«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қаржыландырылған жобалар

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

2001 жылы құрылған “Есіл” несиелік серіктестігі өз қатарына ауылдағы тұрғындарды тұрақты түрде біріктірген қаржы құрылымына айналды десе де болады. Бұл мекеменің қатарына алғашқыда 14 шаруашылық қана кірсе, бүгінде облыстың алты ауданынан 79 шаруашылық мүше. Оларды жұртшылық ұйымшыл команда ретінде жақсы таниды. Жарғылық капитал 4,6 млн. теңгеден 602,1 млн. теңгеге дейін ұлғайды, жалпы несиелік желі 10 млрд. теңгені құрайды. “Есілдің” елімізде алғашқылардың қатарында “Аграрлық несиелік корпорация” акционерлік қоғамы жүйесінде “А” рейтингін алғанын, қаржылық қолдаудың арқасында тұрақты даму динамикасына қол жеткізгенін, оң несиелік тарих қалыптасқанын айта кеткен жөн. Жеткен жетістіктер қатысушылардың еңбегінің және серіктестік қызметкерлерінің кәсібилігінің арқасында мүмкін болып отыр. “Зенченко және К” КТ, “Петерфельд Агро”, “Қызылжар Сүт”, “Асхат-Агро”, “Кулик Н.П.”, “Орловский және К”, “Брушкевич”, өзге де шаруашылықтар табыстың тайқазанын тасытып, ел несібін еселеуге сүбелі үлестерін қосып келеді.

Біздің мекеме 22 жыл бойы “Аграрлық несиелік корпорация” АҚ-мен сенімді серіктес ретінде тығыз ынтымақтастық орната отырып, “Кең дала”, “Сыбаға”, “Іскер”, “Агробизнес”, тағы басқа мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға игі ықпал жасап келеді. Өз қызметін жүргізген осы кезең ішінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 28,4 млрд. теңгеден астам қаржылық ресурс бөлінді. Оның ішінде өсімдік, мал және құс шаруашылығын дамыту үшін 1340 жоба қаржыландырылды. “Кең дала” бағдарламасы бойынша 6,2 млрд. теңгеге 21 өтінім берілді. Көктемгі, күзгі дала жұмыстарын жүргізуге 2,0 млрд.теңге бағытталды.

Қазіргі таңда “Есіл” КС қатысушыларында 261 мың гектар ауыл шаруашылығы алқаптары бар, оның ішінде егістік –163 мың, жайылым – 86 мың, шабындық – 9 мың гектар. Ірі қара – 19067 бас, ұсақ мал –1500 бас, жылқы – 2300 бас, құс–105 мың. Ауыл шаруашылығы техникасының паркі айтарлықтай жаңартылды, жаңа өндірістер, атап айтқанда, қазіргі заманғы тауарлы-сүт фермалары, жаңа жұмыс орындары құрылды. Фермерлер үшін инвестициялық салымдарды субсидиялау және қарыздар бойынша сыйақы мөлшерлемелері түрінде жеңілдетілген қаржылай қолдау көрсетіледі. Несиелік серіктестік үлкен жауапкершілік ала отырып, барлық міндеттемелерді уақтылы орындауға, болашақта жоспарлар мен міндетттемелерді мүлтіксіз жүзеге асыруға мүдделі.

Құрылтайшылардың бастамасы бойынша 2022 жылы құрылған “Агроөнеркәсіптік кешені несиелік серіктестігі” одағына кіру жөнінде шешім қабылданды. Уақыт талабынан туындаған міндеттерге орай несиелік серіктестіктер жүйесін дамытуға және нығайтуға, оның сенімділігі мен орнықтылығын арттыруға бағытталған заңнамалық және өзге де нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуге қатысамыз. Сондай-ақ ұйымдастырушылық, ақпараттық-талдамалық, әдістемелік, құқықтық және өзге де көмек алып, басқа серіктестіктер арасында тәжірибе алмасамыз. Өңірлік мемлекеттік билік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында одақ мүшелері мен олардың қатысушыларының мүдделері қорғалады, олардың қызметін мемлекеттік реттеуді жүзеге асыруға уәкілетті атқарушы билік органдарымен өзара іс-қимыл орнығады.

Шынар БІЛӘЛОВА,

“Есіл”несиелік серіктестігінің директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp