«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОЖАБЕРГЕН ЖЫРАУ “Елім-ай” дастанына — 300 жыл

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Үкімет қаулысының негізінде Мә­дениет және спорт министрінің “2023-2025 жылдарға арналған ме­рейтойлар мен атаулы күндердің тіз­бесін бекіту туралы” бұйрығына сәй­кес, Қожаберген жырау Толыбайұлы­ның “Елім-ай” дастан жырының 300 жылдығы аталып өтеді.

Аталған бұйрықта Ғылым және­жоғарғы білім министрлігі, Оқу-­ағар­ту министрлігі, Астана қала­сы, Солтүстік Қазақстан, Түр­кіс­тан об­лыс­тарының әкім­діктері жауапты орындаушы және­ жүзеге асырушы­лар ретінде бел­гі­леніп, “Елім-ай” дастан жыр­дың тарихи маңыздылы­ғы ел көле­мінде ерекше аталып өте­ді деп­­ көрсетілген. Бұл – біздің тари­хы­­мыздағы елеулі белес, бүгінгі жә­не болашақ ұрпақ үшін саяси-тәр­­­биелік мәні зор оқиға. Бес жа­рым ғасырдан астам тарихы­мыз­да елі­міздің жүріп өткен жо­лын, халқы­мыздың “Ақтабан шұ­бырынды, Алқа­көл сұлама” сияқты бастан кешкен небір қиын­-­қыстау оқиғаларды, зар заман­­ға кез болып, азаттық пен бостан­дық үшін күрескен, қанды шайқас­тарды бастан өткерген, зор­лық­-зомбылық пен отарлық езгіні көр­ген, туған жерді қорғау­дың­ жолында жанын пида қыл­ған­ ата-бабаларымыздың ерлігін жет­кізген бұл ұлы дастан мәңгілік ес­тен шықпас тарих шығармасы.

Бір өкініштісі, “Біздің тарих­ қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа”­деп ақын Қадыр Мырза Әлі­ айтпақшы, екі жүз жылдай Ре­сей империясының отарлық бода­нында, жетпіс жылдан ас­там кеңестік тоталитарлық жүйеде өмір сүріп, басымызда бос­тандық, қолымызда билік бол­мағандықтан тарихымызды­ те­реңнен танып, өт­кен-кеткенімізді тү­гендей алмадық. Тек егеменді ел, тәуелсіз мем­лекет болудың арқасында ғана­ оларды рухани жағынан тіріл­тіп, туған халқы­мен қайта қауыш­тыруға мүмкіндік алдық.

Бұл орайда соңғы жиырма жыл­дың көлемінде кеңінен танылып, өзінің лайықты бағасын ала бастаған ақын-жырау, ержүрек ба­тыр, қаһар­ман қолбасшы, дана­гөй елші, ділмәр шешен Қожа­берген Толыбайұлын атап өтуге бо­лады. Кешегі Кеңес өкі­метінің тұсында:

Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Ел-жұртынан айырылған жаман екен,

Екі көзден мөлтілдеп жас ке­ле­ді, – деп басталатын “Елім-ай!”­әні халықтың әні деп айтылып жүрді. Әйтсе де, ол ән­нің­ сөзі мен әуенінен қилы бір­замандағы халқымыздың бас­тан кешкен оқиғасы, сай-сүйе­­гіңді сырқырататындай мұңы мен зары, қайғы-қасіреті сезілетін. Бертін келе халық ауыз әдебиетінің мұра­ларын жинаушылардың, әдебиетші және тарихшы ғалымдардың ыжда­һатты зерттеулерінің арқасында оның авторы XVII-XVIII ғғ. өмір сүр­ген Қожаберген жырау Толыбайұлы екені белгілі болды. Жыраудың “Елім-ай!” әні ғана емес, осы аттас үлкен тарихи дастаны, тағы да “Күл­дірмам-ай”, “Қойлыбай көреген”, “Қа­расары Болат керей”, “Соқыр абыз”, “Баба тіл”, “Жеті Жарғы”, “Қа­банбай батыр”, “Ер Көкше”, “Асан ата”, “Ер Қосай”, “Ер Жәнібек”, “Қор­қыт баба”, “Ер Едіге”, “Орақ батыр” және т.б. ондаған құнды әдеби шығармалары табылды.

Тағы да Қожаберген Толыбай­ұлы­ның (1663-1763) ақын-жыраулығына қоса, ел басына күн туғанда қолына найза алып жауға шапқан батыр, қол бастаған баһадүр, мем­лекеттік істерге араласқан қайрат­кер, шаршы топта сөз бастаған ше­шен екені анықталды.

Олай дейтініміз, Қожабергеннің Тәуке хан (1680-1718) билік еткен кезеңде елшілік, қолбасшылық және мемлекеттік істер атқарған. Шығыс­тың дәстүрі мен тілдерін жақсы біл­гендіктен Тәуке хан оны 1683-1688 жылдар аралығында Қоқан, Хиуа, Бұ­қара хандықтары мен парсы, түркі­мен елдері арасында елшілік қыз­мет­ке жұмсаған. Ал 1688 жылы әз Тәу­ке бастаған ел жақсылары Қожа­бергенді бас қолбасшы – ордабасы етіп сайлап, ол 1710 жылға дейін қа­зақ, қарақалпақ, ноғай ұлыстарының жасақтарын басқарған. Жасы ұлғай­ған шағында өз орнына қанжығалы Бөгенбай батырды сайлатқан. Бұған жыраудың “Үш би” деген өлеңіндегі:

Басқарып Үш жүз қолын 23 жыл,

Орнымды Бөгенбайға бердім биыл.

Еш сардар қайт қылған жоқ жарлығымды,

Кезінде ұзақ соғыс күндер қиын, – деген жыр жолдары дәлел бола алады.

Қожаберген Толыбайұлы сон­дай-ақ әз Тәукенің тікелей тапсыр­масымен Әнет баба, Едіге, Соқыр Абыз, Құдайназар, Болпыш, Жыл­кел­ді, Төле, Қазыбек, Әйтеке сияқты би-шешендермен “Жеті жарғыны” жазуға атсалысқан. Бұл жөнінде жыраудың:

Мұқияттап хаттадым,

Әз Тәукеге қызмет қып,

Жаздым “Жеті Жарғыны”.

Салыстырып талдадым,

Бергі менен арғыны, – деп жазғаны бар.

1759 жылы Абылай хан басқар­ған қазақ жасақтары қалмақтарды тас-талқан етіп жеңгенін естіген тоқ­санның жетеуіне келген Қожаберген жыраудың кәрі жүрегі қатты қуанып, “Жеңіс” атты толғауын шығарған. Абылай ханға “Бас уәзір болып, ел билігі қолыңа тиген екен. Әрі хан міндетін атқарып жүр екенсің. Кө­реген бол, қарағым. Ақылың мен ерлігің, айла мен әдісің қатар жүр­сін!” деп ақ батасын берген.

“Мәдени мұра” бағ­дар­ла­ма­сы­ның аясында кейінгі жылдары Қожа­берген жыраудың артында қалған әдеби мұраларын қай­та жарыққа шығару, есімін ұлық­тау бағытында бірқатар іс­-шара атқарылды. Бұл рет­­те алдымен 2000 жылғы желтоқсан­да тарланбоз тарихшы,­ академик Манаш Қозыбаев ұйыт­қы болып, Ұлт­тық ғылым академиясының ұйым­дастыруымен Петропавл қала­сында елімізде алғаш рет­ “Қожаберген жырау­ Толыбайұлының Отан­­­ тарихы мен қазақ поэзия­сында алатын ор­ны” деген та­қы­рыпта республика­лық ғы­лыми-теориялық конференция өт­кі­зіл­генін атап өткен жөн. Ондай ал­қалы жиын 2010 жылы “Өлке та­рихы, тұлғалар тағдыры” деп ата­лып екінші рет өткізіліп, онда көзі­ тірісінде ұлттың намысы атан­ған, қазақ заң­герлерінің абыз­ ақсақалы болған, академик,­ ғалым Салық Зиманов сөз сөй­леп:­ “Қожаберген – біздің тари­хы­мыздағы тұтас құбылыс, бүкіл­ ғұмырын қазақ халқының тәуел­сіздігі жо­лындағы күреске арна­ған ұлы тұлға” деген баға берді.

Бір топ зиялы азаматтар­ құрған “Жеті жарғы және Қожа­бер­ген жы­рау” халықаралық қайы­рымдылық қорының бас­­та­масымен Қожаберген жы­рау­дың­ туған жеріндегі қорымда жер­лестері тарапынан оған а­р­нап күмбез орнатылды, Құ­ран­ бағышта­лып, ас берілді. Жам­был ауданының орталығы Прес­новка селосындағы қазақ мек­тебінің алдындағы алаң Қожа­берген атымен аталып, ес­керткіш бюсті орнатылды, мек­тепте мұражайы ашылды. Ал Петропавл қаласындағы №6­­­ қазақ орта мектебі де ұлы жы­­рау­дың есімімен аталады. Сондай-ақ қордың қолдауымен: “Қожа­бер­ген жырау”, “Елім-ай”, “Баба тілі”, “Өнерпаздар әулеті” деген кітаптар басылып шықты. Олар­­ жұртшылыққа кеңінен тараты­лып, оқырмандардың жылы­ лебізіне ие болды. Атал­ған қордың қозғау салуымен­ Қазақстан Үкіметі 2012 жылдың желтоқсанында арнайы қаулы қабылдап, 2013 жылы Қожа­берген Толыбайұлының туғанына – 350 жыл толу мерейтойы елімізде кең көлемде атап өтілді. Алматы мен Астана қалаларында көпшілікке та­ны­мал тарихшы, әдебиетші ғалым­дар­дың, белгілі қоғам, мемлекет қайраткерлерінің қатысуымен үлкен басқосу – ғы­лыми-практикалық кон­ферен­циялар ұйымдастырылды. Мұ­ның соңы Солтүстік Қазақ­стан – Қызылжар өңіріндегі мере­келік ал­қалы жиын мен түрлі мәдени-спорт­тық іс-шара­лар­ға (ақындар мүшәй­ра­сы, кон­церттік бағдарлама және ат бәй­гесі, т.б.) ұласты. Осынау тор­қалы тойдың қорытындысы ре­тінде Алматыдағы “Зерде” баспасынан: “Заманының заң­ғары” мен “Мәңгілік елдің мәң­гілік жыршысы” және Аста­надағы “Фолиант бас­пасынан – “Да­уылпаз баба Қожа­бер­ген” деген көлемді және әсем безен­дірілген жинақтар жарық көрді.

Алайда Қожаберген сынды та­рихи тұлғаны тану мен ұлықтау ісі – ­бұдан әрі де жалғасын таба бе­ре­ді деген ойдамыз.

Жыраудың ат үс­тіндегі айбынды ескерткіші Пе­тропавл қаласының кіреберіс қақпасына орнатылуы Қо­жабергенді тану түсінігімізге қосыл­ған елеулі үлес деп танимыз. Петро­павл қаласындағы әс­кери институт­қа даңқты қол­басшы, қаһарман жы­рау Қожаберген Толыбайұлының есімі­ беріліп жатса, ол да халық­ тілегінің арман-мақсатының орын­далғаны болар еді.

Қожаберген жыраудан қалған әдеби мұралардың ішінде “Елім-ай” дастаны – құндылығы жо­ға­ры, шоқ­ты­ғы биік шығарма. Мұн­да халқы­мыз­­дың өткен тари­хын­дағы тұтас бір дәуір мен қасі­ретті кезең қамтылған. Бізбен жау­лас­­­­қан жоңғар хандығы­ның дәуір­леп, күшею себептері, олар­дың бізге қар­сы соғысқанда Ре­сей­ империясы мен­ Қытай­ға арқа сү­йеуі, басымызға күн­ туған шақ­та­ – түрікпен, Қоқан, Хиуа мен­­ Бұқардың сырт айналуы айтыл­ған. Тәуке ханға дейінгі қазақ хандығындағы теке­тірес пен­ бақталастық, берекесіздігі де­ сыналған.

Жыр-дастанда тіпті:

Қаратау, Сыр, Сарыарқа,

Еділ-Жайық,

Тұрақты қазақ жұрты қонысы деп.

Санаңдар түп қазаққа соны лайық,

Әуелден мал жайылым, өрісі деп,­ – деген өлең жолдары арқылы сол­ кездегі атамекеніміздің шекара­сы мен территориялық аумағы көр­сетілген.

Сондықтан да кезінде бұған аты­ аңызға айналған әскери қай­раткер, халқымыздың ардақты пер­зенті Ба­уыржан Момышұлы: “Бұрын-соңды өмір сүрген қазақ ақындарының бір­де-біреуі Қожаберген жыраудай қа­зақ жерінің көлемі мен шекарасын айқындап берген емес. Оның “Елім-ай” жыры – әскери дастан!” деп баға берген.

Ел тарихындағы елеулі оқиға “Елім-ай” дастан жырының 300 жылдық мерейтойына шашу ретінде көп­теген оқырманның талап-тіле­гі­мен “Елім-ай” жыры қайта бастырылды. Баға жетпес мұра “Елім-ай” дастанының кейінгі жас­тар үшін тағы­лымдық мазмұны мен мәнін ашу мақ­сатында кітаптың бет­ашар бөліміне арнайы Қожабергентану ғылымына алғаш түрен салып, ұйытқы бол­ған тарихшы ғалым, академик­ Манаш­ Қо­зыбаевтың “Дауылпаз баба Қожа­берген” ғылыми-танымдық мақала­сын, қазақ руханиятының абыз ақса­қалы атанған академик, заңгер ға­лым Салық Зимановтың Қызылжардағы конференцияда көпшілік назарына ұсынған “Қожаберген ұлт ерлігінің символы” тақырыбындағы сөзін, ака­демик, әде­биетші ғалым Серік Қира­баевтың “Елдікті жырлаған дастан” мақаласын, сондай-ақ елге танымал көрнекті ғалым­дар: әдебиетші Ме­кем­тас Мырзахметовтың “Қожабер­ген жырау танымының саяси әлемі” және философ Амангелді Айталы­ның “Елім-ай” дастаны – елдік мүд­денің қайнар бұлағы” деп аталатын кемел пікір түйіп, көшелі ой тастаған мақалаларын енгіздік.

Бұл кітап бүгінде біз мекен етіп отыр­ған Атыраудан – Алтайға, Арқа­дан – Ала­тауға дейін созылып жат­қан ұлан-бай­­тақ жердің ата-бабаларымыздың тө­гіл­­ген ащы тері мен қаны, кескілескен шай­қасы мен кү­ресі арқылы келгенін бү­гін­гі ұрпақ­тың есіне салып, оны көздің қара­шығындай сақтау, қорғау жөнінде көкі­ре­гінде отаншылдық сезімін оятып жатса – онда алға қойған мақсатымыздың орын­дал­ғаны.

Бекет ТҰРҒАРАЕВ,

“Жеті жарғы және Қожаберген жырау” халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

(“Egemen Qazaqstan”,

13 наурыз 2023 жыл).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp