«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Халықаралық бақылаушыға жүктелетін міндет көп

Өмір Есқали

 u_shalabaeva@mail.ru

19 наурызға белгіленген Парламент Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлау процесіне қатысатын белсенді топтың бірі – бақылаушылар. Шет мемлекеттерден және халықаралық ұйымдардан аккредиттелген бұл топ Қазақстанның әр өңірінде өз өкілеттіктері шеңберінде жұмыстар атқаруда. Олардың ішінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйым (ЕҚЫҰ) жанындағы Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюроның (ДИАҚБ) бақылау миссиясының орны ерекше.

Біз Солтүстік Қазақстан облысы бойынша тіркелген халықаралық байқаушылардың бірі – Михаэль Вирсингпен сұхбаттасқан едік. “ЕҚЫҰ-ның ұстанған басты мақсаты – аймақтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтауға мүдделілік таныту, осы ретте ашық саяси диалог жүргізу болса, оның бір бөлімшесі саналатын Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюро демократиялық үрдістердің, адам құқықтарының, заң үстемдігінің орнықтылығын қадағалап, осы бағыттардағы іс-шараларды үйлестіріп отырады. Соңғы жылдары бюро миссиясы Қазақстанда және бірқатар ТМД елдерінде өткен сайлаулар барысын бақылады”, – деген Михаэль мырза соңғы үш жыл бойы Ресейдің Омбы облысында тұрып, біраз тәжірибе жинақтағанын, жұмыс істеу тәсілдерін меңгергенін жеткізді.

Михаэль – Германияның азаматы. Ұзақмерзімді бақылаушы ретінде Қазақстандағы сайлау жүйесін үнемі қадағалап отырады. Байқаушылар сайлау учаскесінде заң бұзушылықтың алдын алуға жәрдемдесіп, дауыс беру мен дауыстарды санау процедурасының сақталуын қадағаласа, ұзақмерзімді бақылаушылар сайлау жарияланған күннен бастап, дауыс беру күні, сондай-ақ бүкілхалықтық дауыстарды санау және сайлау нәтижелері жарияланған уақыт аралығында электоралды компанияны бақылау жұмыстарын жүргізеді. Олар сайлаудың демократиялық принциптерге сай әділ де ашық өтуін дұрыс деп санайды.

Сайлауды халықаралық байқау қағидаттарының Декларациясы талаптары бойынша шынайы демократиялық сайлау халықтың еркін білдіру, адам бостандықтарын сыйлау болып табылады. Бақылаушылар да өздері барған елдердің заңдарын құрметтеуге, сайлауды байқау жөніндегі халықаралық миссиясының ұйымдық бірлігін нығайтуға, қатаң саяси бейтараптық көзқарас ұстануға, сайлау процесі шеңберінде кедергі жасамауға, алдын ала болжам жасаудан, пікір білдіруден аулақ болуға міндетті.

ДИАҚБ Қазақстанда сайлауды бақылау миссиясын бастағанына әжептәуір уақыт болды. Осы мерзім ішінде үгіт-насихат жүргізу, оның ішінде әлеуметтік желілерде, барлық деңгейдегі сайлау әкімшілігінің жұмысы, сайлауға қатысты заңнама және оның орындалуы, негізгі бостандықтарды құрметтеу, сайлау дауларын шешу секілді сайлаудың барлық аспектілері мұқият қадағаланады. “Солтүстікқазақстандық тұрғындармен, оның ішінде қоғамдық ұйым мүшелерімен, студент-жастармен сөйлесіп, саяси белсенділіктің жоғары екеніне көз жеткіздік. Мемлекеттік органдар мен саяси партиялардың, азаматтық қоғамның, БАҚ-тың, халықаралық қауымдастықтың өкілдерімен кездесулер бақылаудың құрамдас бөлігі саналады. Миссияны Оуэн Мерфи басқарады. Миссия Астанада орналасқан 11 халықаралық сарапшыдан және 17 ақпаннан бастап бүкіл республика бойынша орналастырылатын 32 ұзақмерзімді байқаушыдан тұрады. Сондай-ақ сайлауға бірнеше күн қалғанда 300 қысқамерзімді байқаушылар келмек. Миссия сайлаудың ЕҚЫҰ міндеттемелеріне және демократиялық сайлау өткізу жөніндегі басқа да халықаралық стандарттарға, сондай-ақ ұлттық заңнамаға сәйкестігін бағалайды”, – дейді ол.

Халықты және БАҚ-ты сайлауды бақылау миссиясының қызметі туралы хабардар ету үшін сайлауға шамамен екі апта қалғанда аралық есеп жарияланады.

“Сайлау күні қандай бағытта жұмыс істейсіздер?” деген сауалымызға Михаэль Вирсинг былай жауап берді:

– Бұл күні ДИАҚБ миссиясы ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы делегациясымен күш біріктіріп, сайлау учаскелерінің ашылуын, дауыс беруді, бюллетеньдерді санауды және нәтижелерді шығаруды бақылайды. Сайлаудың келесі күні баспасөз мәслихатында алдын ала қорытындылары бар мәлімдеме ұсынылады. Бүкіл сайлау процесін бағалайтын және ұсыныстар жасайтын қорытынды есеп бір айдан кейін жарияланады.

ДИАҚБ СБМ және Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңесі өздерінің жеке мандаттары бойынша дербес жұмыс істейді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltustik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp