«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өңірдің өзен-көлдері тұқы және сиг балықтарымен толықпақ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірдегі өзен-көлдерде ба­лық­тарды көбейту үшін биыл сиг және тұқы тұқымдас су жануар­ларының 36 млн. 510 мың дана дернәсілі су қойма­ларына жіберілмек. Жұмыс екі кезең бо­йынша атқарылады, оның ал­ғашқы­сы Петропавл балық тәлімбағында жүр­гізілуде.

Кәсіпорында жауапты кезең басталды. Арнайы ыдыстарда сиг балық­тарының уылдырықтары өсіріліп жатыр. Нәтижесін көру үшін барлық тиісті техноло­­гияны қолданып, режімді сақтау қажет.

– Біздің тәлімбақ балықтардың уыл­дырығын зауыттық тәсілмен алып, қол­дан өсіреді. Қазіргі уақытта біз сиг ба­лықтарының уылдырығын инкуба­ция­лық кезеңнен өткізіп жатырмыз. Уыл­ды­рықты тәулік бойы назардан тыс қал­дырмаймыз, әйтпесе еңбек еш кетуі мүмкін, – дейді инкубациялық цех­тың меңгерушісі Анастасия Молоткова.

Сиг балықтарының инкубациялық кезеңі 6 айға созылады. Тәлімбақ жұ­мысшылары қараша айында қажетті уылдырықты әзірлеген. Бағалы мате­риал алу үшін өңіріміздің, сондай-ақ, Ақмола облысының Щучье, Зеренді, Бу­рабай аудандарындағы көлдеріне ба­рыпты. Нәтижесінде 110 млн. дана уылдырық дайындалды.

– Сәуір айында су +8 градусқа дейін жылынған кезде сиг балықтарының шабақтарын көлге жібереміз. Биыл сиг балығы бойынша 35,5 млн. шабақ өндіру жайлы мемлекеттік тап­сырыс түсті. Оның 30 миллионы – Сергеев, қалғаны Петропавл су қоймасы­на жіберілмек. Осы мақсат­қа бюджет­тен 65 млн. теңге бөлінді. Бұл қаражат екі кезеңде игеріледі, – дейді Анаста­сия Молоткова.

Екінші кезеңде тәлімбақ мамандары тұқы балығымен жұмыс істемек.

– Тұқының уылдырығын алу үшін ешқайда барудың қажеті жоқ, ол өзімізде жеткілікті. Балық қыстап шығу үшін арнайы тоғанда ұстаймыз. Мамыр айында, судың температурасы +17,+18 градусқа жеткенде біз жұмысты бастаймыз. Қыркүйек айында уыл­дырығы өсіп, дернәсілге айналады, салмағы 12 грамға жеткен кезде су қоймаларына жібереміз, – дейді тәлімбақ қызметкері.

Өңірдің су қоймаларына қыркүйек айының соңында тұқы балығының 1 млн. 10 мың шабағы жіберілмек.

Айшагүл ӘШІМОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp