Өңіріміздегі заманауи сүт фермаларын аралаған бес облыстың агробизнес өкілдері игілікті істермен танысқаннан кейін арнайы ұйымдастырылған семинар-кеңеске жиналды. Алқалы басқосуға облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов, сүтті және аралас ірі қара тұқымы республикалық палатасының атқарушы директоры Азамат Сағынбаев қатысты.
Марат Иманбайұлы семинарға қатысушыларға өңір басшысы Айдарбек Сапаровтың құттықтау лебізін жеткізіп, өңірде егіншілікпен қатар мал шаруашылығы да тұрақты түрде дамып келе жатқанына тоқталды. Соңғы жылдары 30 тауарлы-сүт фермасы пайдалануға берілді, оларда 16,5 мың бас сиыр сауылады. Жобаларды іске асыруға шамамен 40 млрд.теңге инвестиция тартылып, бір мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Агроөнеркәсіп кешені саласындағы ірі инвестициялық бағдарламаларды қолдау мақсатымен жеңілдетілген несие рәсімдеу тетіктері іске қосылды. “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының жарғылық капиталы көбейтіліп, ақша ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қаржыландыруға бағытталды. Қаржы 4 пайыздық үстемемен, 8 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Алғашқы екі жыл төлемейді. Облысты әлеуметтік-экономикалық дамыту кешенді жоспары аясында 2021 жылы 15 млрд., 2022 жылы 20 млрд. теңге бөлінді.
Өңір басшысының бірінші орынбасары бұл саладағы озық жобаларды мысалға келтірді. Солардың бірі – “Иван Зенченко” ЖШС іске қосқан 1400 басқа арналған сүт кешені. Мұнда “Вестфалия” фирмасының “Карусель” сауу жабдығы орнатылған, Симменталь тұқымды ірі қара Германиядан әкелінген. Әр сиырдан күніне 30 литр сүт сауылады. Бұл – еліміздегі ең жоғары көрсеткіш. Серіктестік жылына 50 мың тоннаға дейін сүт өндіруді мақсат еткен. Жемшөптің құрамын қоректік заттармен байыту ғылыми негізде жүргізіледі. “Қызылжар сүт” ЖШС 3 млрд. теңге инвестиция құйып, 720 басқа арналған ферма тұрғызды. Жылына 3,6 мың тонна сүт сауылады. “Возвышенка СК” ЖШС 1800 басқа лайықталған кешеннің бірінші кезеңін іске қосты. “Борисфен” ЖШС 400 басқа шақталған тауарлы-сүт фермасының құрылысын аяқтады.
Тауарлы-сүт фермаларын қаржыландыру жалғасады. 2025 жылға қарай сүт өндірісін – 30 пайызға, ал өндірістік фермаларда сауылатын сүт көлемін 3 есеге арттыру көзделген. Бұл орайда фермалар санын көбейтумен бірге селекциялық жұмыстарды жаңа дейгейге көтеру, мал тұқымын асылдандыру маңызды рөл атқарады. Сүт кешендерінің ашылуы халықтың жұмыспен қамтылуына зор ықпал етіп отыр. Бір кешенде кемінде 50 адам жұмыс істейді.
– Соңғы 5 жылда қолданыстағы және салынып жатқан сүт фермаларына Қазақстаннан тыс жерлерден 13,2 мың бас асыл тұқымды мал сатып алынды. 1 сиырға шаққанда сүттің орташа көрсеткіші айтарлықтай өсті, 2020 жылы оның мөлшері 4724 килограмм болса, былтыр 5619-ды құрады. Сүт фермаларын салу ауыл шаруашылығы тауарларын өндіру және өңдеу экожүйесінің құрамдас бөлігі болып табылады. Өнеркәсіптік тауарлы-сүт фермаларын көбейту есебінен сүт өндіру 174 мың тоннадан 237 мың тоннаға дейін молайды. Өткен жылы өңдеуге 360 мың тонна шикі сүт жіберіліп, кәсіпорындардың жүктемесі 86 пайызға жуықтады,– деді Марат Иманбайұлы.
Еліміздегі ірі сүт өңдеу зауыттарының бірі – “МаслоДел” ЖШС-ны жаңғыртуға 10 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалып, сүт, қаймақ, ашытылған сүт өнімдерін өндіру бойынша жаңа желілер іске қосылды. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 87,5 мың тоннадан 150 мың тоннаға дейін өсті. Жылына 2,5 мың тонна ірімшік шығаруға бағдарланған “Еуразиялық сүт” зауытын жаңарту жұмыстары да қолға алынған. Сары май (жылына 4,8 мың тонна), қаймақ (3,6 мың тонна өнім) өндіретін жаңа желілер пайдалануға берілді. Жоба толық қуатына көшкен кезде жылына 128 мың тоннаға дейін сүт өңделетін болады.
Соңғы 4 жылда дайын сүт өнімдерін өндіру 25 пайызға артып, 2022 жылы 207,6 мың тоннаға жетті. Бұл – елдегі барлық өндіріс көлемінің төрттен біріне жуық. Облыста қайта өңдеу өндірісін қолдау мұнымен шектелмейді. Алда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бойынша ірі экожүйе жұмысын ұйымдастыру, тауарлы-сүт фермаларын, бордақылау алаңдарын, құс фабрикаларын салу жөніндегі жобаларды іске асырудың ауқымды қадамдары күтіп тұр. Мұның бәрі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жыл сайын ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Республикалық сүт палатасының төрағасы Қуаныш Рақышев ө Солтүстік Қазақстан облысы сүт фермаларын салудан, асылтұқымды мал өсіруден республикада жетекші орынға шыққанын тілге тиек етті.
– Бұрын тәжірибе алмасуға Америкаға, Канадаға, Еуропа елдеріне жиі баратынбыз. Енді өз аймағымызда озық жобалар тұрақты түрде жүзеге асырыла бастады. Екі күннің ішінде көптеген жаңашылдықтарға көз жеткіздік. Назар аударатын, үйренетін тәжірибелер аз емес. Үкімет басшысының тапсырмасымен бұл салаға 100 млрд. теңге бөлініп, бұл қаражат Қызылжар өңірінің тәжірибесін өзге облыстарға енгізуге бағытталады. Сүтті мал шаруашылығын дамыту басым бағыт болып қала береді. Бұл салада қыруар жұмыс атқарылуы тиіс. Өйткені Қазақстан сүт өнімдерімен ішкі нарықты толық қамтамасыз ете алған жоқ. Жалпы өндірілген сүттің өңдеуге жіберілетін үлесі де қанағаттандырмайды,– деді Қуаныш Боранқұлұлы.
Қазақстанда жыл сайын 6,3 млн. тоннадай сүт өндіріледі. Оның 1,6 млн. тоннасы сүт өнімдерін жасауға жұмсалады. 500-600 мың тоннаға жуық сүт өнімдерінің шетелден әкелінуі әлі де импортқа тәуелді екенімізді көрсетеді. АҚШ-та бір сиырдан жылына – 12750, Германияда – 10120, Беларуста 7600 литр сауылса, Қазақстанда бұл көрсеткіш төмен – 5600 литр ғана.
Қостанай облысы “Бек” ЖШС-ның басқарушысы Степан Теннің айтуынша, бір мың бас сиырға арналған сүт кешеніне жұмсалатын инвестициялық қаржыландыру шамамен 6 млрд. теңгеге тең, 1,2 млрд.-ы құрал-жабдықтар, 1,4 млрд.-ы асыл тұқымды мал сатып алуға жұмсалатын көрінеді.
Сарапшы Боб Страттон АҚШ-тағы сүтті мал шаруашылығының дамуы мен ерекшелігін, “Мәмбетов және К” КС-ның бас директоры Еркебұлан Мәмбетов жылдар бойы қалыптасқан іс-тәжірибелерін ортаға салды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.