“Барселона” мен “Реал” ойыншыларының есімдерін жатқа білетіндер миллионнан асады. Кезінде “Қайраттың” ойыншылары да елге танымал болды. Құрбан Бердыев, Сергей Стукашев пен Фанас Салимовтың есімдері талайдың есінде. Міне, осылармен бірге доп тепкен жерлесіміз Қанат Мұхамеджановты біреу білсе, енді біреу білмес. Ол бүгінгі таңда “Жеңіс” олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өскелең буын өкілдеріне дүниежүзіне кең таралған ойынды үйретуде аянбай тер төгуде. Ала доп шебері қандай белесті бағындырды, алдағы жоспарлары қандай, кейіпкерімізбен осы жөнінде аз-кем әңгімелескен едік.
– Қанат Өмірзақұлы, алдымен футболдағы спорттық мансабыңыз туралы толығырақ айта кетсеңіз. Спорттың бұл түріне қалай келдіңіз?
– Петропавлдағы №2 қазақ мектеп-интернатын бітіргеннен кейін бұрынғы Ушинский атындағы педагогикалық институттың дене тәрбиесі факультетіне оқуға түстім. Оны тамамдаған жылы тәртіп сақшысы болып қызмет істейтін әкем жұмыс бабымен Қарағанды облысына қоныс аударатынымызды айтты. Көп ұзамай отбасымызбен Майқұдыққа көшіп кеттік. Негізінен футболға аңсарым бала кезден ауа бастады. Күнде кешкі уақытта үйдің маңайында, аулада балалармен жиналып “Сатурн” деп аталатын команданың құрамында футбол ойнайтын едік. Анатолий Қайырбеков деген білікті жаттықтырушы бізге футболды қалай ойнау керектігін үйретті. Ол кісі менің спортқа деген құлшынысымды оятуға едәуір үлес қосты.
Қарағандының “Шахтер” клубының дайындық тобына, яғни қосалқы құрамына қабылдандым. Сол кезде қарағандылық аяқдопшылар командасы мықтылардың бірі болатын. Бұл командада мені Марат Гималемдинов жаттықтырды.
– Сізге Қазақстанның ХХ ғасырдағы үздік футболшысы деп танылған Сейілда Байшақов пен Леонид Остроушко сияқты өнегелі бапкерлердің шақыртуымен республикамыздың ең таңдаулы командасы “Қайраттың” сапында ойнау бақыты бұйырыпты. Бірақ аталған клубта тек 1982-1983 жылдары ғана ойнадыңыз. Бәрін тастап, Қызылжарға оралуыңызға не себеп болды?
– Жиырмасыншы ғасырдың 70-жылдарында еліміздің үздік қақпашысы болған Құралбек Ордабаевтың “Қайраттың” тізгінін ұстап отырған кезі еді. Әттең, аталмыш командада ойнай алмадым. Жарақат алып, елге оралуыма тура келді. Негізінен алған жарақатымнан айығып, Алматыда қалуыма болар еді. Команда мүшелері арасында пәтер алу кезегінде 7 орында тұрған едім. Баспанаға қол жеткізу үшін бірнеше жылдар қажет болды. Оның үстіне Петропавл қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Александр Липовой мен бапкерім Виктор Кукушкин де Қызылжарға қайта-қайта шақыра берді. Елге оралып маған үй берілген соң шаңырақ көтеріп, отбасын құрдым. 1984 жылы “Авангард-Петропавл” командасында, кейінірек бұрынғы Целиноград қаласының “Целинник” деген командасында ойнадым. Сондай-ақ Көкшетау қаласының “Ажар-Көкшетау” мен “Еңбек-Жезқазған” командасында да өнер көрсеттім.
– Сіз 2004 жылдан бері “Жеңіс” олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіндегі футбол үйірмесінің жаттықтырушысы болып қызмет атқарып келесіз. Мұндағы жас футболшылардың аяқалысы қалай?
– Мұнда 2006-2007 жылдары туған 20-дан астам шәкірт тәрбиелеймін. Жаттығулар аптасына 6 рет сағат 16:30-дан 20:30-ға дейін болады. Тәрбиеленушілерім жыл сайын қалалық, облыстық деңгейдегі біраз доп додаларына қатысып, жеңіске қол жеткізіп келеді. Жеткіншектерді футболдың қыр-сырына машықтандыру – мен үшін басты мақсат. Балалар да барынша талпыныс жасап, жаттығуы қажет. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде ғана жастар шеберлер, сайыпқырандар қатарына қосылады.
– Сіздің ойыңызша, бүгінгі таңда елімізде футболдың дамуын тежейтін қандай түйіткілді мәселелер бар?
– Елімізде футболдың дамуына тұсау болып отырған бірнеше мәселе өткір тұр. Оның біріншісі, отандық командалар сапында шетелдік легионерлердің көбеюі. Айтқым келгені – шеттен легионер тасығанды доғару керек. Оның есесіне, ауыл спортын дамытуды қолға алған жөн. Соларға жұмсалатын қаржыны спорт мектептерінде жүрген қазақ балаларының жағдайын жақсартып, аяқдопқа мейлінше баулуға жұмсау қажет. Ауыл-ауылдағы балаларды әкелгенде ғана нағыз қазақ футболын көре аламыз. Сонда ғана нәтиже болады. Кәсіби клубтарға бөлініп жатқан қаржыны жастар футболы мен ауылдарда спорттық нысандарға жұмсайтын кез келді деп есептеймін. Одан бөлек, футбол командаларына жалпыға бірдей шығын нормативтерін бекіту керек. Шетелдік мамандарды алаңда ойнауға емес, аяқдопшыларды даярлау мақсатында ғана тарту қажет. Ойыншыларды тек жергілікті жастардан жасақтау маңызды.
Облысымыздың өзінде футболдың жағдайы анау айтқандай жақсы емес. Футболшыларымызға ең алдымен қыс мезгілінде жаттығу жасайтын арнайы үлкен манеж керек. Петропавлда арнайы манеж бар. Бірақ оның көлемі бізге жетпейді. Сол себепті шәкірттерім жыл сайын оңтүстік өңірлерге оқу-жаттығу жиынына барып отыруға мәжбүр.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.