«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бақылауды күшейту қажет

Өмір Есқали

 u_shalabaeva@mail.ru

Облыстық әкімдікте өңір басшысы Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен аппараттық жиын өтті.

Бірінші мәселе бойынша облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Жанар Мұсақұлованың есебі тыңдалды. Ол веб-портал деректеріне сәйкес, мемлекеттік сатып алуды жүргізуге 151,8 млрд. теңге бағытталғанын жеткізді. Оның ішінде 71,3 млрд. теңгесі ауыспалы жобаға жататындықтан, мемлекеттік сатып алуды өткізу талап етілмейді. Бүгінгі күні 93,7 млрд. теңгеге сатып алу аяқталды. 67,5 млрд. теңгеге келісімшарттар жасалған.

– Тек емханалар бойынша ғана емес, сонымен қатар сумен қамтамасыз етуге, жолға, құрылысқа, әлеуметтік нысандарға да қатысты конкурсты бақылауға алу қажет. Алдағы уақытта балабақшалардың құрылысын бастаймыз. Жеңімпазды жариялағаннан кейін 5 жұмыс күні ішінде келісімшарт жасасу керек. Егер мердігердің жауапкершілігі жоқ болса, келісімшарттың күші жойылуы тиіс, – деген Айдарбек Сейпілұлы бюджетті дер кезінде толықтырып, мемлекеттік сатып алуды бірінші сәуірге дейін қамтамасыз етуді тапсырды.

Өңірде эпидемиологиялық жағдай тұрақты болуы үшін ветеринарлық қызмет кешенді іс-шараларды қолға алған. Биыл төрт түлік пен құсқа қатысты түрлі ауруға қарсы 5 млн.-нан астам екпе егілмек. Дегенмен, ветеринария саласында кадр жетіспеушілігі әлі де өзекті, 70 маманның орны бос тұр. Осыған орай мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беру жұмыстары жүргізілуде.

– Басқа облыстан әкелінетін малдарға бақылауды күшейту қажет. Бұл міндет, бірінші кезекте, аудан әкімдеріне жүктеледі. Бұл бағыттағы жұмысты бәсеңдетпеу керек. Атап айтқанда, сатып алынған малды карантинге қойып, тексеріп алып, нәтижесін білгеннен кейін ғана есепке алған жөн, – деді аймақ басшысы.

Биыл екі айда 800-ден астам автокөлік, бір мың бастан астам мал және 900-ге жуық құс тексерілді. Нәтижесінде құқық бұзушылықтың 11 дерегі анықталды. 11 көлік Ресей аумағына кері қайтарылды.

Айдарбек Сапаров жиын барысында ауыл шаруашылығы өнімінің сапасын жіті бақылауда ұстауды тапсырды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp