Тексеру комиссиясының негізгі қызметі облыс аумағында қаржылық тәртіпті нығайту және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджет қаражатын, мемлекет және квазимемлекеттік сектор субъектілері активтерін басқару мен пайдаланудың тиімділігін арттыруға бағдарланған. Осыған орай жүктелген міндеттер мен өкілеттіктер мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесіне сәйкес жүзеге асырылады.
2022 жылы 43 аудит объектісінде 16 аудиторлық іс-шараның (тиімділік аудиті–13) қорытындысы шығарылды. Мемлекеттік аудит бойынша 70263,5 млн.теңге бюджет қаражаты мен мемлекет активтері қамтылды, оның ішінде республикалық бюджет қаражаты – 14211,4 млн. теңге (20 пайыз), жергілікті бюджет – 56052,1 млн. теңге (80 пайыз). Жалпы сомасы 1940,3 млн. теңге бұзушылық тіркелді, атап айтқанда, қаржылық – 1690,1 млн. теңге (87 пайыз), тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаты мен мемлекет активтері – 250,2 млн.теңге (13 пайыз). Бұдан бөлек, аудит объектілерінің қызметінде бюджет қаражатын, мемлекет активтерін негізсіз пайдаланудың 343 рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар және 49 жүйелік кемшіліктер анықталды.
Жүргізілген аудиторлық іс-шаралардың қорытындылары барысында мына салаларда бұзушылықтар жиі кездесті. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бойынша – 1011,1 млн. теңге (бұзушылықтардың жалпы санының 52 пайызы), ауылдық округтерде – 439,0 млн. теңге (24 пайыз), денсаулық сақтау саласында – 148,8 млн. теңге (8 пайыз), басқа салаларда – 341,4 млн. теңге (16 пайыз). Талдау көрсеткендей, бухгалтерлік есепті жүргізу кезінде түрлі бұрмалаушыларға көп жол беріледі, бұл көрсеткіш жалпы бұзушылықтың 57 пайызын (1098,4 млн. теңге) құрайды. Бұрмаланған қаржылық есептілікті жасау фактілері бойынша 2,7 млн.теңге айыппұл салынып, 35 әкімшілік материал рәсімделді. Бұзушылықтардың жалпы санының 20 пайызы ( 390,8 млн. теңге) бюджет қаражатын пайдалану кезінде жіберілген. Бұл ретте су қысымы құрылыстарының алаңдарын жаңғырту жөніндегі орындалмаған жұмыстар үшін 329,1 млн. теңге көлемінде ақы төлеу фактісі анықталды.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: “Бюджеттік жоспарлау және мемлекеттік қаражатты жұмсау кезінде қабылданатын барлық шешімдер барынша тиімді болуға тиіс. Ел қай жобалардан көп пайда көретінін және қайсысын жақсы уақытқа дейін күте алатынын түсіну маңызды. Әлеуметтік-экономикалық әсерді талдау нәтижелерін толық пайдалану керек”, – деп атап көрсеткен болатын. Осы талапқа орай аудит жүргізу кезінде объектілер қызметінің, бюджет қаражатын жоспарлау мен пайдаланудың сапасын бағалауға баса назар аударылып, “Бизнестің жол картасы” шеңберінде берілген гранттар есебінен жаңа бизнес идеяларды (мысалы “Ыдыс жууға арналған құралдар мен сұйық сабын өндіру”, “Бұрандаларды өндіру цехы” “Жыл бойы – жасыл пияз”, “Тас-полимерлі композиттен жиһаз жасау”, тағы басқа) іске асыруға бөлінген 26,5 млн. теңге сомасындағы бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану анықталды. Процедуралық бұзушылықтардың жалпы санының 50 пайыздан астамы мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің бұзылуына, оның ішінде мердігерлер мен жеткізушілер тарапынан жауапкершіліктің босаңсуына соқтырған. Нәтижесінде мемлекеттік сатып алу рәсімдерін бұзу фактілері бойынша жалпы 4,4 млн.теңге айыппұл сомасына 62 әкімшілік іс рәсімделді.
Орын алған кемшіліктер қаржылық тәртіптің төмен деңгейін, нормативтік-құқықтық актілерді жеткіліксіз білуін және дұрыс түсінбеуін, мемлекеттік аудит объектілеріне жүктелген міндеттердің тиісінше орындалмауын, бюджет қаражатының жұмсалуына аудит объектілерінің лауазымды тұлғалары тарапынан тиісті бақылаудың болмауын, мемлекеттік органдар ұсынатын мәліметтерді жұмыста дұрыс қолданбауын көрсетті. Жалпы тексеру комиссиясының жұмысы бұзушылықтарды анықтауға емес, жүйелік проблемаларды табуға және оларды шешу жолдарын іздеуге, қаржылық тәртіпті жақсартуға, заңнаманы жетілдіруге жәрдемдесуге бағытталды. Бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою мақсатында мүдделі мемлекеттік органдарға, аудит объектілеріне 82 ұсыным мен тапсырма берілді. Орталық мемлекеттік органдарға 5 ұсыныс жолданды. Тексеру комиссиясының ұйғарымдарында аудит объектілеріне 1690,1 млн. теңге көлеміндегі бұзушылықты қалпына келтіру (бюджетке өтеу) жөнінде шаралар қабылдау тапсырылып, 1661,8 млн. теңге өтелді. 346,5 млн. теңге жергілікті қазынаға қайтарылды. Лауазымды тұлғалардың нормативтік-құқықтық актілерді сақтамауына қатысты мәслихаттарға бес ұсыныс енгізіліп, тұрақты комиссиялардың отырыстарында қаралды. Бюджет қаражатын негізсіз ұлғайту фактілері бойынша жалпы сомасы 60 млн. теңгеден астам сыйлықақы төленгені анықталып, аудандық экономика және қаржы бөлімінің үш лауазымды тұлғасы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. 381 адам (3 қылмыстық, 316 әкімшілік, 62 тәртіптік) жауапқа тартылды. 35,5 млн. теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды.
Тексеру комиссиясы қызметі бағыттарының бірі мемлекеттік аудит барысында анықталған жүйелі қаржылық бұзушылықтардың, бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау мен пайдаланудың алдын алу және ескерту болып табылады. Осы мақсатта аудандарда жиі кездесетін бұзушылықтар бойынша және тексеру комиссиясының қызметін жариялай отырып, көшпелі семинар-кеңестер (“дөңгелек үстелдер”) өткізілді. Биыл 10 ауданда көшпелі семинар-кеңестер ұйымдастыру белгіленген. 2023 жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесіне сәйкес 70 аудит объектісінде 14 аудиторлық іс-шара жүргізу жоспарланған. Осылайша 190 млрд. теңгеден астам бюджет қаражаты мен мемлекет активтері қамтылмақ.
Облыстық тексеру комиссиясы.