«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙРЫҚША ҚОЛДАУҒА ИЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет тарапынан ұстаздар қауымын қолдау өз жемісін беріп келеді. Педагогика саласы қызмет­керлерінің жалақысы бірнеше рет көбейтілді. Тәрбиешілердің әлеу­меттік мәртебесі арттырылып, олар­дың да еңбекақысы өсірілді. Бұл – сала мамандарына көрсетілген зор құрмет пен сенімнің белгісі. Кәсіподақтар да ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру жолындағы ізгі ниетінен айнымайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан кә­сіподақтар федерациясының ХХVI съезінің делегаттарына жолдаған үндеуінде кәсіподақтарға құқық қор­ғау, лайықты өмір мен адам еңбегі үшін жағдай жасау бойынша прог­рес­сивті миссияны орындайтын қазіргі заманғы әлемнің ең маңызды институттарының бірі деген лайықты баға берген болатын.

Қай қоғамда болмасын жұмыс бе­рушілер мен қызметкерлер арасын­дағы қарым-қатынасты заңдық тұр­ғыдан реттеп, әлеуметтік мәселе­лер­ді шешуде, жұмысшылардың мүд­десін қорғауда үлкен рөл атқаратын кәсіподақ ұйымдарына зор сенім көр­сетілумен бірге айрықша жауапкер­шілік те жүктеледі. Облыстық білім жә­не ғылым қызметкерлері кәсіпода­ғының бірлестігі өз қызметінде “Кә­сіптік одақтар туралы” Заңды бас­шылыққа алады. Онда кәсіподақ­тарға өз мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін білдіру және қорғау, мемлекеттік органдарға кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделеріне қысым жасайтын, олар қабылдаған нормативтік-құқықтық актілердің толық немесе ішінара күшін жою не оларды өзгерту туралы өтініш жасау көзделген. Сондай-ақ еңбек дауларын сотқа дейін шешуге қатысу, еңбек қауіпсіздігі және ең­бекті қорғау жөніндегі өндірістік ке­ңес құрамында еңбекті қорғау та­лаптарын қамтамасыз ету, кәсіптік жарақаттардың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізеді. Мемлекеттік органдарға кәсіподақтар туралы заңнаманы бұзатын, келісімдерде және ұжымдық шарттарда көзделген міндеттемелерді орындамайтын­дар­ды жауаптылыққа тарту жөнінде ұсыныстар енгізу сияқты құқықтар да жүктелген. Осы орайда заңнама­ларды, жарғының ережелерін, кәсіп­одақ органдарының шешімдерін сақ­тауға, өкілеттіктер шегінде әлеу­мет­тік-еңбек жанжалдарының алдын алу жөнінде шаралар қолдануға, кә­сіподақ мүшелері арасында құқық­тық, еңбек заңнамасының негіздері, сонымен бірге ұжымдық шарт ере­желері бойынша сауаттылықты арт­тыру, келіссөздер жүргізе алу, еңбек дауларында пәтуаға қол жеткізу дағдыларын дамыту жөнінде түсін­діру жұмыстарын жүргізуге, қызмет­керлердің еңбек тәртібі қағидаларын сақтауына жәрдемдесуге міндетті. Салалық кәсіподақтарда әлеуметтік жеңілдіктер мен кепілдіктерді қамта­масыз етуге кепілдік беретін екіта­раптық әріптестік қарым-қатынасты дамыту, еңбек заңнамасын сақтау, еңбекті қорғау, қоғамдық бақылауды жетілдіру функцияларына ерекше басымдық беріледі. Бүгінде жұмыс берушілер мен кәсіподақ комитет­тері арасында 560 ұжымдық шарт жасалып, бірлескен келісімдердің арқасында 26 мыңнан астам білім беру қызметкерлерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсартылды.

Әлеуметтік әріптестік актілеріне еңбек қатынастары мәселелеріне қатысты кәсіподақтың ұстанымын күшейтетін, екіжақты әріптестіктің тиімділігін арттыратын ережелерді кіргізе отырып, қосымша төлемдер мен үстеме ақыларды көбейтуге ба­са назар аударылады. Ұжымдық шарт­­тарда еңбекті ұйымдастыру мен ақы төлеу жүйесі, айлық мөл­шері, тауарлар мен қызметтерге ба­ға­ның өсуіне байланысты мұғалім­дер­дің табысын өтеу тәртібі, қорғау ша­ра­лары, зейнеткерлерге, көпба­лалы және аз қамтылған отбасылар­ға қо­сымша жеңілдіктер беру мен кө­мек көрсету мүмкіндіктері жан-жақты ойластырылған. Мұның өзі көптеген мәселелерді оң шешуге, өмір сүру сапасын жақсартуға айтарлықтай ықпалын тигізіп келеді. 2021 жылы кәсіподақ мүшелерінен 1615, был­тыр 1674 өтініш түсіп, көбі шешімін тапты. Қоғамдық бақылау шеңбе­ріндегі тексерулер нәтижесінде қыз­меткерлерге дұрыс есептелмеген 8323720 теңге мөлшеріндегі қосым­ша төлемдер, сауықтыру жәрдем­ақылары қайтарылды.

“Әлеуметтік әріптестік туралы” Заң әлеуметтік әріптестік жүйесі жұмыс істеуінің құқықтық негіздерін, міндеттері мен тәртібін айқындайды, тараптардың тең құқылы және өзара жауапкершілікті принциптері негі­зінде ортақ әлеуметтік маңызы бар мақсаттарға қол жеткізу үшін сала­лық, аймақтық келісімдерді жасасу, өзгерту және бұзу тәртібін белгілей­ді. Оның басты талаптары еңбек қа­тынастарын реттеудің тиімді тетігін қалыптастыруға, кәсіподақ мүшеле­рі­нің мүдделерін әлеуметтік тұрақты­лық пен қоғамдық келісім тұрғысын­да реттеуге бағытталған. Бұл орайда әлеуметтік кепілдіктердің сақталуы өте маңызды.

2019 жылы қабылданған “Педа­гог мәртебесі туралы” Заңда алғаш рет ұстаздың ерекше мәртебесі та­нылып, кәсіптік қызметін жүзеге асы­ру жолдары қамтамасыз етілді. Бұ­дан былай педагогты кәсіптік қыз­метін орындауда кәсіптік міндеттері­мен байланысты емес жұмыс түрле­ріне тартуға, көзделмеген есептілікті не ақпаратты талап етіп алдыруға, тексерулер жүргізуге, мемлекеттік емес ұйымдардың іс-шараларын өткізуге жол берілмейді. Қызметтік тұрғынжайға және жатақха­наға, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне, ұзақтығы күнтізбе­лік 56 күн жыл сайынғы ақы төлене­тін еңбек демалысына, жылда бір рет кемінде бір лауазымдық айлық­ақы мөлшерінде сауықтыруға арнал­ған жәрдемақыға кепілдіктер берілді.

Ауылдық елді мекенде еңбек ететін педагог бірқатар жеңілдіктерді иеленеді. Сондай-ақ өз қызметінде тиісті кәсіптік құзыреттерді меңгеру, кәсіптік шеберлігін, зерттеу, зияткер­лік және шығармашылық деңгейін үз­діксіз жетілдіру, оның ішінде білікті­лік санаты деңгейін бес жылда бір реттен сиретпей арттыру, педагогтік әдепті сақтау, өзгелердің ар-намысын мен қадір-қасиетін құрметтеу мін­дет­тері қойылды. Республикалық кә­сіп­одақтар федерациясының баста­ма­­сы­мен барлық өңірлерде жалақы­ны жыл сайын индекстеу, әлеуметтік және еңбек дауларының алдын алу және болдырмау бойынша келісім­дерге өзгерістер енгізілді. Оқу-ағарту министрлігімен келісе отырып, қыз­меттік үй-жайларды жинаушылар­дың базалық жалақысына 20, дәрет­хана тазалаушыларға 30 пайыз қо­сым­ша ақы қосылды. Білім беру ұйым­­дары­ның қызметкерлерін ме­ди­циналық тексеруді және гигиена­лық оқытуды қаржыландыруға мони­торинг жүргі­зі­ліп, 62258750 теңге қа­жеттігі анық­талды. Ұсыныс облыстық білім бас­қармасына жіберіліп, қол­дау тапты. Сөйтіп медициналық тек­серу­ге ақы төлеу мәселесі толық шешілді.

2022 жыл “Әлеуметтік әріптестік жылы” ретінде атап өтіліп, салалық кә­сіподақ бірлестіктері де мемле­кеттік маңызды шешімдердің қабыл­да­нуына ықпал етті. Ал 2023 жыл “Қауіпсіз еңбек жылы” болып жария­ланып, бұл бағытта да кешенді іс-шаралар атқарылатын болады. 560 өндірістік кеңес құрылып, тиісті дайындықтан өткен осынша техни­калық инспектор жұмыс істейді. Жалпыға бірдей құқықтық оқыту жоспары жасалып, техникалық инс­пекторлардың жұмысына, еңбек қорғау мен қауіпсіздігіне байланысты семинарлар ұйымдастырылды. Кә­сіподақ активін оқыту, құқықтық са­уаттылығын арттыру қызметіміздің маңызды құрамдас бөлігі болып қала береді. Бүгінгі таңда заңнама мәсе­лелерін, қоғамда болып жатқан өзге­рістерді білудің мәні айрықша. Құ­қықтық көмектердің арқасында 1574 өтініш сотсыз қаралып, нәтижелі аяқ­талды. Бастауыш кәсіподақ ұйымда­рының босатылмаған төр­аға­ла­рына 3 күнге дейін қосымша ақылы дема­лыс беріледі. Білім беру ұйымдарын тарату, қайта ұйымдас­ты­ру және штатты қысқарту кезінде зейнеткер­лік жасқа дейінгі жұмыс­кер­лер ұйымда 10 және одан да көп жыл жұмыс істеген жағдайда басым құқыққа ие болады. Көп балалы ата-аналар, 3 жасқа дейінгі балалары бар әйел­дер, мүгедек бала тәрбие­леп отыр­ған жалғызбасты аналарға да жеңіл­діктер жасалады. Кәсіподақ мүшеле­рі педагогтарды аттестат­тау­дан өткі­зу ережелері мен шартта­рына, білім беру ұйымдарының бі­рінші басшы­ла­рын ротациялау ере­жесіне, тәлім­гер­лікті ұйымдастыру талаптарына, директорлар мен педагогтарды қыз­метке тағайындау, қызметтен босату қағидаларына, педагог лауазымда­рының үлгілік бі­ліктілік сипаттама­ларына өз ұсыныс-пікірлерін білді­ріп, бірқатары қабыл­данды.

Күнделікті жұмыстағы негізгі ба­ғыттардың бірі – кәсіподақ мүшелері мен олардың балаларының демалы­сы мен сауықтыруын дұрыс ұйым­дастыру. Өткен жылы 57 мұғалім Түр­кістан мен Алматының киелі жерле­рінде болып қайтты. Кезекті топ наурыз айында Түркістанға саяхат­тайды. Ұстаздар қауымы арасында саламатты өмір салтын ұстану, дене шынықтырумен, спортпен, туризм­мен айналысу үрдісі кең тараған. “Абакшино” демалыс аймағында 200-ден астам білім беру қызметкер­лерінің қатысуымен облыстық спар­такиада есте қаларлықтай өтті. Қайырымдылық көмек көрсету ту­ралы ережеге сәйкес қиын өмірлік жағдайларға тап болған қызмет­керлерге көмек қолын созудан бас тартқан емеспіз.

Кәсіподақтағы ақпараттық жұ­мыс­­­ты жетілдіру жаңа мазмұнға ие бол­­ды. Сайт жаңартылып, әлеумет­тік желілерде арнайы парақшалар ашыл­ды. “Білім кәсіподағы” мобиль­дік қосымшасы арқылы тікелей бай­ла­нысқа шығуға болады. Санамалай берсек, кәсіподақ жұмысы сан салалы, алуан қырлы, оның ашық, қолже­тім­­ді болуына мүдделіміз. Әр мүше­міз белсенді, қоғамның игілігіне ба­ғыт­­­талған кез келген жаңалықтар мен бастамаларды қолдауға әзір, ықыласты.

Берік АЮПОВ,

облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp