“Көрісу” немесе “Амал” деп аталатын атаулы күн ежелден бар. Бұл – мал-жанын қыстан аман-есен шығарған халықтың көктем шуағын шаша бастағанда туған-туыстарын, көрші-қолаңдарын аралап, қол алысып, төс қағыстыратын сәті. Бұл күнді Наурыз мерекесінің басы десек те болады. Амалдың тағы бір терең мағынасы – елдегі бірлік пен татулықты ту етуі. Дәстүр бойынша осыған дейін сөзге келіп, араздасып қалғандар өкпе-ренішті ұмытып, татуласуы керек. Еліміздің Батыс өңірінде тұратындар бұл күнді “Көрісу” атауы да сондықтан.
Бұл қилы заманнан келе жатқан әдеп-ғұрып түрі. Бүгінде ешкім оның қай заманда басталғанын айта алмайды. Бірақ тарихшылар мынадай деректі алға тартады. Амал күні бастапқыда, көктемнің алғашқы күні 1 наурызға сәйкес келген. 1918 жылдың 24 қаңтарында Халық комитеті кеңесі Григориан күнтізбесін қолданысқа енгізген кезде, ескі күнтізбені 31 қаңтардан аяқтап, 14 ақпанда жаңаны бастаған. Екі күнтізбенің айырмасы 13 күнге теңеліп, 1 наурыз 14 наурызға сәйкестендіріліпті. Осыдан уақыты түсініксіз айтулы күн пайда болды. Мәшһүр Жүсіп Көпеев жазбаларында ертеде қазақ халқы көктемнің бірінші күні деп “Наурызнама” тойлайтыны, оның 8-9 күнге созылатыны айтылады. Бұл күннің кеңес үкіметі кезеңінде ескерілмей, діни сенім-нанымдық мереке ретінде тойланбай қалғаны рас. Амал күнін ұмыт қалдырмаған Атырау, Ақтау, Ақтөбе облыстарының тұрғындары бүгінде бұл мерекеге өзіндік бояу беріп, салттың сақталуына мейлінше ықпал етіп отыр.
Мен өткен ғасырдың сексенінші жылдары Алматыдағы университеттердің бірінде Маңғыстау облысының Шетпе ауданынан келген екі қызбен бірге оқыдым. Бөлмелеріміз қатар, көрші тұрдық. Олар Амал күнін ерекше әзірлікпен атап өтетін.
– Бұл мерекені ес білгеннен білеміз. 14 наурыз күні ата-анамыз “Тұрыңдар, көктің қақпасы ашылып, Алла тағаланың адамзатқа бір жылдық ырыс-несібесін беретін таңы атты” деп бәрімізді таңғы 5-тен оятады. Сәнді киініп далаға шығамыз. Сол күні міндетті түрде жұп-жұқа, сүттің қаймағындай Амалдың ақшақары жауады. Аспаннан ырыс-несібе түседі дегенді естіген соң, алақанымызды жайып тұрамыз. Одан үйге кіріп, бірі-бірімізбен қол алысып, құшақтасып, “жасың құтты болсын” деген тілек айтамыз. Сол түні анамыз ұйықтамай дәм дайындайды. Пештің үстіндегі қазанда сүр ет асылып жатады. Дастарқанға алдымен ыстық бауырсақ қойылып, май-құрт, ірімшік дегеннің бәрі шығарылады. Таңғы 5-6 кезінде әр үйде дастарқан жаюлы тұрады. Таң атар-атпас 6-дан бастап әке-шешеміз үйдің айналасындағы үлкендерге барып, көріседі. Олардан кішілер біздің үйге келіп, сәлем береді. “Қырық үйдің есігін ашып, қырық адамның қолын алған сауап” деп мектепке бара жатқан жолда біз де сәлемдесіп, көрісеміз. Шешелеріміз бір-біріне сыйлық түрінде мата, орамал ұстатып жатады. Үйдің үлкендері жұмыстарына кетсе де, дастарқан жаюлы тұрады, үйдегі кішкентайлар келген адамдарды төрге шығарып, дәм татқызады, – дейтін Клара Сармурзина.
Амал мерекесін қазақ халқының түгелі дерлік тойлағаны туралы Абай Құнанбаевтың, Ахмет Байтұрсыновтың жазбаларында да кездеседі. Соңғы жылдары әз Наурыздың бастауы саналатын бұл күнді түгел Қазақстан атап өтуді қолға ала бастады. Президентіміз Қасым Жомарт Тоқаев Ұлыстың ұлы күні Амалдан басталатынын айтып, “ықылым заманнан бері бабаларымыз бұл күнді “Амал келді, жыл келді” деп ерекше қуанышпен қарсы алған. Дәстүр бойынша осы күні қыстан аман шыққан жұртымыз төс қағысып көріскен”, деген болатын.
Амал – адамдардың Табиғат-Анадай түлеп жаңғырып, бір-біріне мейір-ықыласын төгуге, қайырымдылық жасауға, бір-біріне қолұшын беріп көмек етуге үндейтін достық пен татулықтың мерекесі. Самарқанның көк тасы еріген осынау шапағатты сәтте адамдар бір-біріне деген өкпе-реніші болса кешірісіп, құшақтасып, қайта табысып, бір анадан туғандай болып, бауырласып кететін көнеден жалғасқан аталы дәстүр бар. Түркілік ұғымда әлем жаралған бұл күнде әзелгі заманда бүкіл тіршілік иелері қоса жаралған, сол себептен дәл әз Наурыз күні барша адам да бір жасқа толады. Сондықтан да адамдар бір-бірімен көріскенде “Ұлыс оң болсын, бір жасың құтты болсын” деп те амандасады. Демек табиғат толғататын бұл күнде адамдар да қайтадан анадан туғандай жаңарып, бауырласатыны, құшақ айқастырып қауымдасатыны – ынтымақтың дәнекері болған құтты мейрамның бабадан балаға жалғасқан асыл ғибраты. Амал құтты болсын, ағайын!
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.