас­шылығы күрделі жағдайдан шығу әрі логистикалық кедергілерге ұрынбау үшін былтырғы жылдың тамыз айында Қызылжарда құрастыру алаңын ашқан. Содан бері теріскейде 600 “Урал” шығарылған.

Кәсіпорын басшылары үшін де мұн­дай шешімге келу оңай болма­ғаны анық. Олар алдымен облыс орталығына келіп, осындағы жағдай­мен танысып, болашақ өндіріс ор­нына қажет ғимарат іздеген. Өңі­ріміздегі ахуал мен жасалатын жағ­дай көңілдерінен шыққан кәсіп­керлер теріскейге түпкілікті табан тіреген. Қызылжардың Ирбит қала­сына жақын болуы да жаңа жобаны жүзеге асыруға тиімді.

Шетелде сұранысқа ие

“IMZ Kazakhstan” зауытында жинақталған мотоциклдер түгел дер­лік экспортқа жөнелтіледі. Мә­селен бүгінде жапониялық байкерлерге ар­нап “темір тұлпарлар” құрастыруда.

– Бұл көліктерді кез келген мақ­сатта пайдалануға болады. Біздің тұтынушыларымыздың көбі 25-65 жас ара­лығындағылар. Мысалы өзге мото­циклдердің маркасын бірден айыру мүмкін емес, ал “Урал” қай жерде де танымал. Сонымен қатар оң жағын­да тіркемесі бар. Оған адам отыр­ғы­зуға немесе жүк артуға болады. Мұн­да тек қана осындай үш доңға­лақты көліктер шығарылады. Он пайызы “Урал Сити” болса, қалғаны “Gear Up” маркалы көліктер, – дейді серік­тестік директоры Георгий Курмачев.

Зауыт жаңа жұмысшыларды өндіріс басында оқытып, қайта даяр­лап шығарған. Бүгінде құрастыру ісіне 23 адам жұмылдырылған. Си­рек көлікті жинай алатын жұмыс­шыларды табу алғашында оңай бол­мағанымен, көп өтпей кадр мә­селесі оң шешіліпті. Бүгінде мұнда тер төгіп жүргендердің көбі бұрын басқа сала­ларда жұмыс істеп, көлік жөндеп, механик болғандар. Жаңа істі мең­геріп, жұмыспен қамтылған­дардың арасында Жансерік Айбас­ұлы да бар. Ол бұған дейін ауыл ша­руа­шы­лығы саласында еңбек еткен екен.

– Менің мұнда жұмыс істеп жүр­геніме бірнеше ай болды. Бірден қа­былдап, жаңа істің қыр-сырын үй­ретті. Қазір көліктің түрлі бөлшекте­рін жинақтайтын құрастырушымын. Еңбекақымыз 200 мың теңгеден асады. Жұмыс ауыр емес. Сондық­тан берілген тапсырманы тиянақты орындап отырамын. Артық еңбекке үстемақы беріледі. Жалақы уақыты­лы төленеді. Мотоцикл құрастыру ауыр емес, әрі өзіме де ұнайтын іс. Таңсық кәсіпті тез меңгеріп, шебер­лігімді шыңдап келемін, – дейді зауыт жұмысшысы.

Әзірше облыс орталығындағы зауыт тек дайын бөлшектерді құрас­тырумен айналысады. Болашақта кей­бір бөлігі осында жасалуы да мүмкін. Серіктестік директоры Геор­гий Курмачев бұл әлемде бар практика екенін айтады. Мұндағы әр жұ­мысшының мойнына жүктелген өз мін­деті бар. Біреу дөңгелектерін бұ­рап жатса, екіншісі тіркемесін бекі­теді. Ал дайын өнімнің салмағы жар­ты тоннаға да жетпейді. Кейін ол қай­тадан бірнеше бөлікке бөлініп, ша­ғын қораптармен өзге елдерге жө­нел­тіледі. Бір байқағанымыз, қа­таң ереже жоқ. Керек болған жағдайда тұтынушының сұранысына қарай мо­тоциклге түрлі өзгерістер енгізіп, жа­ңа бөлшектер де қосуға болады.

Мұндай “темір тұлпарларды” отбасылы адамдар көп алады екен. Мотоцикл бірден бірнеше адамды тасымалдауға мүкіндік береді. Тіпті оның біреуі 8 адамды көтереді. Бұдан бөлек демалыс, саяхат үшін де “Уралды” таңдайтындар көп. Әсі­ресе экстремалды демалысты жаны сүйетіндер – бұл мотоциклдің адал жанкүйерлері. Серіктестік басшы­лы­ғы да көліктерінің соған арналғанын айтады. Үш дөңгелекті көлік тау-тас­пен, сазды, сулы жерлермен еш қи­налмай жүре бе­реді. Тіпті жол тал­ғамайтын көлік­тердің көбі кептеліп қалатын жерлер­ден “Урал” қинал­май өтеді. Өндіру­шілер жол пайда бол­май тұрып, “Урал” шығарылға­нын өнімдеріне ойып жазып та қой­ған.

Мың мотоцикл құрастырмақ

Қазақстандағы мотоқұрастыру зауыты әзірше ешқандай кедергіге ұшыраған жоқ. Өндіріс жоспарға сай үздіксіз жүруде. Керекті бөлшектер­дің басым бөлігі солтүстік көршіміз­ден тасымалданады. Күніне мұнда 6 “темір тұлпар” шығарылады. Тұты­ну­шының сұранысына қарай оларды түрлі үлгіде құрастырып, бояуға болады. Бүгінде зауыт оны 200-ден астам түске бояйды. Құрас­тырылған соң мотоциклдер толық тексеруден өтеді. Тек талапқа сай көліктер ғана сатылымға шығары­лады. “Урал” өнімдері Евро-5 стан­дартына сай келіп, тұтынушылар қойған 300-ден аса талаптың үде­сінен шығып тұр.

Кәсіпорын биылғы жылға 900 көлікке тапсырыс алған. Осылайша 15 миллион доллар шамасында та­быс таппақ. Егер қажеттілік туса бұл көрсеткішті мыңнан асыруға да мүм­кіндік бар. Мұндағы ең арзан көліктің құны 20 мың доллардан басталады. Содан да болар еліміздің көшеле­рін­де үш дөңгелекті мото­цикл тізгінде­гендерді сирек кездес­тіреміз. Ал шетелдік жүргізушілер үшін бұл баға аса көп емес.

– Диллерлердің айтуынша, “Урал” ешқандай ақаусыз 50 мың километр қашықтықты бағындыра алады. Мотоциклдеріміздің қуатты­лығы 45 аттың күшіне тең. Осындай кішкентай көлікті ыңғайлы, жылдам, сапалы жасау үшін де көп нәрсе керек. Соған сай бағасы да жоғары. Алайда бұл сатылым көлеміне ке­дергі емес. Картаны алып, қай мем­лекетті алып қарасақ та онда біздің өнімдерді кездестіруге бола­ды. Машина жасау өндірісі қанша­лықты алға озып кетті десек те 85 жыл­дық тарихы бар көліктеріміз өз биігінен түскен емес. Керісінше уақыт өткен сайын құны артып, ха­лықтың қы­зығушылығын оята түсу­де. Уақыт бір орында тұрмайды. Ком­пания үне­мі жаңа жолдар іздеп, за­ман көшіне ілесіп отыруы керек. Біз­дің Қазақ­станға келгендегі мақсаты­мыз да осы, – дейді Георгий Кур­мачев.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp