Белгілі ақын, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Жайлыбай Қызылжар өңіріне келіп, шығармашылық кеш өткізгенін газетіміздің өткен сандарының бірінде жазған болатынбыз. Ардакүрең ақын осы сапары барысында өңір руханиятының қарашаңырағы – “Soltüstık Qazaqstan” басылымына ат басын бұрып, тілшілермен поэзия төңірегінде әдемі әңгіме өрбіткен еді. “Bızde qonaqta” айдарының қонағымен болған сол сыр-сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.
– Алаштың аяулы ақыны Мағжандардың ізі қалған қарашаңырақ – “Soltüstık Qazaqstan” газетінің радакциясына бас сұққаныңыз үшін рақмет. Жалпы Қызылжар өңіріне ат басын жиі бұрасыз ба?
– Бұл қасиетті қарашаңырақта бұдан бұрын да бірнеше рет болғанмын. Келген сайын соқпай кетпеймін. Жалпы теріскей өңірімен жас кезден бері шығармашылық байланыстамын. Бұл – Мағжан туған киелі топырақ. Қызылжар десе есімізге Қожаберген жырау, Шал ақындардан бастап, бертінгі Ғабең, Сәбең, Сафуандардың есімдері түседі.
Кезінде Жезқазғанда облыстық газетте қызмет істедім. 1985 жылдардың шамасы ма екен, ақын Шынболат Ділдәбаев екеуіміз осы өлкеге алғаш рет келіп, жайсаң ағаларымызбен жүздесіп қайтқанбыз. Елдің шетінде, желдің өтінде отырса да мұндағы ұлтым деп соққан жүректер қазаққа еселі еңбек етуде. Кезінде Қызылжар өңірінің тумасы Сабыр Сауытбаев деген редакторым болды. Ол кезде Жезқазғандағы облыстық газетте бөлім меңгерушісі едім. Қасымда отыратын әріптесім жұмысқа жиі кешігетін. Жастықтың жалыны ұрып тұрған шақ. “Сіз енді жұмыстан кешікпеңіз” деп қатты-қатты ескерту айтамын ғой. Сөйтсем ол кісі менің бір ауыз сөзімді көтере алмай, “жас бала бұйрық берді” деп ішіп кетіпті. Содан Сәкең мені шақырып алып: “Ғалым, айналайын, жұмысты енді бастап жатырсың, шығармашылық ұжымда бастық деген жоқ, жұртпен тіл табысып жұмыс істемесең болмайды” деп ақылын айтып еді.
2000 жылы Сәбеңнің тойына қатысып, мүшәйраның бас бәйгесін еншілегенім де кешегідей көз алдымда. Бұл киелі топыраққа рухани тазару үшін де келетіндер жоқ емес. Мен Қызылжар туралы өлеңімде:
“Шоқ, шоқ қайың, шоқ қайың, топты қайың,
Ақ самалын өлеңнің соқтырайын.
Ақ дүниеден адалдық іздегенде,
Ақ қайың, бір сендерге кеп тұрайын”, – деппін. Маған осы өлкенің әрбір ұл-қызы сол қайыңдар сияқты елестейді. “МузАРТ” тобы орындайтын “Есіл ағады” әнінің сөзін кезінде “Қызылжар” қонақүйінде жатқанда жазып едім. Мұндағы ағайынның амандығына қашанда тілекшіміз.
– Шығармашылық жолыңыз жайлы айтып берсеңіз. “Музасыз ақын болмайды” деп жатады. Сіз шабытты қайдан аласыз?
– Шығармашылық адам ақындық, жазушылық жолға нақты бәленінші жылы келдім деп айта алмайды. Мен өлең керуеніне мектеп қабырғасында жүргенде қосылдым, содан бері халықтың көз алдында келе жатырмын. Көпбалалы отбасынан шықтым, он бір баланың бірімін. Қарағандының даласында әкем өмір бойы жылқы фермасын басқарды. Атамыз ашаршылық жылдарында аштан өліп, жастайынан жетім қалған әкем көп қиындық көріпті. Балаларым мендей болмасын, шамам келсе оқытайын, адам болсын дейді екен. Соған сай үйдегі балалардың бәрі сабақты үздік оқыды. Әкеме қолғабыс ету үшін 16 жасымда мектепті бітірдім де жылқышы болып кеттім. Өйткені үш әпкем институтта оқып жатқан-тұғын. Жылқыны жанымдай жақсы көремін. Бақтым, баптадым, бәйгеге де қостым.
Аттың жалында жүріп өлең жаза бастадым. Өлеңдерім жергілікті басылым беттеріне шығып тұратын. 1975 жылы республикалық “Жұлдыз” журналының жиыны өтетін болып, облысымызға Оралхан Бөкей, Кәрібай Ахметбеков, Жарасқан Әбдрашев бастаған ақын-жазушылар келді. Менің аудандық газетке шыққан өлеңдерімді Жарасқан Әбдрашев оқыған болса керек, сонау қу далаға арнайы келіп, өлеңдерімді “Жұлдызға” шығарамын деп алып кетті. Ол кезде Жарасқан “Махаббат математикасы”, “Дала сенің ұлыңмын” деген өлеңдерімен аты шығып қалған, жасы 30-ға әлі толмаған жігіт еді. Айтқанындай Жезқазғанға бір нөмір арнаған екен. Кәкімбек Салықов, Нұрәсила Бәрменбаева және менің өлеңдерімді басыпты. Ол кезде “Жұлдыз” журналына шығармаңның шығуы космосқа ұшқанмен бірдей еді.
1983 жылы “Жігер” фестивалінде лауреат болдым. Алғашқы жинағым да ерте жарық көрді, осы күнге дейін 36 кітабым баспадан шығыпты. Шетелдегі көптеген фестивальдарға қатыстым. 2017 жылы “Қара орамал” деп аталатын поэмам Стокгольм қаласында әлемдік байқауда бәйге алды. Өлеңдерім орыс, татар, грузин, қытай, түрік, украин, беларус бастаған жалпы саны 16 тілге аударылыпты.
Ал енді муза дегенді әркім арқалай түсінеді ғой, өлең деген ғайып нәрсе. Былай қарасаң өмірдің бәрі – муза. Біздің жүздесіп отырғанымыздың өзі муза болуы мүмкін.
– Муза дегеннен шығады, ақын – сезімнің адамы. Әр елге немесе әр өңірге барғанда сондағы сұлуларға тамсанатыныңызды өлеңдеріңізден байқаймыз. Түркімен еліне барған сапарыңыздан кейін “Гүлрайхан” деген өлең шықты.
“Ташауызда талшыбықтай Гүлрайхан,
Жан сырымды сізге айтпаған кімге айтам?
Тереңінде тербететін текті қыз,
Жанарыма жарық сыйлап кеттіңіз…” – деп басталатын өлеңнің тарихын білгіміз келеді. Қызылжардың арулары туралы да қалам тербеген кезіңіз болды ма?
– Бұл – Түркімен еліндегі Нұрмұхамед Андалиб деген ақынның тойына барғанда шыққан өлең ғой. Мені қарсы алған Гүлрайхан деген қыз ерекше әсер қалдырды. Тіпті оншақты күннің ішінде қарындасым, жанашырым сияқты болып кетті. Түркімендердің қыздары шынымен де әдемі болады екен. Үш мың адамның алдына шығып өлең оқыдым. Үлкен концерт залында адамдар гүлдей жайқалып отыр. Қандай ғажап, былайша айтқанда адамнан гүл жасап қойғандай. Адам адамға ғашық болу деген қалыпты құбылыс. Муза деген де сол шығар мүмкін. Бұл өлеңнің тарихы сондай бір жанашырлықтан, сұлулыққа тәнті болудан туындаған.
– Қаншама еңбектеріңіз шет тілдеріне аударылды, аудармашыларды өзіңіз іздейсіз бе, әлде өздері ниет білдіре ме?
– Аудармашыларды негізінен өзім табамын. Өлеңдерім бір тілден екінші тілге жылдам аударылып жатады. “Ақ сиса” деген поэмамды орыстың атақты аудармашысы тәржімалады. Жақында Қарағанды қаласында Карлаг тақырыбында жазылған “Қара орамал” деген поэмам өзге тілге аударылып, тұсаукесері өтті. 23 мемлекеттен елшілер қатысты. Әсіресе бұл тақырыпқа әдебиетте көп ешкім қалам тербемеген. Карлаг КСРО-дағы азаптау лагерінің арасында тоғызыншы орында болған екен. Алматыдан келе жатқан жолдағы Қарабас деген станция сол Карлагтың қақпасы болған жер. Онда 1.5 миллион адам азапты күндерді бастан өткерген. Мен сол поэманы жазу үшін шаң басқан архивтерді ақтарып, қаншама дерек жинадым. Жалпы біз сол жұртта өстік. Көбіміз лагерь десе АЛЖИР-ды айтамыз, ал ол Карлагтың 57 нүктесінің біреуі ғана. Біздегі Бидайық, Бұрма, Ақой, Кеңгір сияқты ауылдарда әлі де Карлагтың ізі сайрап жатыр. Адамзаттың небір асылдары сонда отырған.
Жалпы Қарағанды институтын жұрт көп мақтайды, кейін ойласам, онда Карлагқа келген ғалымдар мен өнер адамдары отырған екен ғой. Мәселен, Бортман деген атақты суретші біздің Ақойда пеш жағушы болып жұмыс істепті. Тұрар Рысқұловтың әйелінің мамандығы мал дәрігері болған ғой, Бейімбет Майлиннің әйелін қасына алып мал қарауға шығады екен. Бір күні Бейімбеттің әйелі Гүлжамал алдындағы 70 бас малдан айырылып қалады. Бас кететін іс, бір күннің ішінде жергілікті халық сол малды жинап беріпті. Басқа лагерьлерге қарағанда мұнда тірі қалу мүмкіндігі көбірек болған, бірақ азаптаудың небір түрін көрсеткен.
– Әдебиетті, әсіресе ақын-жазушыларды елге, жерге бөлу біздің елде белең алып барады. Мәселен, биыл марқасқа Мағжанның туғанына 130 жыл толып отыр. Қызылжарлықтар атқа мініп, тойға қызу дайындық үстінде. Ал өзге өңірлер үнсіз. Күллі түркіге мәлім Мағжанның тойы тек теріскейде ғана тойлануы керек пе сонда?
– Өте орынды сұрақ, мұның арғы жағында рушылдық, жершілдік қылаң береді. Мәселен, Қасым – Қарқаралының, Жамбыл Ұзынағаштың ақыны дегендей әңгіме ғой. Мағжан – жалғыз солтүстікке ғана емес, Алашқа ортақ ақын. Осындай қасаң түсініктен арылмайынша әдебиетте, өнерде көсегеміз көгермейді. Біз сияқты алдыңғы толқын бұл “аурудан” арылып, әсіресе жастар жағы мұндай көзқарастан аулақ болулары тиіс. Алашқа ортақ тұлғаны жерге бөлуге болмайды.
– Петропавлды Қызылжар деп атау жөнінде көп айтылды, алайда өзгеріссіз қалды. Бұған сіздің пікіріңізді қалай?
– Менің ойым қоғамның ойымен бірдей. Негізі саясат деген өте нәзік дүние. Мәселен, жіпті қатты тартсаң үзіліп кетеді. Сол сияқты кейде байыппен әрекет етпеске де болмайды. Бұл билік басындағылардың қазақты жек көргенінен емес, істі жан-жақты ойластырғанынан шығар деп ойлаймын. Әрине желдің өтінде тұрған киелі топырақ Қызылжар атауын қайта алса, қуанарлық жағдай болар еді. Бұл үлкен шаруа, елдің күтіп отырғаны да сол. Бұл жолға бірден емес, біртіндеп барған дұрыс-ау. Жалпы қала атауын ауыстырудың уақыты келіп тұрған сияқты. Ол үшін ел болып, етек-жеңімізді жиып, бірлігімізді бекемдеу маңызды.
– Бір күннің неше сағатын шығармашылыққа арнайсыз?
– Мәселен, прозашылар көбінде тапжылмай жұмыс үстелінде отырғанды ұнатады. “Өлең деген тумайды жайшылықта, өлең деген туады қайшылықта” деп Мұқаң айтпақшы, өлең деген қызық әрі ғайып дүние ғой. Кейде тапжылмай бес күн бойы жыр жазамын. Кейде айлап қолыма қалам ұстамай кетуім мүмкін. Өлең уақыт пен орын талғамайды. Бірде Қадыр Мырзәлиевпен сапарда бірге болдым. Табиғаты бөлек тұлға ғой, пойызда түннің ортасында жарықты жағып, бірдеңесін жазады да қайта сөндіріп қояды. Кейін сұрасам ол кісі өлеңді шалқасынан жатып жазады екен. Ойына келген шумақтарды тездетіп қағазға түсірмесе аздан кейін ұмытып қалатын көрінеді.
Мен көлемді поэмалар жазардың алдында сол тақырып жайында көп ойланамын. Біраз уақыт басымда піседі, толығып, толысады. Ал жазу уақыт алмайды. “Сұрақ белгісі” деген поэманы 11 күнде жаздым. Ал белгілі бір тақырыпқа өлең жазу үшін дайындық керек. “Қара орамал” поэмасын жазғанда барлық азаптау фактілерін жинап, сол жайында жазылған оншақты кітап оқыдым. Кейде тіпті ойыңдағы сол шығармаңды сәтті шығару үшін жүздеген кітап оқу аздық қылады. Қалам иесі атанған адам кейде жалаң қолмен от көсеуді де үйренгені дұрыс. Онсыз сәтті шығарма жаза алмайды.
– Коронавирусқа байланысты елде жарияланған карантин шығармашылығыңызға кесірін тигізген жоқ па?
– Керісінше, пайдасы тиді, көп кітап оқуыма мүмкіндік туды. Осы індет көп жұрттың тәубесін есіне түсірді ғой деп ойлаймын. Қаншама жандар жақынынан айырылып қалды. Еті тірі адам ажалдың құрығы қашан келер екен деп күтіп отырмайды ғой, кейбіреу қолынан келетін жұмысымен айналысты. Жалпы уақыттың қадірін білген дұрыс екен.
– Шыныңызды айтыңызшы, тапсырыспен өлең жазатын кезіңіз бола ма?
– Мен ондай жолға аса бара бермеймін. Өлең деген дүние тек ұйқастан ғана құралмайды ғой. Нағыз поэзия сезімге құрылады, оның ішінде ырғақ, музыка, ондаған тіпті жүздеген образ болады. Мәселен, “сізді көрдім, мұнда келдім, анда бардым” деп жаза салу оңай, оны да қабылдайды. Қазір басы бар, аяғы жоқ, ұйқасы бар, мәні жоқ неше түрлі әндер шығып жатыр ғой, міне, соның көбі тапсырыспен жазылған өлеңдер деп ойлаймын.
Тапсырыспен өлең жазудың өзіндік себебі болады. Бір жолы Қуат Есімхановтың досы хабарласты. “Құлпытасқа екі шумақ өлең керек еді, бір-екі ақындарға тапсырыс беріп едік, көңілден шықпай тұр”, – деді. Қуатты жақсы білемін, үлкен тұлға. Не істерімді білмей қиналып қалдым. Бірақ жазып бердім. Сәтті шыққан сияқты, артынан рақмет айтып хабарласты. Қазір тапсырыспен өлең, шығарма жазатын, тіпті кітап жазып беретіндер де табылады. Сондай заман туды ғой, бұл – өте қауіпті тенденция. Ақшасы бар “жартықаламдар” шын қаламгерлердің беделін түсіріп бітті.
– Өлеңдеріңіз оқуға жеңіл, сылдырап аққан су сияқты. Оқырманын өзіне тартып тұрады. Осының себебі неде деп ойлайсыз?
– Өлең өмірден алынады. Мәселен, “Қап арқалап бара жатыр қыз бала” деген өлеңім троллейбуста жазылды. Алматының ортасында арбат бар. Онда қайыршы да, басқасы да жүреді. Біреулер билеп, екіншілері ән салып мәдениетті қайыршының ісін істеп, өнерін бұлдайды. Өмір болған соң бәрін көресіз ғой. Алдына неше түрлі картиналарын тізіп қойып, бір бұрышында суретшілер отырады. Менің суретке қызығатын әдетім бар. Шамам келсе төлтума суреттерді жинаймын. Соларға көз суарып келе жатсам, жұпыны киінген бір ұзын бойлы қазақ қызы қытайдың ала сөмкесін көтеріп алып, белі қайысып “Көк базар” жаққа қарай ілбіп басып кетіп барады. Қарап тұрып қиялмен киіндіре бастадым. Әдемі киінсе жарқырап шығайын деп тұр. Арлы қыз. Көзбен ұзатып салып тұрып жаным шырқырады. “Қап арқалап бара жатыр қыз бала” деген бір тармақ ойыма келе қалды. Троллейбусқа міндім де, қаламымды қолыма алдым. Бағанағы әсер шабытымды шақырғандай. Түсетін аялдамадан өтіп кетіппін. Алайда өлеңді жазып бітірдім. Өлең осындай оқыс бір оқиғалардан, жарқ етер сезімдерден туындайды.
– “Жыр әлеміне жастай келдім” дедіңіз, өзіңіздің де кезінде еліктеген ақын-жазушыларыңыз болған шығар. Қазір төңірегіңізге топтасып, поэзиядан өздеріне жол тауып жатқан жастар бар ма?
– Ондай жастар көп. Үлкен ақын болып, ел алдында жарқырап жүргендер де бар. Тіпті, маған еліктеп, өлең оқитындар да жоқ емес. Қазір жас ақындар екі түрлі бағыт ұстанатынын байқап жүрмін. Сол бағыттың бірі – Серік Ақсұңқар. Секең өлеңді астан-кестен, алай-дүлей етіп оқиды. Екіншісі мен ғой деген ойдамын. Бағдат Мүбәрак, Мақпал Мыса сияқты қыз-жігіттер жыр әлеміне өзіндік леппен кірді.
“Толқынды толқын қуады” демекші, 1988 жылы Алматыға алғаш табан тіредім. Ол бір қиын уақыт еді. Бастапқыда пәтер жалдау деген сияқты күйкі тірліктің құндағынан оншалық босай алмай жүрдім.
“Көшемін ертең, босатам Коляның үйін,
Әрине болады қиын,
Тұрақтап үйренген едім, тоңады миым.
Соғады құйын.
Алматы келдім, ағаммен ақылдаспадым,
Ақылдасқаным өлеңмен бақұлдасқаным.
Татар шал тамырым еді,
Келіңдер ақын достарым.
Төбемнен түнде жұлдыздар шалқалап ағып,
Жауады жерге қайтейін қалқаға налып”, – деп келетін өлеңім сол кездегі қиналысты көңіл күйден туған ғой. Алақанына салып, мейір-шапағатын төккен алдымдағы ағаларым туралы айтпай кетсем болмас. Бақытыма қарай, маған ылғи жақсы адамдар кездесті. Алматыдағы бір кеште “Бізді туған толқындар тынып ақты, бізді қуған толқындар қандай екен?” – деп Мағжан туралы өлеңімді оқып болып, сыртқа шықсам Сырбай Мәуленов тұр екен. “Әй бала, атың кім? Қай ауылдың баласысың?” – деп сұрады. Әңгімеден әңгіме шығып ақынды үйіне дейін жеткізіп салдым. Пәтері “Қазақстан” қонақүйінің қасындағы ғимаратта екен. “Қарның ашса үйге келіп тұр, тартынба!” – деді. Кейін жақын араласып кеттік. Сырбай қазақтың ғаламат ақыны ғой, жазған өлеңдерін әрбір кітаптың арасына қыстырып қояды екен. Он өлеңі анда, бес өлеңі мұнда, кітап шығаратын кезде жинап алады. Мен ол кісінің бойынан адалдықты, тазалықты көрдім әрі солай боуға талпындым. Бір күні әңгіме үстінде Сырекеңнің: “Біз, Ғафу бәріміз Қасымның сусынын тасып жүріп ақын болдық” – дегені бар.
Одан кейін сыршыл ақын Тұманбай Молдағалиевтен көп жақсылық көрдім. Елуге толған мерейтойымда маған арнап:
“Білмеймін сенің туған мекеніңді,
Бұйыртсын Аллам саған екі елуді.
Тұп-тұнық жанарыңның өзі айтады,
Тұманбайдың інісі екеніңді”, – деп өлең оқыды.
Партия мектебінде оқитын кезім, 120 сом аламын. Жартысына жуығын пәтерге төлеймін. Олжас Сүлейменов “Аманат” деген газет ашып жатқан кез. Ашылуына бардым. Кабинетінен шығып келе жатыр екен. “Маған келдің бе? Қай жақтансың?” деп жөн сұрасып жатыр. “Қарағанды жақтанмын” – деп өзімді таныстырдым. “Аға, экологиялық тақырыпта мақала да жаза аламын. Газетіңізде жарты ставкада жұмыс істегім келеді” – деп бірден өтінішімді айттым. “Неге жарты ставка?” деп қайырыла сұрақ қойды. Партия мектебінде оқитынымды, пәтерде тұратынымды айттым. Ермек Тұрсынов редактор екен, соған телефон соқты: “Ғалым Жайлыбай деген үлкен ақын келіп тұр, толық айлыққа жұмысқа аласың. Одан кейін жұмысқа қашан келеді, қашан кетеді – өз еркі”, – деп кесіп айтты. Сонда бір жарым жыл жұмыс істедім.
Одан кейін Кәкімбек Салықовты ерекше айтар едім. 1998 жылы “Қаныш Сәтбаев” қорын құрды. Мен “Қаржы-қаражат” деген баспада Әкім Таразидың орынбасары едім. Сол қордың аясында көптеген жұмыстар істедік, ғалымның еңбектерін том-том кітап етіп шығардық, ескерткіш қойдық.
Бүгінгі таңда әдебиетті өзінен бастайтындар пайда болды. Олардың алдында Сырбай да, Тұманбай да, басқасы да жоқ. Өткенде бір жігіттер: “Тұманбай арнау жазатын ақын екен ғой”, – деп шиқ-шиқ күледі. Мен: “Сендер алты-жетеуің бірігіп, немесе алпысың қосылып, Тұманбайдың бір арнауын жазып көріңдер”, – дедім ашуланып. Тұманбайлар Мағжан, Қасымнан кейінгі қазақтың поэзиясына, руханиятына үлкен жаңалық әкелген буын.
– Әңгімеңізге рақмет. Оқырмандарыңызды жаңа жырларыңызбен қуанта беріңіз.
Дайындаған
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
“Soltüstık Qazaqstan”.