Диас Аяған
Тар заманда ақындықтың ауыр жүгін адал көтеріп, адамзаттың ақыл-ойына айналған асыл жырлар қалдырған Мағжан Жұмабаевтың асқақ тұлғасының алдында бас имейтін адам жоқ шығар. Ақынның өзі сеніп өткен жастарға да оның есімі жақсы таныс. Алайда оның тұлғасын жіті танып, сырына терең бойлау үшін тек тағзым етіп қою аздық етеді. Жас ұрпақ өмір жолын үлгі етіп, оның жырларын толық түсінгенде ғана Мағжан сынды марқасқаларымыздың тұғыры биіктеп, шығармашылығының сыры ашыла түседі. Биылғы жыл өңірде Мағжан жылы деп жарияланғалы осы жолда қолға алынған жаңа жобалар аз емес. 2023 жылдың шымылдығы қызылжарлықтар үшін 90 ақын қатысқан республикалық мүшайрамен ашылып, одан кейін де ірілі-ұсақты көптеген шара өтті. Соның бәрінің заңды жалғасы ретінде өңірде “Мағжанның маржан жырлары” атты облыстық байқау өтіп, алаштың ардақты перзентінің асыл жырларынан сусындаған оқушылар өзара өнер жарыстырды.
“Толқыннан толқын туады,
Толқынды толқын қуады…” – деп толғанады ақын бір өлеңінде. Мағжаннан кейін де заман желі талай толқынды дүниеге әкелді. Олардың бірі тынып ақса, енді бірі ақынның өзі сынды өршелене жағаға ұмтылды. Жаңа ғасырда өмірге келген бүгінгі жас толқыннан да ел үлкен үміт күтеді. Сол толқынның ішінде сенімді ақтап, Мағжан жырларына жанашыр болар жастардың аз емес екеніне аталған байқау барысында куә болдық.
Байқауға қатысқан оқушылар ақынның таңдамалы 30 өлеңін жаттап, мәнерлеп оқыды. Сайыс облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйытқы болуымен, білім басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды. Шараны ашқан өңір мәдениетіне жауапты басқарма басшысы Досбол Абдриисов жас дарындардың болашағына сәттілік тілеп, Мағжан Жұмабаев шығармашылығын насихаттау жұмыстары әлі жалғасын табатынын жеткізді.
Сайыс шарты бойынша қатысушылар жеребеден суырған ақын жырын жатқа айтып, одан әрі қазылар алқасының сұрауы бойынша тізімдегі 30 өлеңнің бірін жатқа оқуы тиіс болды. Ортаға шыққандардың алғашқылары бұл сыннан сүрініп, қобалжығанымен одан кейінгілер өздеріне берілген тапсырмаларды ойдағыдай орындап шықты. Шара тізгінін ұстаған Жарқын Жұпарханның айтуынша бұл байқау оқушылардың Мағжан жырларына деген қызығушылығын оятуға үлкен серпін берген.
– Алғаш рет өткізілген “Мағжанның маржан жырлары” атты облыстық байқауға қала мен аудандардан жалпы саны 300-дей өтініш келіп түсті. Бір ғана Айыртау ауданының өзінен 30 өлеңді жаттаған 32 бала қатысқан екен. Ал мұнда аудандық кезеңде іріктеуден өткен 72 бала жолдама алып отыр. Олардың арасында бұрын да талай сыннан сүрінбей өтіп, жүлделі болып жүргендері бар. Мұндай байқаулар оқушылардың өлеңге деген қызығушылығын оятып, Мағжан шығармашылығымен жақын танысуына сеп болады. Бұған басқарма тарапынан да қолдау көрсетіліп, қомақты жүлде тігіліп отыр. Осы 300 өрен ержеткен соң ұлтының жанашырына айналатын азаматтар болады деп сенемін. Келесі жылы жаттайтын өлең санын 50-ге дейін арттырмақ ойымыз бар, – дейді Жарқын Жұпархан.
Бұл күні қазылар алқасының сынынан өтіп, жүлделі болу кім-кімге де оңайға соқпағаны анық. Оқушылардың осы еңбегі ақталып, оннан астам өлең үзіндісін мүдірмей оқып бергендер жиналғандардың қошеметіне бөленіп жатты. Олардың арасында жүзден аса өлеңді жаттап келіп көзге түкендері де болды. Мәселен, бірлестік орта мектебінің 10 сынып оқушысы Жаннұр Тұяқ ақиық ақынның 160 туындысын жатқа білетінін айтты. “Дарын” мектеп-лицейінде білім алатын Ангелина Малежикова да қазақ поэзиясын оқуға деген талабының жақсы екеннін көрсетті. 70 қатысушының өлеңін 4 сағаттан астам уақыт тыңдаған қазылар алқасына жеңімпазды анықтау жеңіл болмады.
Сайыс соңында қатысушылар Алғыс хаттармен марапатталып, 8 оқушыға 40 мың теңгелік арнайы жүлде, ал алтауына орындар берілді. 60 мың теңгелік үшінші орынның сыйлығын шалақындық Темірлар Махметов, мамлюттік Даяна Сапарғалиева, Қызылжар ауданынан келген Айман Қанжарбекқызы иеленді. Айыртаулық Сара Ихсан мен Есіл ауданының намысын қорғаған Ерсайын Аружан 2-орынға тұрақтап, 80 мың теңгені қанжығаларына байлады. Бірінші орынның 100 мың теңгелік жүлдесі айыртаулық Жаннұр Тұяққа бұйырды. Сайыс қорытындысы бойынша бас жүлдені облыс орталығындағы “Білім-Инновация” лицейінің оқушысы Нұрлан Әділет алып, 200 мың теңгелік сыйақыны еншіледі.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.