«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАМАНДЫҒЫНА АДАЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінде Петропавл қалалық полиция басқармасында қызмет ететіндердің әр бесіншісі – әйел. Иығына погон тағып, ерлермен иық тіресе қылмыспен күресіп жүрген қыз-келіншектер, тіпті ер адам үшін де психикалық тұрғыда ауыр соғатын, күш-жігер мен табандылықты қажет ететін тергеуші мамандығын меңгерген. Солардың бірі – Петропавл қаласының тұрғыны Әлия Ешпенова. Бүгінде полиция подполковнигі шеніне дейін көтерілген білікті маманмен мереке қарсаңында сұхбаттасқан едік.

– Әлия Русланқызы, құқық қор­ғау органдарында қызмет етудің қыз бала үшін жеңіл емес екендігі бел­гілі. Сіз не себептен болаша­ғыңызды осынау қиындығы мен жа­уапкершілігі мол саламен бай­ланыстыруды жөн көрдіңіз?

– Мен Шал ақын ауданының ту­масымын. Солтүстік Қазақстан заң академиясының түлегімін. Ішкі істер министрлігі жанындағы Қарағанды академиясында біліктілігімді арт­тыр­дым. Ішкі істер органдарында 2006 жылдан бері еңбек етіп келе­мін. Бұл мамандықты мен өзімнің жүрек қалауыммен таңдадым. Әлі есімде, жұмысқа орналасу туралы бұйрық шығысымен-ақ, тәуліктік ке­зекшілікке түстім. Сол күні кенеттен қайтыс болған зейнеткер әйел бо­йынша шақырту түсті. Бұған дейін мен мәйітті ұстап көрмеп едім. Қо­рықсам да, тиісті жұмысты атқар­дым. Сол күні Петропавлдағы Жам­был көшесіндегі 7 көліктің тонал­ған­дығы туралы хабарламаға жауап бе­ру міндеті маған тапсырылды. Зар­дап шеккен жеті адаммен 5 сағат бойы жұмыс істедім. Маған ең қиын тигені – жас жігіттің өз-өзіне қол жұм­сап, басынан мылтықпен атуы еді. Бұл оқиға да сол 2006 жылы болды. Оқиға орнына келгенде алдымдағы көріністен шошып кеттім. Шашыра­ған қаннан аяқ алып жүріп болмай­ды. Марқұмның миы пәтердің төбе­сіне жабысып қалыпты. Амал жоқ, эмоцияға ерік бермей, бар күш-жіге­рімді жинап, іске кірістім. Өйткені, моральді-психологиялық тұрғыда мен мұндайға дайын едім. Бізді ұс­таз­дарымыз, оқыс оқиғалар кез-кел­ген жағдайда жұмыс істеуге үйретті.

– Уақыт өте келе мұндайға адамның еті үйренетін шығар, қа­зір қалай қабылдайсыз?

– Ең бастысы, жүрекке жақын алмау керек, әр оқиғаны эмоциямен қабылдайтын болсаң, бұл жерде көпке бармайсың. Қазір бұл салада ең­бек етіп жатқаныма 17 жылдан ас­ты. Кез келген оқиғаға барарда мені “істің ақ қарасын анықтаймын” деген сенім мені алға жетелейді.

– Тергеушінің міндеті, жұмысы туралы ашық айтыла бермейді ғой. Сіз осы тақырыпқа терең бой­лай аласыз ба? Бұл сауал біздің оқырмандарымызды да қызық­тырады.

– Полиция бөлімінің кезекші бө­лімшесінен қылмыс туралы хабар­ла­ма түсісімен біз оқиға орнының қорғалуын қамтамасыз етуіміз қа­жет. Мәселен, кісі өлтіру қылмысы болды, заттай айғақтар жоғалмауы үшін, полиция қызметкерлері оқиға орнын күзетеді. Бұдан кейін тергеуші кезекшіге қылмыс болған жерді қарап шығу үшін қандай мамандар қа­жет екенін айтады, әдетте олар сот-медицина сараптамасының ма­маны және криминалист. Тергеуші келгенге дейін куәгерлерді дайын­дап қоюлары қажет. Бірақ іс жүзінде дәл осылай бола бермейді. Жалпы қылмыс орнын қараудың арнайы әзірленген әдістемесі бар. Кісі өлімі, зорлық немесе адамға қатысты басқа да қылмыс жасалғанда оқиға орнын сапалы түрде қарап шығу маңызды. Көп жағдайда қылмыстық істі тергеу және оны сотта қарау нә­тижесі осы оқиға орнын қарау сапа­сына байланысты болады.

Ал қылмысқа күдікті оқиға ор­нында ұсталса, бұл біздің жұмысы­мызда аздап болса да жеңілдетеді. Ұсталған адамға оның құқығын түсін­діреміз, прокуратурамен келісе оты­рып, жауап аламыз. Тергеу бары­сында күдікті 72 сағатқа уақытша ұстау изоляторына қамауға алына­ды. Кейін сот арқылы бұлтартпау шарасы қолданылады.

Тергеушінің жұмысы – дәлел­де­мелерді жинау. Қылмыстық-про­цес­суалдық заңнама бойынша, біз куә­гер­лерден жауап аламыз. Зардап ше­гуші мен күдіктінің аты-жөнін анық­тап, олар туралы мәлімет жи­най­мыз. Қайда жұмыс істейді, қыл­мыс жасалған күні қайда болды, оның алдындағы тәулікте не істеді, кіммен кездесті, тағысын тағылар. Қажетті сараптамаларды тағайын­дай­мыз.

– Алдыңызда отырған сотта­лушыны аяған кездеріңіз болды ма?

– Тергеуші де ет пен сүйектен жа­ралған адам. Түрлі оқиғалар бола­ды, абайсызда жасалатын қылмыс­тар бар немесе заңбұзушылыққа тығырыққа тіреліп, адасқаннан бара­тындар болады, қандай жағдай болмасын әркім істеген қылмысы үшін жауап беруі тиіс. Бірде, ақыл-есі ауысқан сотталғанды тергедім. Оны денсаулығындағы кінәратқа бай­ланысты ешкім жұмысқа алма­й, қиын жағдайға тап болып, жоқ­тықтан бірнеше рет ұрлыққа барған екен. Мен ол кісіні аядым, бірақ, әділдік орнауы керек. Істеген қыл­мысы үшін түрмеге отырды. Оның камерада өз-өзіне қол жұмсап, көз жұмғанын кейін естідім.

– Полицейлердің жұмысы ту­ралы қазір көптеген сериал бар. Фильмдегі мен өмірдегі сәйкес келетін тұстары бар ма? Жалпы кино көресіз бе?

– Фильм көруге, әдетте, уақыт бола бермейді. Бос уақытымды от­ба­сыма арнаймын. Әйел адам бол­ғандықтан үйдің шаруасымен де ай­налысу қажет. Біздің жұмыс туралы көрген сериалдарыма келер бол­сам, өмірде бәрі басқаша. Фильм­дегідей әдемі болмайды.

– Ішкі істер органдарында әйелдерге жұмыс істеу ерлерге қарағанда қиын емес пе? Бұл са­ла­да еңбек ету үшін қандай қа­сиеттерге ие болу қажет?

– Әрине, біздерге қиынырақ, се­бебі, отбасындағы жағдай, көңіл-күй әйелдерге байланысты. Үйге кірген­де сырттағы жұмысты, бар мәселені далада қалдыруға тырысасың. Та­мақ пісіру, кір жуу, бала бағу, тәр­биелеу, сабағын оқуға көмектесу. Мұ­ның бәрін еңсеру үшін сені қолдай­тын, түсінетін, көмектесетін, қиын кезде жаныңнан табылатын азама­тың болуы керек. Ал бұл салада қандай да бір жетістікке жету үшін еңбекқор болу маңызды. Сондай-ақ, са­бырлылық, ұқыптылық, шыдам­ды­лық, сараптай білу сынды қасиет­тер де керек.

– Қазір сіздің міндетіңізге не кіреді?

– Мен қазіргі уақытта Петропавл қалалық полиция басқармасының ұйымдастыру-аналитикалық жұмыс тобында аға тергеуші болып еңбек етемін. Қылмыстық істерді қарап, оларды тергеу уақытына мони­то­ринг жүргіземін. Басқа күш құрылым­дарымен байланыс орнатып, Заң­ның бұзылмауын қадағалаймын.

– Мереке қарсаңында қыз-келіншектерге, аналарымызға қан­дай тілек жолдайсыз?

– Менің ойымша, әр адам өмір­дің барлық сәтін мерекеге айнал­дыруға тырысуы керек. Өмір – бізге берілген аманат. Адамдарды жақсы көру, мұқтаж жандарға қол ұшын созу, жақындарыңа жақсылық жа­сау, құрметтеу, сыйлау – өмір осы қа­сиеттер, ізгіліктер арқылы маз­мұн­ды. Адам өзін, айналасын, туыста­рын, мамандығын, балаларын шы­найы жақсы көруі керек.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp