Құрметті солтүстікқазақстандықтар! 2023 жылдың қаңтар айында менің Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты ретіндегі өкілеттігім тоқтатылды. Осыған орай мен сайлаушыларымды халық қалаулысы ретінде бес жылдан астам уақытта атқарған жұмыстарымнан хабардар етуді жөн көрдім.
Парламент Сенатының мәртебесін есепке алсақ, жұмыс барысында бірінші кезекте заң шығару қызметіне, әсіресе экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік мәселелеріне басымдық берілді. Менің тікелей жетекшілік етуіммен көлік, бәсекелестікті дамыту, мемлекеттік сатып алулар, энергия көздерін қайта жаңғырту және электр энергетикасы, халықаралық стандарттау, инновацияны ынталандыру, цифрландыруды дамыту және тағы да басқа өзекті салалардың қызметін реттейтін 29 заң жобасы қаралды және кейіннен олар қабылданды. Сонымен қатар Парламент Сенатының басқа депутаттарымен бірлесіп қоғамдық қажеттілікті есепке ала отырып бірқатар заңдардың қабылдануына бастамашы болдық, олардың қатарында әлемдік трендке айналған әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған құжат та бар. Аталмыш заңды қабылдау тұрғындардың әлеуметтік осал санаттарының проблемаларын шешумен белсенді айналысуға мүмкіндік беріп қана қоймай, сондай-ақ біздің елімізде кәсіпкерліктің жаңа сегментін дамыту үшін қолайлы жағдай тудырды. Бұл бағытта Солтүстік Қазақстан облысында да белсенді жұмыстар жүргізіліп жатқаны көңілге қуаныш ұялатады.
Өңірлерді дамыту мәселелерін шешуге жан-жақты қолдау көрсету Парламент Сенаты қызметінің маңызды басым бағыты болып табылады. Сондықтан әріптесім Ольга Валентиновна Перепечинамен бірлесіп күн сайын дерлік кіші отанымыз – Солтүстік Қазақстан облысының мүдделерін қорғадық. Өзекті мәселелердің басым бөлігін біздің өңірге жұмыс сапарымыз кезінде тұрғындар көтерді. Біз облысымыздың барлық аудандарында кездесулер өткіздік.
Осындай бірлескен жұмыстардың нәтижесінде облыстың бюджеті айтарлықтай өсті, ол әлеуметтік қажеттіліктерге шығыстарды ұлғайтып қана қоймай, сонымен бірге бірқатар маңызды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ көптеген жүйелі проблемалар шешімін тапты, олардың қатарында Астана – Петропавл – РФ (Қорған бағыты) автожолын қайта құру жұмыстарының аяқталуы бар, сонымен қатар Есіл, Булаево топтық су құбырларын қайта құру мен облыс аудандарын сумен жабдықтау бойынша жобалар жүзеге асырылды.
Еліміздің Үкіметімен бірлесіп Солтүстік Қазақстан облысын газбен қамтамасыз етудің баламалы жолдарын іздестіру мәселесі жан-жақты талқыланды. Бұл мәселе ең жақын арада өзінің нақты шешімін табады деп үміттенемін. Көптеген өңірлік проблемаларды шешуге бағытталған ұмтылыстарымызды Парламент Сенатының “Өңір” депутаттық тобының алаңы белсенді қолданғанын атап көрсеткім келеді, 2021 жылдың қыркүйек айында мен оның жетекшісі болып сайланған болатынмын. Осы депутаттық топтың жұмыстары шеңберінде біз билік деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту, көші-қон процесін реттеу, ауылдық жерлерде тұрғын үй құрылысын ынталандыру, сондай-ақ коммуналдық инфақұрылымды жаңғырту сияқты бірқатар өңірлік ұсыныстарды жүзеге асыруға қол жеткіздік.
Құрметті солтүстікқазақстандықтар! Парламент Сенатының депутаты болған кезімде маған жан-жақты қолдау жасағандарыңыз, көптеген мәселелердің шешілуіне түсіністікпен қарағандарыңыз және орынды сындарыңыз үшін алғыс білдіремін. Осы кезең ішінде біздің әрқайсымыз тек елімізге ғана емес, сонымен бірге біздің сана-сезімімізге әсер еткен оқиғалар мен іргелі өзгерістердің куәгері болдық. Менің атқарған жұмыстарым тек ұлттық заңнамаларды жетілдіру бойынша іске үлес қосуға ғана емес, сондай-ақ біздің облыстың көптеген өзекті мәселелерін шешуге мүмкіндік бергеніне сенімдімін, бұл түптің түбінде солтүстікқазақстандықтардың әлеуметтік көңіл күйін жақсартуға әсер етті деп ойлаймын.
Ерік СҰЛТАНОВ,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының экс-депутаты.