Халықтың әл-ауқатының артуы ел экономикасының дамуына тікелей байланысты. Кәсіпорындар кедергісіз жұмыс істеп, өндіріс өркендесе, өңірлер де қуатты болмақ. Бұл орайда отандық бизнестің арқалайтын жүгі ауыр. Бүгінгідей қымбатшылыққа тоқтау салудың да бір жолы жергілікті тауарөндірушілерді қолдау болмақ. Бұдан бөлек шетелдік инвесторлардың қызығушылығын оятып, елімізге қаржы тарту да – Тәуелсіздік алғалы бері алға қойып отырған мақсаттарымыздың бірі. Қолайлы ахуал туындаса, өзгелер де Қазақстанға қаржысын күмәнданбай құятын болады. Бұл соңғы жылдары көрші елден келіп жатқан кәсіпкерлерге де қатысты. Олардың арасында банктер мен IT компаниялардан бөлек, өңдеу өнеркәсібінің өкілдері де бар. Өткен жылдың өзінде шикізаттық емес бағыттағы 50 компания Қазақстанға релокация жасауға ниет білдірген. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда инвестициялық капитал үшін жаһандық күрес жүріп жатқанын айтып, осындай сәтте шетелдік бизнестің елімізде өркен жаюына қолайлы жағдай жасауды тапсырғаны белгілі. Содан бері көптеген келіссөздер жүргізіліп, жаңа жобалардың іргетасы қалана бастады. Бұл жұмыстар көп ұзамай өз нәтижесін беріп, отандық нарықта жаңа брендтер пайда болды. Соның ішінде Қызылжарда да өндірісін ашып, жаңа бағытта жұмыс істеуге ниеттілердің қатары артқаны байқалады. Мұның бәрі облыс экономикасына оң серпін бермек.
“Qyzyljar”-ға қызығушылық жоғары
Өңір экономикасының әлеуетін арттыру мақсатында 2019 жылы “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағы құрылған болатын. Содан бері мұнда бірнеше озық жоба жүзеге асып, сәтті тәжірибелер жүргізілуде. Жалпы ауданы 212 гектар және 4 қосалқы аймақтан тұрады. Елдегі ең соңғы құрылған экономикалық аймақтардың бірі бола тұра кәсіпкерлер тарапынан сұранысқа ие. Айталық, 2019-2022 жылдар аралығында 7 қатысушы тіркеліп, 2-еуі өз жобасын іске асырып үлгерсе, қалған 5-уі тәжірибе сатысында. Аталмыш аймақтың жұмысы ел экономикасының дүниежүзілік экономикалық байланыстар жүйесіне енуін күшейту, жоғары технологиялық және бәсекеге қабілетті өндірістерді құру, өнімнің жаңа түрлерін өндіру, инвестиция тарту, өңірді жедел дамыту, сондай-ақ әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған.
Жүзеге асырылған жобалардың бірі – Петропавл электротехникалық зауытында трансформаторлар өндірілуде. Жоба құны 10 млрд. теңгені құрайды, 310 жұмыс орны ашылған, өндіріс қуаттылығы жылына 13 мың трансформатор өндіруге жетеді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша барлығы 1318 трансформатор шығарылса, оның 94,6 пайызы Ресейге экспортталып, қалғаны елімізде сатылды.
Ал “ST Assembly” серіктестігі “CLAAS” ауыл шаруашылығы техникасын құрастыруды бастады. Жобаның құны – 2,5 млрд. теңге, өндірістік қуаты жылына 300 техника шығаруға жететін серіктестік 100 жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Мұнда 2021 жылы 92 комбайн шығарылса, өткен жылы 332 техника құрастырылды. Ал 2023 жылы тағы 100 трактор, 166 комбайн, 149 астық жинағыш, 63 тұқым себу кешенін құрастыру жоспарлануда. Осылайша облыс диқандары егін жинау кезінде ысырапты азайтып, жетекші әлемдік брендтердің өнімділігі жоғары техникаларын сатып алу мүмкіндігіне ие болып отыр.
Арнайы аймақтың артықшылығы
“Qyzyljar” экономикалық аймағына инвесторларды тарту үшін, онда жұмыс істейтін зауыт, фабрикаларға бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Ең басты артықшылығы – мұндай мүмкіндік солтүстіктегі өңірлердің ішінде тек біздің облыста ғана бар. Мұнда қаржы құятын инвесторлар салықтан босатылады. Шикізат пен қондырғылар әкелу үшін де кедендік төлемдер алынбайды.
Бұдан бөлек арнайы аймақта жұмыс істейтін кәсіпорындарға инфраструктура тартуға да мемлемет жәрдемдеседі. Қаладағы жылу-электр орталығына жақын орналасуы да көптеген мүмкіндіктерге жол ашпақ. Бюджет қаржысы есебінен жылу магистралін тарту да жоспарда бар. “Qyzyljar”-ды болашақта газға қосу жоспарланған. Осылайша кәсіпорындарға кедергісіз жұмыс істтеуге қажетті жылу, су, электр энергиясы қолжетімді болмақ.
Облыс басшылығы болашақта қала іргесіндегі иен жатқан жерлерді өндірістің қайнаған орталығына айналдырмақ. Оның қарапайым тұрғындарға да берері мол болмақ. Атап айтқанда мұнда 90 млрд. теңге инвестиция тартылып, 1,5 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бүгіннің өзінде мұнда жүздеген адам еңбек етуде.
“Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағы тек шетелдік инвесторлар үшін ғана емес, отандық тауар өндірушілер үшін де құрылғанын атап өткен жөн. Бір сөзбен айтқанда, облысымызда болмаған өндіріс орындарын ашатын инвесторлар үшін тиімді әрі жан-жақты қолдау көрсетіледі.
Жүзеге асатын жобалар
Экономикалық аймақта тағы қанда өзгерістер орын алатынын “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағының бас менеджері Әмина Айсина айтып берді. Оның сөзінше, алдағы жылдары мұнда ашылатын өндіріс түрлері өте көп екен.
– “АТМ Петропавл ауруханасы” серіктестігінің 480 орындық көпсалалы аурухана салу жобасын ерекше атап өтуге болды. Жоба инвесторы – “YDA Holding” компаниясы. Инвестиция көлемі 115 млрд. теңгені құрап, 1365 жұмыс орны ашылады. Жеңіл болаттан жасалған жұқа қабырғалы конструкцияларды өндіретін “Завод ЛСТК” зауыты да – тың жобалардың бірі. Бұл жобаның бірегейлігі жеңіл болаттан жасалған конструкцияларды пайдалану арқылы ғимараттар мен құрылыстарда уақыт пен шығынды үнемдеуге мүмкіндік беретіндігінде, өйткені пайдаланылатын металдың үлес салмағы 1 шаршы метр үшін 25-30 пайызға аз. Өндірістік циклде зауыт жылына 4000 тоннаға дейін өнім шығарады. Жобалық инвестиция көлемі 1,3 млрд. теңгені құрайды, – дейді бас менеджер.
Немістің “Reimann” компаниясы да осында ауыл шаруашылығы техникасының тіркемелерін құрастыруды жоспарлап отыр. Жобаның құны 1,4 млрд. теңгені құраса, қуаттылығы жылына 150 жабдық шығаруға жетеді. Тіркемелерді құрастыру ісіне 52 адам жұмылдырылған. Ал ресейлік инвестор темірбетон құбырларын шығаратын “GORTEK.KZ” зауытына 2,9 млрд. теңге қаржы құймақ. Аталған зауытта да 40 маман еңбек етпек. Жаңа инновациялық технологияларды қолдану арқылы өндірілген өнімдер құрылыс жұмыстарын жоғары тиімділікпен жүргізуге және уақыт пен қаржыны үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл өнімдер еліміздің тұтыну нарығында да, Қазақстаннан тыс жерлерде де жоғары сұранысқа ие.
Бас менеджер Әмина Айсина “Норд Панельс” серіктестігінің фанера және ДСП шығаратын зауыты құрылысының басталғанын жеткізді. Жылына 80 мың шаршы метр өнім шығарып, жарты мың адам еңбек ететін зауыт құрылысы 8 млрд. теңгені құрайды. Қазақстан нарығының құрылыс және жиһаз өнеркәсібін жоғары сапалы материалдармен қамтамасыз етумен қатар өнімді ТМД елдері мен Еуропаға да экспорттауға болады. Ірі кәсіпорын биылғы жылдың желтоқсан айында өз жұмысын бастамақ.
Сондай-ақ “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағында тағы 4 инвестициялық жоба әзірленуде. Алғашқысы – жылына 150 ауыл шаруашылығы техникасын құрастыратын “Казтехмаш” машина жасау зауыты. Жоба 4,5 млрд. теңгеге бағаланып, 60 адам жұмыс істемек. Сонымен қатар дүние жүзіндегі 100 ірі кондитерлік компанияның бірі саналатын Ресейден келген ірі өндіруші “Хлебпром” АҚ облысымызда жылына шамамен 15 мың тонна өнім шығаратын ірі өндіріс орнын салуды көздеп отыр. Инвестициялардың көлемі шамамен 34,5 млрд. теңгеге жетеді. 2024 жылдан бастап 378 адам жұмысқа тартылады.
Жылына 37 млн. дана керамикалық кірпіш өндіретін “TFA GROUP” зауытының құны – 9,2 млрд. теңге. Ал “Атамекен-Агро Ойлс” қуаттылығы тәулігіне 1200 тонна болатын мұнай өңдеу зауытын салуды жоспарлап отыр. Инвестиция көлемі де аз емес, 19,0 млрд. теңге. Осылайша 250-ден астам адам тұрақты жұмысқа қол жеткізеді. “Планета-Центр” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болса баспасы бар иілгіш қаптаманың жоғары технологиялық өндірісін құруды, ал “Баспа түсі” компаниясы полиграфиялық бояулар өндіруді көздеп отыр.
Тарихы терең “темір тұлпар”
Өткен жылы өңірде өндірісін бастаған кәсіпорындардың арасында ресейлік “Урал” бренді де бар. Компания ұзақ жылдар бойы әлемге танымал “Урал” мотоциклдерін шығарып келеді. Бұл мотоциклдер жол талғамайтындығымен ерекшеленеді. Ол алғаш өткен ғасырдың қырқыншы жылдары неміс мотоциклдерінің үлгісімен жасала бастаған. Содан бері зауыт небір қиын кезеңді бастан өткеріп, атағы жер жарған жылдарды да, жабылудың аз ақ алдында қалған тоқырауды да бастан өткерді. Белгілі брендттің тұтынушылар сеніміне ие болғаны сонша кей елдер тіркемелі мотоциклдерді әскери мақсатта да пайдалана бастапты. “Урал” маркасын әлемге әйгілі фильмдерден жиі көруге болады.
1941 жылдан бері құрастырылып келе жатқан үш дөңгелекті көлікте көп өзгеріс орын алғанымен, өткен күндерді еске салатын ретро дизайны сол күйі қалған. Бір қызығы мотоциклдің бұл түрі Ресейден гөрі шетелдерде сұранысқа ие. Америка, Еуропа, Азия, тіпті Африка құрлығынан да кездестіруге болады. Жыл сайын дүние жүзінде мыңнан аса “Урал” сатылады. Алайда өткен жылы көрші елдің Ирбит қаласындағы зауыт логистикалық кедергілердің салдарынан кей бөлшектерді жеткізе алмай, өз өнімін шетелге сатуда қиындыққа тап болған. Зауыт басшылығы күрделі жағдайдан шығу әрі логистикалық кедергілерге ұрынбау үшін былтырғы жылдың тамыз айында Қызылжарда құрастыру алаңын ашқан. Содан бері теріскейде 600 “Урал” шығарылған.
Кәсіпорын басшылары үшін де мұндай шешімге келу оңай болмағаны анық. Олар алдымен облыс орталығына келіп, осындағы жағдаймен танысып, болашақ өндіріс орнына қажет ғимарат іздеген. Өңіріміздегі ахуал мен жасалатын жағдай көңілдерінен шыққан кәсіпкерлер теріскейге түпкілікті табан тіреген. Қызылжардың Ирбит қаласына жақын болуы да жаңа жобаны жүзеге асыруға тиімді.
Шетелде сұранысқа ие
“IMZ Kazakhstan” зауытында жинақталған мотоциклдер түгел дерлік экспортқа жөнелтіледі. Мәселен бүгінде жапониялық байкерлерге арнап “темір тұлпарлар” құрастыруда.
– Бұл көліктерді кез келген мақсатта пайдалануға болады. Біздің тұтынушыларымыздың көбі 25-65 жас аралығындағылар. Мысалы өзге мотоциклдердің маркасын бірден айыру мүмкін емес, ал “Урал” қай жерде де танымал. Сонымен қатар оң жағында тіркемесі бар. Оған адам отырғызуға немесе жүк артуға болады. Мұнда тек қана осындай үш доңғалақты көліктер шығарылады. Он пайызы “Урал Сити” болса, қалғаны “Gear Up” маркалы көліктер, – дейді серіктестік директоры Георгий Курмачев.
Зауыт жаңа жұмысшыларды өндіріс басында оқытып, қайта даярлап шығарған. Бүгінде құрастыру ісіне 23 адам жұмылдырылған. Сирек көлікті жинай алатын жұмысшыларды табу алғашында оңай болмағанымен, көп өтпей кадр мәселесі оң шешіліпті. Бүгінде мұнда тер төгіп жүргендердің көбі бұрын басқа салаларда жұмыс істеп, көлік жөндеп, механик болғандар. Жаңа істі меңгеріп, жұмыспен қамтылғандардың арасында Жансерік Айбасұлы да бар. Ол бұған дейін ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен екен.
– Менің мұнда жұмыс істеп жүргеніме бірнеше ай болды. Бірден қабылдап, жаңа істің қыр-сырын үйретті. Қазір көліктің түрлі бөлшектерін жинақтайтын құрастырушымын. Еңбекақымыз 200 мың теңгеден асады. Жұмыс ауыр емес. Сондықтан берілген тапсырманы тиянақты орындап отырамын. Артық еңбекке үстемақы беріледі. Жалақы уақытылы төленеді. Мотоцикл құрастыру ауыр емес, әрі өзіме де ұнайтын іс. Таңсық кәсіпті тез меңгеріп, шеберлігімді шыңдап келемін, – дейді зауыт жұмысшысы.
Әзірше облыс орталығындағы зауыт тек дайын бөлшектерді құрастырумен айналысады. Болашақта кейбір бөлігі осында жасалуы да мүмкін. Серіктестік директоры Георгий Курмачев бұл әлемде бар практика екенін айтады. Мұндағы әр жұмысшының мойнына жүктелген өз міндеті бар. Біреу дөңгелектерін бұрап жатса, екіншісі тіркемесін бекітеді. Ал дайын өнімнің салмағы жарты тоннаға да жетпейді. Кейін ол қайтадан бірнеше бөлікке бөлініп, шағын қораптармен өзге елдерге жөнелтіледі. Бір байқағанымыз, қатаң ереже жоқ. Керек болған жағдайда тұтынушының сұранысына қарай мотоциклге түрлі өзгерістер енгізіп, жаңа бөлшектер де қосуға болады.
Мұндай “темір тұлпарларды” отбасылы адамдар көп алады екен. Мотоцикл бірден бірнеше адамды тасымалдауға мүкіндік береді. Тіпті оның біреуі 8 адамды көтереді. Бұдан бөлек демалыс, саяхат үшін де “Уралды” таңдайтындар көп. Әсіресе экстремалды демалысты жаны сүйетіндер – бұл мотоциклдің адал жанкүйерлері. Серіктестік басшылығы да көліктерінің соған арналғанын айтады. Үш дөңгелекті көлік тау-таспен, сазды, сулы жерлермен еш қиналмай жүре береді. Тіпті жол талғамайтын көліктердің көбі кептеліп қалатын жерлерден “Урал” қиналмай өтеді. Өндірушілер жол пайда болмай тұрып, “Урал” шығарылғанын өнімдеріне ойып жазып та қойған.
Мың мотоцикл құрастырмақ
Қазақстандағы мотоқұрастыру зауыты әзірше ешқандай кедергіге ұшыраған жоқ. Өндіріс жоспарға сай үздіксіз жүруде. Керекті бөлшектердің басым бөлігі солтүстік көршімізден тасымалданады. Күніне мұнда 6 “темір тұлпар” шығарылады. Тұтынушының сұранысына қарай оларды түрлі үлгіде құрастырып, бояуға болады. Бүгінде зауыт оны 200-ден астам түске бояйды. Құрастырылған соң мотоциклдер толық тексеруден өтеді. Тек талапқа сай көліктер ғана сатылымға шығарылады. “Урал” өнімдері Евро-5 стандартына сай келіп, тұтынушылар қойған 300-ден аса талаптың үдесінен шығып тұр.
Кәсіпорын биылғы жылға 900 көлікке тапсырыс алған. Осылайша 15 миллион доллар шамасында табыс таппақ. Егер қажеттілік туса бұл көрсеткішті мыңнан асыруға да мүмкіндік бар. Мұндағы ең арзан көліктің құны 20 мың доллардан басталады. Содан да болар еліміздің көшелерінде үш дөңгелекті мотоцикл тізгіндегендерді сирек кездестіреміз. Ал шетелдік жүргізушілер үшін бұл баға аса көп емес.
– Диллерлердің айтуынша, “Урал” ешқандай ақаусыз 50 мың километр қашықтықты бағындыра алады. Мотоциклдеріміздің қуаттылығы 45 аттың күшіне тең. Осындай кішкентай көлікті ыңғайлы, жылдам, сапалы жасау үшін де көп нәрсе керек. Соған сай бағасы да жоғары. Алайда бұл сатылым көлеміне кедергі емес. Картаны алып, қай мемлекетті алып қарасақ та онда біздің өнімдерді кездестіруге болады. Машина жасау өндірісі қаншалықты алға озып кетті десек те 85 жылдық тарихы бар көліктеріміз өз биігінен түскен емес. Керісінше уақыт өткен сайын құны артып, халықтың қызығушылығын оята түсуде. Уақыт бір орында тұрмайды. Компания үнемі жаңа жолдар іздеп, заман көшіне ілесіп отыруы керек. Біздің Қазақстанға келгендегі мақсатымыз да осы, – дейді Георгий Курмачев.
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.