«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Іскерлік оның серігі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Таңғы сағат сегізде жұмыста болу – Райхан Сағындықова үшін әбден қалыптасқан әдет. Қырық жыл бойы осы дағдысынан жаңылған емес. Оған тігін цехы ерекше ыстық. Семей жеңіл өнеркәсіп техникумын бітірген жас маман Петропавлдағы “Комсомолка” тігін фабрикасының есігін имене ашқан. Содан бергі өмірін осы салаға ғана арнап, балалар киімін тігумен айналысып келеді. Еңбек жолын қарапайым тігіншіліктен бастап, бүгінде тігін өндірісінің технологы қызметін атқарады. Былайша айтқанда, 50 тігіншінің жұмысын бақылайды. Жыл өткен сайын тапсырыс қоржыны молайып, сұраныс артып келеді. “Прогресс” тігін фабрикасының басшылығы тәжірибелі технологтың талапшыл, еңбекқор, ізденімпаз қасиеттерін ерекше бағалайды.

“Райхан Сүлейменқызын кәсіпорынның жүрегі деп айтуға болады. Ол әріптестері арасында құрметке ие. Тапсырылған кез келген іске белсене кіріседі. Жұрттың бәрімен тіл табысатын кішіпейіл, ізетті мінезін, қиындықтан, тығырырықтан жол тауып, шыға білетін қайсарлығын айтсаңшы?! Әр кез күліп, жымиып жүреді. Ренішін барынша білдірмеуге тырысады. Жастардың ақылшысы ретінде де өз тәжірибесін үйретуден жалыққан емес”, – дейді “Прогресс” тігін фабрикасы “ ЖШС-ның бас директоры Алмат Смықов.

Райхан Сағындықова көп жыл бойы эксперименттік цехқа жетекшілік етіп, киімнің жаңа үлгілерін тігіп, тапсырыс берушілердің ойынан шыға білді. Оннан астам тігіншіні тәрбиелеп шығарды. Балалар киімін тігуде сапаға ерекша назар аударылады. “Солтүстік Қазақстанда жасалған” деген маркалы өнімдер түрі де сан алуан, ең бастысы, талғампаз тұтынушылар дән риза. Тәжірибелі маманның басты мақсаты – мектеп киімдерін әзірлеу барысында қойылатын негізгі талаптар үрдісінен көріну. Қайырымдылыққа жаны құмар ол Түркияға екі миллион теңгенің гуманитарлық көмегін жөнелтуге де бастамашы болды.

“Мен Райхан тәтемен бірге 16 жыл бірге жұмыс істеп келемін. Ұстазым, тәлімгерім санаймын. Өте жанашыр және еңбекқор адам. Жұмыспен де, жеке мәселе бойынша да көмек сұрап барсаң, бетімізді қайтармайды. Ақылын айтады, қол ұшын береді. Бәріне де уақыт тауып жүргені қайран қалдырады”, – дейді әріптесі Ирина Романова.

Райхан Сағындықованың еңбек кітапшасында бір ғана жазу бар. Ендігі бар ойы – зейнетке шыққанша лайықты ізбасарлар легін тәрбиелеп кету. Кейде жастардың тігіншілікке деген құлықсыздығына налитыны бар. Сонда да бұл мамандыққа сұраныстың жоғары болатынына нық сенімді.

Нұржанар ПАРТИЗАН,

М. Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp