«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жиырма сегіз спорт нысаны салынды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмiнiң орынбасары Дәурен Жандарбектің төрағалығымен дене шынықтыру және спорт саласында өткен жылы атқарылған жұмысты қорытындылауға арналған алқа отырысы өттi. Оған спорт ардагерлерi, сондай-ақ облыстық ұйымдар мен мекемелердің басшылары қатысты.

Облыста балалар спорты мен бұқаралық спортты дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Қазіргі уақытта өңірде 215 мыңнан астам адам, яғни тұрғындардың 40 пайызы дене шынықтырумен тұрақты түрде шұғылданады. Жыл сайын жаңа спорттық нысандар бой көтеруде. Жиында есеп берген облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Сергей Мелехов өткен жылдың өзінде өңірімізде 28 спорт ғимараты салынғанын, соның ішінде 13 шағын футбол алаңы мен 1 хоккей корты аудандарда бой көтергенін атап көрсетті.

– Қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған нысандардың материалдық-техникалық базасы жаңартылуда. Сонымен қатар облыс орталығындағы “Қарасай” стадионына қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Бұл мақсатқа 1 млрд. 235 мың теңге бағытталған. Біздің өңірде оқу-жаттығу жиынын өткізуге арналған жеке база жоқ. Бұл спорт мектептерінде оқитын балалар үшін жазғы оқу-жаттығу жиындарын өткізуге ыңғайлы болар еді. Осы мәселені шешуіміз қажет, – деді Сергей Мелехов.

Былтыр “Жастар” стадионында республикалық жарыстар өткізуге мүмкіндік беретін жаңа жасанды төсеніш жайылды. Оған 117,5 млн. теңге жұмсалды. Қазіргі уақытта өңірде 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Биыл тағы бір кешен “Береке” шағынауданында бой көтереді. Жер учаскесі бөлініп, жобалық-сметалық құжат сараптамадан өткен. Болашақта мұнда 35 мың адам спортпен шұғылдана алады.

Жалпы өңірімізде спортпен кәсіби түрде шұғылданатын 400 жеткіншек республикалық құрамаларға мүше. Олардың оқу-жаттығу жиындарға қатысуына облыстық бюджеттен қомақты қаржы бағытталады.

– Өткен жылы ақылы түрде спортпен шұғылданатын 3 мыңға жуық бала тегін үйірмелерге ауысты. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 415 млн. теңге бөлінді. Биыл да бұл жұмыс жалғасын табады. Қазіргі уақытта 46 мыңға жуық ұл-қыз спортпен тегін айналысып жүр, – деді алқа отырысында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек.

Жиында спортшыларды Олимпиада ойындарына даярлаумен айналысатын жоғары спорт шеберлігі мектебінің жұмысы жайлы да айтылды. Өткен жылы 40 спортшы Қазақстан ұлттық құрамасына қабылданып, мектептің 40-тан астам тәрбиеленушісі Азия чемпионаттарында жүлдегер атанды. Спортшылар бұл жетістіктермен тоқтап қалмайтыны анық. Алда әлі дүбірлі додалар бар.

Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp