«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Көңілдің ажары

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ақан сері атындағы облыстық филармонияда “Әлқисса” фоль­к­лорлық ансамблінің “Сырлы сазы көктемнің” атты кон­церті өтті. Кеште танымал сазгерлердің туындылары орындалды.

Жергілікті өнерпаздар көрер­мен­дерге ұмытылмас әсер сыйла­ды. Өңір тұрғындары “құлақтан кіріп, бойды алған” әсем әндерден, тәтті күйлерден сусындап қайтты.

Ансамбль концерт шымылдығын “Қайран есім” күйімен ашты. Кейін Мұрат Өскенбаевтың “Жеңіс”, Ахме­дия Есмұхановтың “Айта алмадым”, Әлқуат Қазақбаевтың “Жаппас қо­быз-домбыра”, Сүгірдің “Ыңғай төк­пе”, Қазанғаптың “Ақ желең”, Бауыржан Ақтаевтың “Әгугай”, “Әй-әй бө­пем”, Тоғжан Жахиннің “Күзгі сезім”, “Шабыт” күйлері жиналған жұртшы­лықты бір желпінтіп тастады.

Киелі сахнаға шыққан музыкант­тар сазсырнай, қылқобыз, шаңқо­быз, дабыл, даңғыра, жетіген секілді аспаптарда ойнап, көрерменді таң­ғалдырды.

– Бүгінгі концерт көңілімнен шық­ты. Өнер иелері тыңғылықты дайын­далыпты. Қазақтың жазық даласын, кербез сұлу көрінісін көз алдымызға елестеткен күйдің құдіреті таудан аққан тұма бұлақтай өне бойымызды шарлап, алпыс екі тамырымызды шы­мырлатқандай әсерге бөледі. Фи­лармония өнерпаздарының кон­церттеріне әріптестерімізбен бірге жиі келіп тұрамыз. Әсіресе ан­самбльдің орындауындағы күйлер­ден ерекше шабыт аламын, – дейді қала тұрғыны Гүлден Госман.

Кеште филармония солистері Дәмеш Құрманкина, Асхат және Динара Таушевтар, Мұхит Ахметов, Ғалымжан Нұрпейісов, Аружан Ер­денова да әсем әннен шашу шашты. Олардың орындауындағы “Әдемі-ау”, “Мерекем сен”, “Іңкәрім-ай”, “Аяла сен мені”, “Таң сыры”, “Сәлем саған Қазақстан”, “Домбыра туралы баллада”, “Ақ Айша”, “Әгугәй” әндері көктемнің шуағындай жанға жылу сыйлады. Көпшілік тамаша кештің куәсі болды.

Рабиға ЕРАЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp