Сегіз серінің атасы Шақшақ 1830 жылы немересін Омбы қаласындағы әскери училищеге оқуға береді. Оқуды аяқтайтын жылы, яғни 1836 жылы училище басқа атауға ие болады. Училищені бітіріп, офицерлік шен алып шыққан Сегізді патша әкімшіліктері жазалаушы отрядқа жібермек болады. Бірақ патшаның отаршылдық саясатына қарсы болған Сегіз жазалаушы отрядқа қосылудан бас тартып, бой тасалайды.
Белгілі ақын Нұржан Наушабаев өзінің “Сегіз сері” атты дастанында осы оқиға туралы былай деп жырлаған.
Омбыға білім іздеп Сегіз барған,
Ғылымды меңгеруге талаптанған.
Алты жыл әпесерлік оқу оқып,
Оны да дер кезінде тамамдаған.
Қолбасшылық оқуды бітіргенмен,
Патшаның қызыметін атқармаған.
Әпесер патша ағзамға болмаған соң,
Жандарал Ер Сегізді қудалаған.
Сегіз Сері төрт жыл қашқын болып ел кезіп, Арал теңізі маңайында жүргенде соңынан хабаршы досы Нияз барып, басына бостандық берілгенін хабарлап, елге қайтуға шақырады. Осы қуанышқа орай Сегіз:
Күйімен көпке ұнаған “Көкейтесті”
Құрдасым Тәттімбеттер ғой есті.
Тәттімбет, Балғожа мен Жарылғамыс
Сал Сегіз енді елге орал десті.
Қашқын боп шарласақ та талай жерді,
Қия алмай біз сияқты тентек ерді.
Саққұлақ, Елембай мен Жолан батыр
Бәрі де келуімді мақұл көрді, – деп бірден екі жаңалықтың бетін ашады, біріншісі, күйдің аты біз айтып жүргендей “Көкейкесті” емес “Көкейтесті” екендігі. Екіншісі, болыс Тәттімбеттің бір деректе 1815 жылы, бір жерде 1817 жылы туды деп телініп жүрген туған жылын 1818 жылы (барыс жылы) туған құрдастығын айтып, анықтама беріп отыр.
Бұл туралы өнер зертеуші, академик Ахмет Жұбанов “Тәттімбет Қазанғапов 1818 жылдар шамасында, Қарқамыс пен Семей арасындағы бұрыңғы жол үстінде Мөшеке бұлағы атты бекетте туған”, – дейді. Ғалым этнограф Әлкей Марғұланның: “Тәттімбетпен қатар сахарада аты кеңінен тараған, қазақтың аяулы ұлы – Сегіз сері. Ол – Көкшетау мен Обаған өлкесінде бірінші жарқырап шыққан өнер иесі”, – деуі де сөзімізге толық дәлел болады.
Сегіз серінің жоғарыдағы өлеңінен оны босату ісіне Орта жүздің бетке ұстар атақты би-болыстары Саққұлақ биден бастап, Балғожа би, Жолан батыр Сармантайұлы Жанғазытегі мен құрдасы Қазанғапұлы Тәттімбет болысқа дейін атсалысқанына көз жеткізіп отырмыз.
Сегіз сері қазақ даласында көнеден келе жатқан Қотан жырау, Сыпыра жырау, Доспанбет, Қазтуған, Қожаберген жыраулардан мирас болған жыраулық дәстүрді жалғастырушы және Дәстем сал, Дүйсенсері, Бәйтен салдардан бастау алатын сал-серілік ақындық-әншілік дәстүрді қатар ұстап, ортасында “алтын көпір” болып, өзіндік мектеп қалыптастырған сал-серіліктің атасы екендігі анық. Оған шығарған жырлары мен ән-күйлері куә.
Сегіз серінің тарихи тұлға, аса дарынды әнші екенін куәландыратын – оның талантты шәкірттері. Сегіз сері қайтыс болғанда 40 ақын қайғырып, қоштасу өлең-жыр арнаған екен. Солардың бірі Біржан сал былай дейді.
Жалғанда мұратына кімдер жеткен,
Көп жақсы менен бұрын талай өткен.
Адамның асылдары сондай болар,
Дүниеден Сегіз сері, Нияз да өткен.
Ұстазым Сегіз сері, Нияз сері
Олардан үлгі алған мен Біржан сері.
Басына бостандық алып еліне келісімен Сегіз сері Ырысбике деген қызға үйленеді. Оны өзі былай жырлайды.
Жиырма бір жасқа мен толдым
Ит жылының басында.
Алып қашып өзіңді,
Он сегізге шыққан жасыңда.
Серттесіп Ақбас асында,
Қосылып едік басында.
Он алты жыл отасып,
Жаттың жар боп қасымда.
Ырысбике – Бағаналының Тоқболат тайпасының Жауғашты (Қарабала) нәсілінен шыққан Елған мырзаның қызы. Ол 1821 жылы туып, 1904 жылы 83 жасқа келіп қайтыс болған. Балуан шешей атанған. Өнерпаз, тоқымашы, тігінші, әнші, домбырашы болған. Жеті ұл және бір қыз тәрбиелеп өсірген. Ұл балаларының бірі – асырап алған орыс баласы Есболған. Балаларын сері өзі былай жырға қосқан.
Мұстафа мен Мұсабек
Мұсайын мен Мұсажан
Мұсахан мен Мұсақұл
Жеті бірдей балдырған
Жалғыз қызым Бибізара
Сүйсем мейір қандырған
Сүйген жарым Ырысбике
Алғысқа ылғи қалдырған.
Сүйген жары Ырысбике Елғонқызына арнаған әнінің сөзі төмендегіше:
Сүйсінем, Ырысжан мінезіңе
Тартқандайсың әніңмен жұртты өзіңе, жан ерке.
Үлкен-кіші өтсе таңырқаған,
Топта айтқан үлгілі әр сөзіңе, жан ерке.
Ашық мінез, ақ маңдай
Менмендік жоқ ешқандай.
Сөзің алтын, күлкің жаз
Жайдары мінез жан ерке.
Ақылыңа көркің сай, ісің әрлі,
Бір өзіңдей болсайшы. жұрттың бәрі, жан ерке.
Күлкісі жаз, сөзі бал Ырысбике деп,
Аңыз еткен атыңды жаспен кәрі, жан ерке.
Өзгеден артық сымбат амал айлаң
Ажары ақ бетіңнің асқан айдан, жан ерке
Таңдаған ақ төсіме қақшы жайлаң, жан ерке.
Ырысбике әнін қазіргі кездегі орындаушылар жан ерке деп айтып жүр. Ырысбикеге көңілі кеткен Сегіз сері өзіне жар болуға лайықты деп санап, өз көңілін жұмбақтай білдіріп, “Ақбидай” әнін айтқан екен. Қазір “Ақ бидай” әні өзгеріске ұшырап, “Сары бидай” деп аталып, халық әні санатында айтылып жүр.
“Ақ бидайдың” мәтіні төмендегіше. Ол Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданы Тауағаш ауылының тұрғыны Батпас Некібаевтың қолжазбасынан алынды.
Мекенің ну орманның етегінде,
Аулыңа ерте шықсам жетемін бе?
Жолығып тамағыңнан бір иіскетсең
Бөгелмей қотаныңнан кетемін бе?
Ауылың маңы топ қайың,
Думан болмас әрдайым.
Есіме, сәулем, сен түссең,
Қобыз тартып жырлайын.
Сағынып – ем бір кезде,
Жерімнің ақ бидайын.
Бұлт арылмай тұрса да бастан, шіркін,
Сенсіз өмір секілді жалған, шіркін.
Ат терлетіп әдейі келгенімде,
Ақ маралдай ойнақтап жүрсең, шіркін.
Талапсыз қапы қалмайын,
Ақ бидай әнін арнайын.
Тұсыңа қалқам келгенде,
Ән салудан талмайын.
Ертегі қисса-дастандар, шешендік сөздер мен әндерді жинаушы Батпас Некібаев – Сегіз сері әндерін насихаттап айтушылардың бірі. Оның айтуында “Ғайни”, “Назқоңыр”, “Әйкен-ай”, “Сәулем-ай”, “Дайдидау”, “Боз шалбар” әндерін тыңдадым. Оның сандығындағы осы әндердің сөзі арабша, кейбіреуі кириллицада жазылған нұсқаларын мен 1952 көріп едім. Сол кезде керек дүние екен деп ойлаған да жоқпын.
Сегіз сері әндерінің бірталайын жеткізген Темірғали Қасенов (1894-1976) атамыз. Темірғали ақыннан жеткен ән “Ырысбике” әні (Жан ерке). Осы әнді Темірғали атамнан үйрендім деп №2 мектеп-интернаттың география пәнінің мұғалімі Күлшара Азыханова мектеп сахнасында, қалалық, облыстық мұғалімдердің көркемөнерпаздар байқауында айтып, жүлделі орын алып жүрді.
Небары 36 жасында өмірден озған Сегіздей талант иесі артына 30-ға тарта ән, 4 қисса-дастан, 4 терме мен 6 күй қалдырған. Оның туындылары бұдан да көп болуы мүмкін. Бірақ біразы ұмытылды, халық әні ретінде айтылып жүргені қаншама.
Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,
күйші.