Ақан сері атындағы облыстық филармонияда “Әлқисса” фольклорлық ансамблінің “Сырлы сазы көктемнің” атты концерті өтті. Кеште танымал сазгерлердің туындылары орындалды.
Жергілікті өнерпаздар көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлады. Өңір тұрғындары “құлақтан кіріп, бойды алған” әсем әндерден, тәтті күйлерден сусындап қайтты.
Ансамбль концерт шымылдығын “Қайран есім” күйімен ашты. Кейін Мұрат Өскенбаевтың “Жеңіс”, Ахмедия Есмұхановтың “Айта алмадым”, Әлқуат Қазақбаевтың “Жаппас қобыз-домбыра”, Сүгірдің “Ыңғай төкпе”, Қазанғаптың “Ақ желең”, Бауыржан Ақтаевтың “Әгугай”, “Әй-әй бөпем”, Тоғжан Жахиннің “Күзгі сезім”, “Шабыт” күйлері жиналған жұртшылықты бір желпінтіп тастады.
Киелі сахнаға шыққан музыканттар сазсырнай, қылқобыз, шаңқобыз, дабыл, даңғыра, жетіген секілді аспаптарда ойнап, көрерменді таңғалдырды.
– Бүгінгі концерт көңілімнен шықты. Өнер иелері тыңғылықты дайындалыпты. Қазақтың жазық даласын, кербез сұлу көрінісін көз алдымызға елестеткен күйдің құдіреті таудан аққан тұма бұлақтай өне бойымызды шарлап, алпыс екі тамырымызды шымырлатқандай әсерге бөледі. Филармония өнерпаздарының концерттеріне әріптестерімізбен бірге жиі келіп тұрамыз. Әсіресе ансамбльдің орындауындағы күйлерден ерекше шабыт аламын, – дейді қала тұрғыны Гүлден Госман.
Кеште филармония солистері Дәмеш Құрманкина, Асхат және Динара Таушевтар, Мұхит Ахметов, Ғалымжан Нұрпейісов, Аружан Ерденова да әсем әннен шашу шашты. Олардың орындауындағы “Әдемі-ау”, “Мерекем сен”, “Іңкәрім-ай”, “Аяла сен мені”, “Таң сыры”, “Сәлем саған Қазақстан”, “Домбыра туралы баллада”, “Ақ Айша”, “Әгугәй” әндері көктемнің шуағындай жанға жылу сыйлады. Көпшілік тамаша кештің куәсі болды.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.