«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ӘЛЕМНІҢ МӘНІ – ӘЙЕЛДЕ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында өткен ғасырда ел басына түскен ауыртпалықтарды қазақтың қыз-келіншектері қалай еңсергені хақында ой толғамақ болып, қолыма қалам алған жайым бар. Өмірдің мәні де, тіршіліктің сәні де – әйел. Нәзік жандар – тіршіліктің тамыры, шаңырақтың ұйытқысы. Сондықтан әйел затының қоғамдағы, адамзат өміріндегі орны мен рөлі ерекше дер едім. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен аналарға құрмет көрсету – күллі адамзаттың парызы. Қазақ халқы да қашаннан қыздарын қадір тұтып, төрінен орын ұсынған. Ақын Жүрсін Ерман айтқандай: “қай жерде, мейлі, қай елде, әлемнің мәні – әйелде”.

Екінші дүниежүзілік соғыс бас­тал­ғанда мен алты жасқа да тол­маппын. Бала болсам да сол зұлмат жылдардың қилы оқиғалары есімде сақталып қалыпты. Біздің Маңғұл ауылынан соғыстың алғашқы жыл­да­ры 47 ер-азамат қанды майданға аттанды. Ауылда аналар мен әже­лер, аталар мен балалар қалды. Ұжымшардағы шаруашылықтардың бар ауыртпалығы әйелдер мен қа­рияларға жүктелді.

Шағын ғана елді мекенде қара жамылған отбасылар аз болмады. Со­ғыста қаза тапқандар туралы суыт хабар біздің де жүрегімізді ауыртып, жанымызды сыздататын. Соғыстың соңғы жылдарына қарай ауылға қол-аяғынан айырылған екі азамат қана оралды. Ол заманның тәртібі өте қатаң еді, ауылдағы ша­руашылық тоқтап, тұралап қалмауы керек, әйелдер, қариялар, балалар – түгел жұмысқа жегілді. Техника жоқ, бүкіл шаруа адамның күшімен, қолымен атқарылады. Егін өгіз бен сиыр жегілген, қолмен ұстайтын бір тілді соқамен жыртылады, астық тұқымы мойынға асылған қапшық­тан – қол дорбадан оңға-солға ша­шылады, егістегі жаңа біліне бас­таған өскіндер арасынан арам шөп­тер қолмен жұлынады.

Ұжымшардың жұмысшылары демалыс дегенді білмеді, себебі нау­қан үздіксіз жалғасып жататын, шөп шабу, қысқы қалдықтардан мал қо­ра­ларын тазарту, жөндеу, бұларға күзгі жиын-терім қосылады. Дема­лыс­сыз еңбек етіп жүрген жандарға ақшалай жалақы төленбейді, тек “еңбек күн” жазылады. Тынымсыз еңбек жолындағы қауымның көбі әйелдер, олардың егіс даласында сәбилі болғандарын, соқаға жегіл­ген сиырлардың бұзаулағанын та­лай мәрте естідік.

Ауыртпалығы шексіз, бейнеті мол тауқыметті ерік-жігерлерімен, қай­сар мінездерімен еңсере білген­дердің қатарында Бибіжамал Жале­ли­денқызы, Бикәш Қалиқызы, Жұ­ма­жар Тәшмәнқызы, Қадиша Қасен­қызы, Қалима Бәкібайқызы, Ләтипа Әлібайқызы, Күләш Уәйілдәқызы, За­­ғира Ыбрайқызы, Күлшәрә Ма­қан­­қызы есімді ардақты жандар бол­ды. Бүгіндері олардың бәрі де мәң­гілік мекендерінен орын алды. Жандары жән­натта, тәндері рахатта болу­ларын нәсіп етсін деп тілейміз.

Қиын тұрмыстың ауыртпалығы­на морт сынбағандардың қатарын Қаншайым Қапезқызы, Рахима Иб­рагимқызы, Райхан Есманқызы, Шәр­бән Айтымханқызы, Сара Се­йіт­қызы есімді жандармен толық­тыр­ғым ке­леді. Бұл жоғарыда келті­рілген ша­ғын ақпарат кеңес үкіметі тұсындағы халық тіршілігінен есте­лік – көрініс іспетті. Олардың адал еңбектері қазақ қызының қандай қи­лы заман болмасын барлық ауырт­палыққа төтеп бергенін айғақ­тай­тындай.

Көктемнің шуағымен бірге келе­тін аналар мен арулар мерекесі қар­саңында мен сол асыл жандарды еске аламын. Көңілім толқиды. Нәп-нәзік қолдарымен түрлі ауыр зат­тарды көтеріп, елдің тыныштығы жолында уақытпен санаспай еңбек­тен­ген олардың өмірлері қазіргі жас­тарға үлгі болса дейсің. “Әлемде­гі әсемдік пен сұлулық әйел көркі мен ана мейірімінен нәр алған” – дейді халық даналығы. Отанымыздың ха­лық шаруашылығының қай сала­сын­да болса да әйелдердің үлесі мол. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында ай­тылған Жаңа, Әділетті Қазақстан құру ісінде де қыз-келіншектердің алғы шепте жүретіні жалған емес.

Қазақтың қыздары қай заманда болмасын “ел боламын десең, бе­сігіңді түзе” деген тәмсілге адал бол­ды. Осы ретте біздің өңірдегі алдың­ғы толқын аналар туралы айта кет­кім келеді. Олардың қатарына Сара Қа­сымқызы, Ұлсара Жалкенқызы, Қым­бат Есмұханқызы, Айман Әлі­бекқызы, Дәметкен Есләмқызы, Гүл­нәр Мағжанқызы, Әльфия Байте­кее­ва, Майра Ералина, Әдия Ыс­қақ­қы­зы, Қарлығаш Қабдоллақызы, Ва­лен­тина Қондратова сынды ең­бек ар­дагерлерін қосар едім. Бұл жан­дар ұлы Абай айтқандай “Ақы­рын жүріп, анық басқан, ұстаздық қы­лудан жа­лықпаған” ардақты жан­дар. Бола­шақтың бағбан­да­рын тәр­биелей отырып, отбасы­лық тәлім-тәрбиені ақсатпай қатар алып жүре алғандар. Олардың көбі бүгіндері тәуелсіз еліміздің ұл-қыздарына ақыл айтар, өнеге берер жас­қа жет­ті. Бейнет­терінің зейнет­терін көріп отырса да қоғамдық ша­ралардан тыс қалмай, елдің ертеңі, жарқын болашағы үшін бар білген­дерін бүгіп қалмауда.

Бір айтып өтерлігі, жоғарыда есі­мі аталған жандардың дені жұ­бай­ларынан жас кездерінде айырылды. Арқасүйерлері о дүниелік болса да, олар шаңырақтарын шайқалтпай, еңселерін түсірмей, ұрпақтарының өсіп-өніп, қатарға қосылулары, іл­гері басып көркеюлері үшін жан ая­май еңбектеніп, жасөспірімдерге ана­лық мейірімдерін сарқа жұм­сады.

Ұстаздықты – ұлағатты мамандық деп білген қыз-келіншектер де аз емес. Абырой биігінен көрініп жүр­ген Жібек, Мақпал Тобылқыздары, Ақ­қайың ауданың тумалары – ұс­таздар Күлбәршін Тоқыбайқызы мен Жұма­жар Байтенова, жоғары оқу орны­ның ұстазы, ғылым канди­даты Гүл­нәр Қайроллақызы тың­ғылықты қызметтерін жалғастыруда және көпшіліктің ризашылығына бө­лену­де. Бүгінде зейнет демалы­сына шық­қан Сәуле Алмолдина, Рысты Жан­сейітова, Сәуле Жұны­сова, Күләш Бай­дилдина, Сәр­уәр Шәймергено­ва, Сәруәр Мәди­қызы сияқты ден­сау­лық сақтау са­ла­сы­ның майтал­ман ардагерлері, көп жыл­дар бойы елге адал, мәр­тебелі қызмет етті. Өңір жұртшы­лығы бұл жандарды “дерт­теріне ем іздеген­дердің шипа­гер­лері” деп дәріптейді.

Өңіріміздің ғасыр жылнамасы “Soltüstık Qazaqstan” газетінің ұжы­мына саналы ғұмырын арнаған, маң­дай тері мен көзмайын сарп етіп, адал да тыңғылықты түрде коррек­торлық қызмет атқарған Әлпеш Смағұлова, Пет­ропавл тігін фабри­касының ісмері, майталман маманы Нағима Жұнысова, қорғаныс зауы­тының ста­нок шебері Жәмила Ыс­қақова, көп жылдар бойы қырық бес мыңдық қа­лалық ардагерлер ұжы­мына жетек­шілік еткен Сара Тасе­менова, еңбек ардагері Ақнұр Темі­рова сияқты құр­метті аналарды ме­реке қарсаңында ұмытпау ләзім. Бұл кісілердің бәрі де сыйлы еңбек ардагерлері, құр­метті азаматтар.

Ұзақ жылдар бойы пошта байла­н­ысы саласында қызмет атқарған Ли­дия Исакова, Валентина Авдее­ва, Күлбәрәш Қасенова, Любовь Кух­тицкая, Екатерина Кадочникова, Та­мара Целых, Нина Шлейдовец сын­ды нәзік жандар өздеріне тапсы­рылған міндеттерді абыроймен ат­қарды. Өткен ғасырдың тоқсанын­шы жылдары пошта мекемелерінде жеті мыңнан астам жұмыскердің 87 пайызы әйелдер болған еді. Пошта саласының жұмыстары үзіліссіз тәу­лік бойы атқарылатын. Бізге келіп түскен газет, журнал, ақша аударма­лары мен сәлемдемелер, хаттар, жедел және ашық хаттар елді ме­кен­дерге жұмасына алты рет, аудан орталықтары мен Петропавлға күнбе-күн жеткізілетін.

Өткен тарихқа көз жүгіртсек, қа­зақ халқының басынан небір нәу­бет­тер, ашаршылықтар мен соғыс өт­кенін білеміз. Сол қиындықтар­дың бар­лығынан біз қыз-келіншекте­рі­­міз­­дің ақылдылығының, ер-жігіттері­міздің батылдығының арқасын­да өтіп, бүгінгі еңсесі биік егемендік­ке жеттік. Қазіргі Жаңа Қазақстанды да алға жылжытатын – ибалы, ина­бат­ты, адал қыз-келіншектер, на­мысты ұлдар! Біз оларға сенім ар­тамыз.

Тілек ӘБДІРАХМАНОВ,

Қазақстан Республикасының құрметті байланысшысы, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp