«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Сегіз сері туралы менің де айтарым бар

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сегіз серінің атасы Шақшақ 1830 жылы немересін Омбы қаласындағы әскери училищеге оқуға береді. Оқуды аяқтайтын жылы, яғни 1836 жылы училище басқа атауға ие болады. Училищені бітіріп, офицерлік шен алып шыққан Сегізді патша әкімшіліктері жазалаушы отрядқа жібермек болады. Бірақ патшаның отаршылдық саясатына қарсы болған Сегіз жазалаушы отрядқа қосылудан бас тартып, бой тасалайды.

Белгілі ақын Нұржан Наушабаев өзінің “Сегіз сері” атты дастанында осы оқиға туралы былай деп жыр­лаған.

Омбыға білім іздеп Сегіз барған,

Ғылымды меңгеруге талаптанған.

Алты жыл әпесерлік оқу оқып,

Оны да дер кезінде тамамдаған.

Қолбасшылық оқуды бітіргенмен,

Патшаның қызыметін атқармаған.

Әпесер патша ағзамға болмаған соң,

Жандарал Ер Сегізді қудалаған.

Сегіз Сері төрт жыл қашқын бо­лып ел кезіп, Арал теңізі маңайында жүргенде соңынан хабаршы досы Нияз барып, басына бостандық бе­рілгенін хабарлап, елге қайтуға ша­қы­­рады. Осы қуанышқа орай Сегіз:

Күйімен көпке ұнаған “Көкейтесті”

Құрдасым Тәттімбеттер ғой есті.

Тәттімбет, Балғожа мен Жарылғамыс

Сал Сегіз енді елге орал десті.

Қашқын боп шарласақ та талай жерді,

Қия алмай біз сияқты тентек ерді.

Саққұлақ, Елембай мен Жолан батыр

Бәрі де келуімді мақұл көрді, – деп бірден екі жаңалықтың бетін аша­ды, біріншісі, күйдің аты біз айтып жүргендей “Көкейкесті” емес “Кө­кей­тесті” екендігі. Екіншісі, болыс Тәт­тімбеттің бір деректе 1815 жылы, бір жерде 1817 жылы туды деп телініп жүрген туған жылын 1818 жылы (ба­рыс жылы) туған құрдастығын ай­тып, анықтама беріп отыр.

Бұл туралы өнер зертеуші, ака­демик Ахмет Жұбанов “Тәттімбет Қа­занғапов 1818 жылдар шамасында, Қарқамыс пен Семей арасындағы бұрыңғы жол үстінде Мөшеке бұлағы атты бекетте туған”, – дейді. Ғалым этнограф Әлкей Марғұланның: “Тәттімбетпен қатар сахарада аты кеңі­нен тараған, қазақтың аяулы ұлы – Сегіз сері. Ол – Көкшетау мен Обаған өлкесінде бірінші жарқырап шыққан өнер иесі”, – деуі де сөзімізге толық дәлел болады.

Сегіз серінің жоғарыдағы өлеңі­нен оны босату ісіне Орта жүздің бетке ұстар атақты би-болыстары Саққұлақ биден бастап, Балғожа би, Жолан батыр Сармантайұлы Жан­ға­зытегі мен құрдасы Қазанғапұлы Тәттімбет болысқа дейін атсалыс­қанына көз жеткізіп отырмыз.

Сегіз сері қазақ даласында көне­ден келе жатқан Қотан жырау, Сы­пыра жырау, Доспанбет, Қазтуған, Қожаберген жыраулардан мирас болған жыраулық дәстүрді жалғасты­рушы және Дәстем сал, Дүйсенсері, Бәйтен салдардан бастау алатын сал-серілік ақындық-әншілік дәстүрді қатар ұстап, ортасында “алтын көпір” болып, өзіндік мектеп қалыптастырған сал-серіліктің ата­сы екендігі анық. Оған шығарған жырлары мен ән-күйлері куә.

Сегіз серінің тарихи тұлға, аса дарынды әнші екенін куәланды­ратын – оның талантты шәкірттері. Сегіз сері қайтыс болғанда 40 ақын қайғырып, қоштасу өлең-жыр арна­ған екен. Солардың бірі Біржан сал былай дейді.

Жалғанда мұратына кімдер жеткен,

Көп жақсы менен бұрын талай өткен.

Адамның асылдары сондай болар,

Дүниеден Сегіз сері, Нияз да өткен.

Ұстазым Сегіз сері, Нияз сері

Олардан үлгі алған мен Біржан сері.

Басына бостандық алып еліне келісімен Сегіз сері Ырысбике деген қызға үйленеді. Оны өзі былай жыр­лайды.

Жиырма бір жасқа мен толдым

Ит жылының басында.

Алып қашып өзіңді,

Он сегізге шыққан жасыңда.

Серттесіп Ақбас асында,

Қосылып едік басында.

Он алты жыл отасып,

Жаттың жар боп қасымда.

Ырысбике – Бағаналының Тоқ­бо­­лат тайпасының Жауғашты (Қара­ба­­ла) нәсілінен шыққан Елған мыр­за­­ның қызы. Ол 1821 жылы туып, 1904 жылы 83 жасқа келіп қайтыс бол­ған. Балуан шешей атанған. Өнер­паз, то­қымашы, тігінші, әнші, дом­бырашы бол­ған. Жеті ұл және бір қыз тәрбиелеп өсірген. Ұл бала­ла­рының бірі – асы­рап алған орыс баласы Есболған. Ба­лаларын сері өзі былай жырға қос­қан.

Мұстафа мен Мұсабек

Мұсайын мен Мұсажан

Мұсахан мен Мұсақұл

Жеті бірдей балдырған

Жалғыз қызым Бибізара

Сүйсем мейір қандырған

Сүйген жарым Ырысбике

Алғысқа ылғи қалдырған.

Сүйген жары Ырысбике Елғон­қы­зына арнаған әнінің сөзі төмен­дегіше:

Сүйсінем, Ырысжан мінезіңе

Тартқандайсың әніңмен жұртты өзіңе, жан ерке.

Үлкен-кіші өтсе таңырқаған,

Топта айтқан үлгілі әр сөзіңе, жан ерке.

Ашық мінез, ақ маңдай

Менмендік жоқ ешқандай.

Сөзің алтын, күлкің жаз

Жайдары мінез жан ерке.

Ақылыңа көркің сай, ісің әрлі,

Бір өзіңдей болсайшы. жұрттың бәрі, жан ерке.

Күлкісі жаз, сөзі бал Ырысбике деп,

Аңыз еткен атыңды жаспен кәрі, жан ерке.

Өзгеден артық сымбат амал айлаң

Ажары ақ бетіңнің асқан айдан, жан ерке

Таңдаған ақ төсіме қақшы жайлаң, жан ерке.

Ырысбике әнін қазіргі кездегі орындаушылар жан ерке деп айтып жүр. Ырысбикеге көңілі кеткен Сегіз сері өзіне жар болуға лайықты деп санап, өз көңілін жұмбақтай білдіріп, “Ақбидай” әнін айтқан екен. Қазір “Ақ бидай” әні өзгеріске ұшырап, “Сары бидай” деп аталып, халық әні сана­тында айтылып жүр.

“Ақ бидайдың” мәтіні төменде­гіше. Ол Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданы Тауағаш ауылының тұр­ғыны Батпас Некібаевтың қолжаз­басынан алынды.

Мекенің ну орманның етегінде,

Аулыңа ерте шықсам жетемін бе?

Жолығып тамағыңнан бір иіскетсең

Бөгелмей қотаныңнан кетемін бе?

Ауылың маңы топ қайың,

Думан болмас әрдайым.

Есіме, сәулем, сен түссең,

Қобыз тартып жырлайын.

Сағынып – ем бір кезде,

Жерімнің ақ бидайын.

Бұлт арылмай тұрса да бастан, шіркін,

Сенсіз өмір секілді жалған, шіркін.

Ат терлетіп әдейі келгенімде,

Ақ маралдай ойнақтап жүрсең, шіркін.

Талапсыз қапы қалмайын,

Ақ бидай әнін арнайын.

Тұсыңа қалқам келгенде,

Ән салудан талмайын.

Ертегі қисса-дастандар, шешен­дік сөздер мен әндерді жинаушы Батпас Некібаев – Сегіз сері әндерін насихаттап айтушылардың бірі. Оның айтуында “Ғайни”, “Назқоңыр”, “Әйкен-ай”, “Сәулем-ай”, “Дайди­дау”, “Боз шалбар” әндерін тыңда­дым. Оның сандығындағы осы ән­дердің сөзі арабша, кейбіреуі кирилли­цада жазылған нұсқаларын мен 1952 көріп едім. Сол кезде керек дү­ние екен деп ойлаған да жоқпын.

Сегіз сері әндерінің бірталайын жеткізген Темірғали Қасенов (1894-1976) атамыз. Темірғали ақыннан жет­кен ән “Ырысбике” әні (Жан ерке). Осы әнді Темірғали атамнан үй­рендім деп №2 мектеп-интернаттың география пәнінің мұғалімі Күлшара Азыханова мектеп сахнасында, қа­лалық, облыстық мұғалімдердің көр­кемөнерпаздар байқауында ай­тып, жүлделі орын алып жүрді.

Небары 36 жасында өмірден оз­ған Сегіздей талант иесі артына 30-ға тарта ән, 4 қис­са-дастан, 4 терме мен 6 күй қал­дырған. Оның туынды­лары бұдан да көп болуы мүмкін. Бірақ біразы ұмы­тылды, халық әні ретінде айтылып жүргені қаншама.

Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,

күйші.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp