№2 арнайы (түзету) мектеп-интернатында Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған әдеби-музыкалық кеш өтті. Облыстық филармонияның солисі, “Сібір жұлдыздарды жағады” атты халықаралық байқаудың лауреаты Сандуғаш Оңғарбаева қобызды нақышына келтіре тартып, ақынның “Япурай” өлеңіне жазылған әнді тамаша орындап берді. Кездесуге Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледждің қызметкері Зайни Сұлтанқызы қатысып, аталас туысы жайлы сыр шертті. Іс-шараға жиналғандар облыстық филармонияның домбырашысы Бәйімбет Асылханұлы орындаған шығармаларды да жылы қабылдады.
Мағжан ақынның отансүйгіштікке тәрбиелейтін, адамгершілікке үндейтін өлеңдерін жоғары сынып оқушылары Т.Қалиасқарова, А.Уалиева, Т.Пчелинцева, Т.Үкібасова, Д.Павлова, Д.Кравцова, Е.Кукса мәнерлеп оқып берді. Әдеби кеш қонақтары өз сөздерінде Мағжан Жұмабаевтың ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетіндегі ұлы тұлға екенін атап көрсетсе, тәрбиеші Ольга Щербакова өз ойларын слайдтармен тұжырымдап отырды.
Көпшіліктің сұрауымен Бәйімбет домбырамен, Сандуғаш қобызбен сүйемелдеп, “Шашу” күйін тыңдармандардың көкірегіне ұялата білді. Осылайша ақынның шығармаларын сүйетін, бағалайтын және құрметтейтін жерлестеріміз ерекше сезімге бөленіп, рухани нәр алды
Мектеп-интернат директоры Ризабек Какпенов іс-шараға қатысушыларға алғысын білдіріп, Алғыс хаттар табыс етті.
Лариса КОВТУН,
№2 арнайы (түзету) мектеп-интернаты тарих пәнінің мұғалімі.