«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАҢДАУЫМЫЗ — ТАЗА ҚАЗАҚСТАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында Үкімет алдына экологияны жақсарту, жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды кеңейту, қоршаған ортаны сақтау ісін дәріптеу талаптарын қойып, “Бірге – таза Қазақстан” жобасының мәнін ашып көрсетті. Парламентке Экологиялық кодекстің жаңа редакциясын талқылап, қабылдау жүктелді. Жолдауда экология, ауа тазалығы жайына ерекше көңіл бөлініп, осыған орай мейлінше ластанған 10 қаланы ортамерзімді кезеңде газға немесе баламалы қуат көздеріне көшіруге, жаңа технологиялар мен цифрландыру есебінен су ресурсы тапшылығын жоюға айрықша маңыз берілді. “Жасыл экономиканы” дамыту, қоршаған ортаны қорғау еліміздің жаңа экономикалық бағдарының жеті қағидатының біріне жатқызылды.

Президент былтыр Астанада өткен Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің саммитінде 2024 жылы экология мәселелері бойынша конференция өткізуді ұсынды. Саммитте сөйлеген сөзінде: “Климаттың өзгеруі уақыт өткен сайын болжап білуі қиын әрі зардабы ауыр табиғат апаттарына алып келеді. 2021 жылы Азияда мұндай жағдайлардан 57 млн. адам зардап шекті. 2050 жылға қарай Азия экономикасына осындай табиғи катаклизмдерден келетін ықтимал залал жалпы ішкі өнімнің 26 пайызына дейін жетуі мүмкін. Таяуда Пәкістандағы жойқын су тасқыны орасан зор гуманитарлық апатқа ұшыратты. Климаттық дағдарыс әскери қақтығыстарға алып келіп, алапат әрі басқаруға келмейтін миграциялық нөпірдің катализаторына айналуы ықтимал”, – деді Мемлекет басшысы.

Әр қазақстандық азамат атақты диқан Ыбырай Жақаевтың: “Біз табиғаттың өзін қайта түлететін ұрпақпыз. Жер, су, ауа – адам баласының ұрпағынан-ұрпағына мұра болып келе жатқан мол қазына. Олай болса, әр ағашты, әрбір бұтақты, жалғыз дәнді де ыждағаттылықпен сақтау, қамқор болу – басты міндеттің бірі”, – деген сөзін көкейге түйе отырып, қоршаған ортаны көздің қарашығындай күтіп-ұстауды берік ұстанымы мен абзал борышына айналдырса деген игі тілегіміз бар. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан бойынша қалдықтарды өңдеу үлесі әлі де төмен – 15-18 пайыз ғана. Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш екі есе көп. “Жасыл экономика” тұжырымдамасына сәйкес, бұл мөлшерді 2030 жылға таман 40 пайызға жеткізу міндеті тұр.

Республиканың басқа өңірлерімен салыстырғанда, біздің облыс аумағындағы экологиялық ахуал тұрақты. Солай екен деп жайбарақаттыққа салынуға болмайды. Экологиялық мәселелерді кешенді түрде шешудің жол картасы бекітіліп, 7 бағыт бойынша 17 іс-шара қарастырылған. Олар – атмосфера шығатын ластаушы заттардың эмиссияларын қысқарту, жасыл белдеуді дамыту, көгалдандыру және абаттандыру, қалдықтарды басқару, су ресурстарын реттеу, радиактивті ластануларды азайту, жер қойнауын тиімді пайдалану, қоршаған ортаның жай-күйін бақылау. Бүгінде сарқынды су жинағыш тоғанның күкіртсутегімен ластануын болдырмау үшін жасыл микробалдыр – хлорелланың көмегімен биологиялық оңалту технологиясы қолданылуда. “Қызылжар су” ЖШС-ның қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жобаның жалпы құны – 124,6 млн. теңге. 2021 жылы 4 млн. литр алғашқы микробалдыр концентраты жіберілді. Тұрақты мониторинг жүргізу барысында су сапасының жақсарғаны байқалды. Декарбонизация, яғни көмірқышқыл газының шығарылуын азайту қоршаған ортаға зиянды әсерді едәуір төмендетуге мүмкіндік береді.

Жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласында мемлекеттік реттеуді және табиғи ресурстарды пайдалану саласында мемлекеттік басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар Экологиялық кодексте реттелетін қатынастардың қатысушылары болып табылатындықтан, қоршаған ортаны ластаудың және оған кез келген басқа да залал келтіруді болдырмау жөнінде алдын алу, залалды өтеу, жауаптылықтан бұлтартпау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экологиялық таза және ресурс үнемдеуші технологияларды қолдану, өндіріс және тұтыну қалдықтарын қайталама ресурстар ретінде пайдалану басымдығы қағидаттарын бұлжытпай орындауға міндетті. Экологиялық тепе-теңдікті орнықтыру, бұзбау өнеркәсіптегі техникалық және технологиялық озық жүйеге де көп байланысты. Қоршаған ортаға лас заттарды таратудың негізгі көзі – энергетика нысандары, өнеркәсіп орындары, автокөліктер. Облыс орталығында орналасқан “СевКазЭнерго” ЖШС-ның еншілес компаниялары арқылы сыртқа барлық зиянды заттардың 48 пайыздайы шығарылады. Табиғатқа зиян келтірілген жағдайда табиғат пайдаланушы оны бастапқы қалпына келтіруге міндетті. Озық технологияларды енгізген кәсіпорындар эмиссиялық төлемнен босатылады.

Қазақстан – орман алқабы аз мемлекеттердің бірі. Оның қоры 30 млн. гектарды құрайды. 2030 жылға таман орманды алқаптарды 5 пайызға дейін ұлғайту белгіленген. Өңірде жасыл белдеуді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес, 20 мың гектарға 100 млн. көшет отырғызу жоспарланған. 2022 жылы 1,7 мың гектар алаңға 6,9 млн. түп көшет отырғызылды.

Экология саласында өндіріс және тұтыну қалдықтарын басқаруда дамыған елдер инновациялық жобаларға әлдеқашан көшіп кетсе, Қазақстанда ол әлі басты проблема саналады. Түйткілді жайттарды барынша азайту мақсатында 9 ауданда тұрмыстық қалдықтар полигондарын салу көзделген. Қолданыстағы полигондарды экологиялық заңнаманың талаптарына сәйкес ресімдеу мүмкін болмай отыр. Осыған байланысты аудан орталықтары мен ірі елді мекендер үшін 8 полигон құрылысының жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. Жобаларды іске асыру құны – шамамен 8 млрд. теңге. Полигон мәселесі облыс орталығына жақын орналасқан Қызылжар ауданы тұрғындарының да алаңдаушылығын туғызып отыр. Қазіргі уақытта аудан әкімдігі жер учаскесін бөліп, қалдықтарды заманауи сұрыптау және кәдеге жарату технологиясы бойынша мәселені шешуді қарастыруда. Жол картасы негізінде қалдықты бөлек жинау қолға алынды. Петропавл қаласында 1124 контейнер, макулатураға арналған 800 экобокс орнатылған. Қайталама шикізат қабылдайтын 8, электрондық және электр жабдықтарын жинауға арналған 1 мобильді пункт жұмыс істейді.

2022 жылы өндірушілердің субсидиялау бойынша міндеттемелерінің орындалмауына байланысты (“РимКазАгро” ЖШС) контейнерлердің 70, экобокстардың 50 пайызы алынып тасталды, шикізат қабылдайтын бір пункт (“LS Petropavlovsk” ЖШС) жабылды. Ақжар және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда 2 кәсіпкер өз қызметін тоқтатуға мәжбүр болды. Экология және табиғи ресурстар министрлігі деңгейінде қалдықтарды басқару саласындағы кәсіпорындарды қолдау үшін биыл заңнамаға түзетулер енгізу жөніндегі барлық қажетті іс-шаралар аяқталғаннан кейін шығындарды өтеу тетігі қайта қарастырылмақ. 324 контейнер және 400 экобокс қойылып, қайта өңделетін шикізатты қабылдауды 7 пункт жүзеге асырады. 6 ауданда қайталама шикізат жиналады. Аумақты дамыту бағдарламасына орай жыл аяғына дейін қоқысты қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесі 23,5 пайызды құрауы тиіс. Былтыр бұл көрсеткіш 18,3 пайыз болған. Қажетті инфрақұрылымды тиісті түрде дамыта отырып және кәсіпкерлік субъектілерін кеңінен тарту арқылы барлық мүмкіндіктерді қарастыратын боламыз. Өкінішке қарай, қатты қалдықтарды рұқсат етілмеген орындарға үйіп-төгу әлі тыйылмай келеді. Ғарыштық мониторинг құралдары арқылы 232 рұқсатсыз орналастыру орны анықталды, атап айтатын болсақ, Петропавл қаласында – 6, Айыртау ауданында –19, Аққайың ауданында – 28, Есіл ауданында – 3, Мағжан Жұмабаев ауданында – 4, Қызылжар ауданында – 97, Мамлют ауданында – 26, Тайынша ауданында – 49. Бұлардың 97 пайызы жойылды.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы кәріз желілерін салу, жаңғырту жөніндегі іс-шаралардың ауқымы кең. Новоишимка ауылында кәріз желілері мен тазарту нысандарының құрылысы жүргізілді. Жоба құны – 3,179 млрд. теңге. Биыл инженерлік желілерді іске қосуреттеу жұмыстарына қосымша 225 млн.теңге қарастырылды. Бекітілген кестеге сәйкес, кәріз-тазарту құрылыстарын салу жобаларын іске асырудың жол карталары әзірленген. Булаево, Мамлютка, Тайынша қалаларында кәріздік-тазарту қондырғылары салынады. Оның технологиялық схемаларын жаңғыртуды аяқтау үшін арнайы тапсырма қабылданып, техникалық тексерулер жүргізіледі. Және де бекітілген кестеге сәйкес жаңғырту жөніндегі барлық жобалар республикалық бюджеттен берілетін трансферттер есебінен іске асырылады. Облыстың су объектілерінің ластануын, бітелуін және сарқылуын болдырмау мақсатында су қорғау аймақтары мен белдеулері белгіленген. Жембарақ және Мұқыр өзендеріне су қорғау аймақтары мен белдеулер орнатылды. Шудасай өзенінің учаскесінде, Аралтөбе және Қамысақты өзендерінде су қорғау аймақтары мен белдеулерінің жобалары әзірленді. Биыл Шарық өзенінің су қорғау аймақтары мен белдеулерінің жобасы рәсімделеді. Барлығы 81 су объектісінде су қорғау аймақтары мен белдеулері бар.

Атмосфераға ластаушы заттардың эмиссияларын қысқарту, жасыл белдеуді дамыту, су ресурстарын реттеу, қоршаған ортаның жай-күйіне тиісті мониторинг жүргізу жөніндегі жол картасында белгіленген іс-шаралар жоспарлы түрде іске асырылатын болады.

Бейбіт ИСМАНОВ,

облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp