«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Мол өнім кепілі

Өмір Есқали

 u_shalabaeva@mail.ru

Жуырда өткен облыстық әкімдіктің отырысында өңір басшысы Айдарбек Сапаров мол өнімге негіз қалаудың басты көрсеткіші саналатын минералды тыңайтқышты ғылыми тұрғыда енгізудің, тиімді пайдаланудың маңызын атап көрсетіп, жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар берген болатын. Осыған орай аграршылар үйінде өңірдің шаруашылық жетекшілері минералдық тыңайтқыш жеткізумен айналысатын компаниялармен кездесіп, бірқатар келісімшартқа қол қойды. Олардың қатарында “Қазазот”, “Қазфосфат”, “Дархан дала”, Байтақ дала”, “ЭХК-агроцентр” секілді ірі агрохимиялық құрылымдардың дистрибьютерлік менеджерлері мен өкілдері болды.

Қазақстанда минералды тыңайтқыштардың ірі жеткізушілерінің рейтингін “Қазфосфат” компаниясы бастап тұр. Оның өнімдері егіс алқаптарына кеңінен пайдаланылады. “Казфосфат зауыты” сауда үйіне қарасты “Казкем” компаниясының аймақтық менеджері Азатхан Үсенбаевтың айтуынша, кәсіпорын 1999 жылдан бері фосфор тыңайтқышын өндіріп, еліміздің ішкі нарығын қамтамасыз етеді. Экспортқа да жөнелтіледі.

“Көктемгі егіс науқаны жақындап қалғандықтан, соған орай жергілікті фермерлерге фосфор тыңайтқышын жеңілдікпен әрі уақтылы жеткізіп берудің, екітараптық келісімдер жасаудың жолдарын түсіндіріп береміз. Республика бойынша тек аммофос тыңайтқышына 60 мың тонна өтініш қабылданды. Бағасы қолжетімді, әр тоннасы – 93 мың теңгеден. Фосфор, калий тыңайтқыштарына да сұраныс жоғары. Ең бастысы отандық өнім болып табылады. Еліміздің әр облысында арнайы қоймалар ашылған. Петропавл қаласында Матвеев көшесінде орналасқан. Теміржол қатынасы бар кез келген станцияға жеткізіп беруге әзірміз”, – деді өз сөзінде Азатхан Сәкенұлы.

Ауыл шаруашылығы министрлігі “Қазфосфат” басшылығымен келіссөз жүргізіп, қазақстандық аграршылар үшін бір тонна аммофос бағасын қалыпты деңгейде ұстауға уағдаласқан.

Жиынға келген менеджерлердің бірі Наурызбек Түсіпбаев “Қазазот” зауыты Ақтауда жұмыс істейтінін жеткізді. Отандық өнімді таңдаушылар қатары мол. Басқалармен салыстырғанда бағасы арзан. Жылына 160 мың тоннаға жуық селитра тыңайтқышы сатылады. Қызылжар өңірі бойынша – 25 мың тонна болса, 22 мың тоннаға келісімшарт жасалыпты.

“Бай дала”, “Дархан дала” компаниялары да қоймалар желісі мен логистика жағынан жақсы дамыған. Олардың өкілдері топырақты агрохимиялық талдау, тыңайтқыш енгізу, барынша тиімділікке қол жеткізу, егістік құнарлылығын арттыру тәжірибелерімен бөлісті.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев биыл барлық ауыл шаруашылығы алқабы 4,5 млн. гектарды құрайтынын, оның 3,2 млн. гектарына дәнді және дәнді-бұршақты, 964 мың гектарына майлы дақылдар себілетінін айта келіп, тұқымның өнгіштіші мен қоректенуіне микроэлементтердің айтарлықтай әсер ететінін атап өтті.

Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру және топырақтың құнарлылығын сақтау мақсатында 3 млн. гектар алқапқа 200 мың тоннаға жуық минералды тыңайтқыштар енгізу жоспарланса, бүгінге дейін 130 мың тонна тыңайтқышқа келісімшарт жасалған. Меже – 200 мың тонна. Қазіргі уақытта аграршылар минералды тыңайтқыштарды сатып алу бойынша шарттарды рәсімдеуге қызу кіріскен. Минералды тыңайтқыштарды енгізу ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану қағидаларының міндетті нормасы болып табылатындықтан, қоректік заттардың жетіспеушілігі әртүрлі ауытқуларға, атап айтқанда, биоактивтіліктің бәсеңдеуіне,өсудің тежелуіне, өнім көрсеткішінің төмендеуіне, сапаның жоғалуына әкеліп соқтырады.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp