«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Мерейтойлар ескерусіз қалмайды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Досбол Абдриисов баяндама жасап, өңіріміздегі мәдениет және тіл мәселелеріне тоқталып, атқарылған жұмыстар жайлы айтып берді.

Бүгінде өңірде 597 мәдениет нысаны бар. Оның 17-сі – облыс орталығында. Оларды қаржыландыру жыл сайын өсіп, өткен жылы сала бюджеті 10,4 млрд. теңгені құрады.

Досбол Нұржанұлы сала мамандарының жалақысы 2020 жылдан бері тұрақты түрде өсіп отырғанын айтты. Биыл да қызметкерлердің еңбекақылары 23 пайызға өскен. Осылайша 2025 жылға қарай өсім 2 есеге жетпек. Сонымен қатар облыстық театр актерларына кәсіби шеберліктері үшін жалақыға 50 пайыз қосымша үстемеақы төленіп келеді. Басқарма басшысы “мұның бәрі өңірдің шығармашылық әлеуетін дамытуға оң серпін береді” – деді.

Өңірдегі мәдениет нысандарына халықтың қолжетімділігін арттыру үшін қолға алынып жатқан инфрақұрылымдық жобалар аз емес. 2020-2022 жылдар аралығында осындай 71 жобаға 8,5 млрд. теңге бөлінген. Өткен жылы 18 жоба іске асса, соның 15-і ауылды жерлерде жүзеге асырылыпты. Сонымен қатар өңірде мәдениет үйлерінің жанынан 69 мәдени-сауықтыру орталығы ашылған. Олар демеушілер мен бюджет есебінен қаржыландырылады. Бұл да елімізде еш жерде жоқ жаңа бастамалардың бірі.

Брифинг барысында С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының жаңа ғимараты жайлы да сөз болды. Өткен жылдың қараша айында ашылған нысан өңіріміздің ең ірі мәдени, шығармашылық орталықтарының біріне айналмақ. Бүгіннің өзінде оған бірқатар жастар қызығушылық танытып, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының студенттері өңірімізде тәжірибеден өтуде. Жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын ислам мәдениеті музейі де облыс орталығының туристік әлеуетін арттыруға үлес қосары сөзсіз.

Брифинг барысында Досбол Нұржанұлы соңғы жылдары өңірде ұйымдастырылған ірі шараларға да тоқталды. Соңғы бірнеше жылда Қызылжар төрінде алғаш рет халықаралық суретшілер фестивалі, қолөнершілер фестивалі, аламан айтыс пен музыка фестивалі өтті. Бұдан бөлек, “Sensitive”, “Әдемі-ау” ұжымдарының жеткен жетістіктері аз емес. Мәдениет саласындағы кадр мәселесін шешу үшін арнайы гранттар бөлініп, 100 кәсіби маман оқытылмақ.

Облыс бойынша 321 кітапхана болса, соның 318-і аудандарда орналасқан. Қаламыздағы С.Мұқанов атындағы ғылыми-әмбебап кітапхана бірнеше мемлекетпен байланыс орнатып халықаралық ұйымдар мен қорлардың 26 грантын жеңіп алған. Облысымыз кітапхана ісі бойынша үздік атанып, “Оқырманы озық өлке” атағына ие болыпты. Сол сияқты архив саласында да атқарылған істер көңіл қуантады. Өткен жылы мұндағы мемлекеттік архив пен оның 14 филиалы 300 мың мемлекеттік қызмет көрсеткен.

Өңірде 2023 жылға жоспарланып отырған мәдени шаралар аз емес. Биылғы шаралардың басым бөлігі Қожаберген жыраудың – 360, Шал ақынның – 275, Айғаным Сарғалдаққызының – 170, Ақан серінің – 180, Мағжан Жұмабаев пен Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 130 жылдығына арналмақ. Бүгінге дейін Мағжанның мерейтойына арналған республикалық мүшәйра өтті. Алда халықаралық айтыс пен облыстық Мағжан оқулары ұйымдастырылады. Осындай шараларды халықаралық музыка фестивалі, суретшілер симпозиумы жалғастырады. Одан әрі Е.Серкебаев атындағы классикалық музыка фестивалі мен соңғы 21 жылда алғаш рет драма театрларының фестивальдарын өткізу де жоспарда бар.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp