Петропавлда 1 наурыздан бастап 15 пен 18 жастағы жасөспірімдер қалаішілік қоғамдық көліктерде 50 пайыздық жеңілдікпен жүретін болды. Ол үшін баланың қолында жасын растайтын құжаты болса жеткілікті.
Петропавл қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс орталығында мұндай жеңілдік бұрыннан бар, бірақ ол 7 мен 15 жастағы мектеп оқушылары үшін ғана қолданылып келген. Облыс орталығында бұл жастағы балалардың саны 22 мыңнан асады. Енді олардың қатарына 15 пен 18 жастағы 3 мыңнан астам өрен қосылып отыр.
“Қалаішілік автобустарда 50 пайыз жеңілдікпен жүру үшін бала өзімен бірге жасын растайтын құжатты алып жүруі тиіс немесе жол картасын сатып алуына болады. Жол картасын Петропавлдағы Жамбыл Жабаев көшесі, 174 үй, 1 қабат, № 9 кабинеттен немесе Нұрсұлтан Назарбаев көшесі, 246 үйде орналасқан “Караван” дүкенінен алуға болады. Нәтижесінде жолақы үшін қолма-қол ақша төлесе – 65 теңге береді, ал егер жол картасымен есеп айырысса, онда жолақысы 40 теңге болмақ”, – дейді қала әкімінің баспасөз хатшысы Эльмира Сәдуақасова.
Петропавлда бұдан басқа 12 санатқа жататын азаматтар қалалық қоғамдық көлікте тегін жүре алады. Олар: бірінші және екінші топтағы мүгедектер, 16 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалар, барлық топтағы 16 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар, 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері және оларға теңестірілгендер, басқа мемлекеттер аумағында орын алған ұрыс қимылдарының ардагерлері, “Алтын алқа”, “Күміс алқа” иегерлері тағы басқалар.
“Петропавлда қоғамдық көлікте тегін жүруге құқы бар 9,5 мыңнан астам адам бар. Бірақ солардың тек 4,5 мыңы ғана өтініш беріп, жол картасын алды”, – дейді Эльмира Сәдуақасова.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.