Үкімет қаулысының негізінде Мәдениет және спорт министрінің “2023-2025 жылдарға арналған мерейтойлар мен атаулы күндердің тізбесін бекіту туралы” бұйрығына сәйкес, Қожаберген жырау Толыбайұлының “Елім-ай” дастан жырының 300 жылдығы аталып өтеді.
Аталған бұйрықта Ғылым жәнежоғарғы білім министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, Астана қаласы, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарының әкімдіктері жауапты орындаушы және жүзеге асырушылар ретінде белгіленіп, “Елім-ай” дастан жырдың тарихи маңыздылығы ел көлемінде ерекше аталып өтеді деп көрсетілген. Бұл – біздің тарихымыздағы елеулі белес, бүгінгі және болашақ ұрпақ үшін саяси-тәрбиелік мәні зор оқиға. Бес жарым ғасырдан астам тарихымызда еліміздің жүріп өткен жолын, халқымыздың “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” сияқты бастан кешкен небір қиын-қыстау оқиғаларды, зар заманға кез болып, азаттық пен бостандық үшін күрескен, қанды шайқастарды бастан өткерген, зорлық-зомбылық пен отарлық езгіні көрген, туған жерді қорғаудың жолында жанын пида қылған ата-бабаларымыздың ерлігін жеткізген бұл ұлы дастан мәңгілік естен шықпас тарих шығармасы.
Бір өкініштісі, “Біздің тарих қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа”деп ақын Қадыр Мырза Әлі айтпақшы, екі жүз жылдай Ресей империясының отарлық боданында, жетпіс жылдан астам кеңестік тоталитарлық жүйеде өмір сүріп, басымызда бостандық, қолымызда билік болмағандықтан тарихымызды тереңнен танып, өткен-кеткенімізді түгендей алмадық. Тек егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болудың арқасында ғана оларды рухани жағынан тірілтіп, туған халқымен қайта қауыштыруға мүмкіндік алдық.
Бұл орайда соңғы жиырма жылдың көлемінде кеңінен танылып, өзінің лайықты бағасын ала бастаған ақын-жырау, ержүрек батыр, қаһарман қолбасшы, данагөй елші, ділмәр шешен Қожаберген Толыбайұлын атап өтуге болады. Кешегі Кеңес өкіметінің тұсында:
Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Ел-жұртынан айырылған жаман екен,
Екі көзден мөлтілдеп жас келеді, – деп басталатын “Елім-ай!”әні халықтың әні деп айтылып жүрді. Әйтсе де, ол әннің сөзі мен әуенінен қилы бірзамандағы халқымыздың бастан кешкен оқиғасы, сай-сүйегіңді сырқырататындай мұңы мен зары, қайғы-қасіреті сезілетін. Бертін келе халық ауыз әдебиетінің мұраларын жинаушылардың, әдебиетші және тарихшы ғалымдардың ыждаһатты зерттеулерінің арқасында оның авторы XVII-XVIII ғғ. өмір сүрген Қожаберген жырау Толыбайұлы екені белгілі болды. Жыраудың “Елім-ай!” әні ғана емес, осы аттас үлкен тарихи дастаны, тағы да “Күлдірмам-ай”, “Қойлыбай көреген”, “Қарасары Болат керей”, “Соқыр абыз”, “Баба тіл”, “Жеті Жарғы”, “Қабанбай батыр”, “Ер Көкше”, “Асан ата”, “Ер Қосай”, “Ер Жәнібек”, “Қорқыт баба”, “Ер Едіге”, “Орақ батыр” және т.б. ондаған құнды әдеби шығармалары табылды.
Тағы да Қожаберген Толыбайұлының (1663-1763) ақын-жыраулығына қоса, ел басына күн туғанда қолына найза алып жауға шапқан батыр, қол бастаған баһадүр, мемлекеттік істерге араласқан қайраткер, шаршы топта сөз бастаған шешен екені анықталды.
Олай дейтініміз, Қожабергеннің Тәуке хан (1680-1718) билік еткен кезеңде елшілік, қолбасшылық және мемлекеттік істер атқарған. Шығыстың дәстүрі мен тілдерін жақсы білгендіктен Тәуке хан оны 1683-1688 жылдар аралығында Қоқан, Хиуа, Бұқара хандықтары мен парсы, түркімен елдері арасында елшілік қызметке жұмсаған. Ал 1688 жылы әз Тәуке бастаған ел жақсылары Қожабергенді бас қолбасшы – ордабасы етіп сайлап, ол 1710 жылға дейін қазақ, қарақалпақ, ноғай ұлыстарының жасақтарын басқарған. Жасы ұлғайған шағында өз орнына қанжығалы Бөгенбай батырды сайлатқан. Бұған жыраудың “Үш би” деген өлеңіндегі:
Басқарып Үш жүз қолын 23 жыл,
Орнымды Бөгенбайға бердім биыл.
Еш сардар қайт қылған жоқ жарлығымды,
Кезінде ұзақ соғыс күндер қиын, – деген жыр жолдары дәлел бола алады.
Қожаберген Толыбайұлы сондай-ақ әз Тәукенің тікелей тапсырмасымен Әнет баба, Едіге, Соқыр Абыз, Құдайназар, Болпыш, Жылкелді, Төле, Қазыбек, Әйтеке сияқты би-шешендермен “Жеті жарғыны” жазуға атсалысқан. Бұл жөнінде жыраудың:
Мұқияттап хаттадым,
Әз Тәукеге қызмет қып,
Жаздым “Жеті Жарғыны”.
Салыстырып талдадым,
Бергі менен арғыны, – деп жазғаны бар.
1759 жылы Абылай хан басқарған қазақ жасақтары қалмақтарды тас-талқан етіп жеңгенін естіген тоқсанның жетеуіне келген Қожаберген жыраудың кәрі жүрегі қатты қуанып, “Жеңіс” атты толғауын шығарған. Абылай ханға “Бас уәзір болып, ел билігі қолыңа тиген екен. Әрі хан міндетін атқарып жүр екенсің. Көреген бол, қарағым. Ақылың мен ерлігің, айла мен әдісің қатар жүрсін!” деп ақ батасын берген.
“Мәдени мұра” бағдарламасының аясында кейінгі жылдары Қожаберген жыраудың артында қалған әдеби мұраларын қайта жарыққа шығару, есімін ұлықтау бағытында бірқатар іс-шара атқарылды. Бұл ретте алдымен 2000 жылғы желтоқсанда тарланбоз тарихшы, академик Манаш Қозыбаев ұйытқы болып, Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен Петропавл қаласында елімізде алғаш рет “Қожаберген жырау Толыбайұлының Отан тарихы мен қазақ поэзиясында алатын орны” деген тақырыпта республикалық ғылыми-теориялық конференция өткізілгенін атап өткен жөн. Ондай алқалы жиын 2010 жылы “Өлке тарихы, тұлғалар тағдыры” деп аталып екінші рет өткізіліп, онда көзі тірісінде ұлттың намысы атанған, қазақ заңгерлерінің абыз ақсақалы болған, академик, ғалым Салық Зиманов сөз сөйлеп: “Қожаберген – біздің тарихымыздағы тұтас құбылыс, бүкіл ғұмырын қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы күреске арнаған ұлы тұлға” деген баға берді.
Бір топ зиялы азаматтар құрған “Жеті жарғы және Қожаберген жырау” халықаралық қайырымдылық қорының бастамасымен Қожаберген жыраудың туған жеріндегі қорымда жерлестері тарапынан оған арнап күмбез орнатылды, Құран бағышталып, ас берілді. Жамбыл ауданының орталығы Пресновка селосындағы қазақ мектебінің алдындағы алаң Қожаберген атымен аталып, ескерткіш бюсті орнатылды, мектепте мұражайы ашылды. Ал Петропавл қаласындағы №6 қазақ орта мектебі де ұлы жыраудың есімімен аталады. Сондай-ақ қордың қолдауымен: “Қожаберген жырау”, “Елім-ай”, “Баба тілі”, “Өнерпаздар әулеті” деген кітаптар басылып шықты. Олар жұртшылыққа кеңінен таратылып, оқырмандардың жылы лебізіне ие болды. Аталған қордың қозғау салуымен Қазақстан Үкіметі 2012 жылдың желтоқсанында арнайы қаулы қабылдап, 2013 жылы Қожаберген Толыбайұлының туғанына – 350 жыл толу мерейтойы елімізде кең көлемде атап өтілді. Алматы мен Астана қалаларында көпшілікке танымал тарихшы, әдебиетші ғалымдардың, белгілі қоғам, мемлекет қайраткерлерінің қатысуымен үлкен басқосу – ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастырылды. Мұның соңы Солтүстік Қазақстан – Қызылжар өңіріндегі мерекелік алқалы жиын мен түрлі мәдени-спорттық іс-шараларға (ақындар мүшәйрасы, концерттік бағдарлама және ат бәйгесі, т.б.) ұласты. Осынау торқалы тойдың қорытындысы ретінде Алматыдағы “Зерде” баспасынан: “Заманының заңғары” мен “Мәңгілік елдің мәңгілік жыршысы” және Астанадағы “Фолиант баспасынан – “Дауылпаз баба Қожаберген” деген көлемді және әсем безендірілген жинақтар жарық көрді.
Алайда Қожаберген сынды тарихи тұлғаны тану мен ұлықтау ісі – бұдан әрі де жалғасын таба береді деген ойдамыз.
Жыраудың ат үстіндегі айбынды ескерткіші Петропавл қаласының кіреберіс қақпасына орнатылуы Қожабергенді тану түсінігімізге қосылған елеулі үлес деп танимыз. Петропавл қаласындағы әскери институтқа даңқты қолбасшы, қаһарман жырау Қожаберген Толыбайұлының есімі беріліп жатса, ол да халық тілегінің арман-мақсатының орындалғаны болар еді.
Қожаберген жыраудан қалған әдеби мұралардың ішінде “Елім-ай” дастаны – құндылығы жоғары, шоқтығы биік шығарма. Мұнда халқымыздың өткен тарихындағы тұтас бір дәуір мен қасіретті кезең қамтылған. Бізбен жауласқан жоңғар хандығының дәуірлеп, күшею себептері, олардың бізге қарсы соғысқанда Ресей империясы мен Қытайға арқа сүйеуі, басымызға күн туған шақта – түрікпен, Қоқан, Хиуа мен Бұқардың сырт айналуы айтылған. Тәуке ханға дейінгі қазақ хандығындағы текетірес пен бақталастық, берекесіздігі де сыналған.
Жыр-дастанда тіпті:
Қаратау, Сыр, Сарыарқа,
Еділ-Жайық,
Тұрақты қазақ жұрты қонысы деп.
Санаңдар түп қазаққа соны лайық,
Әуелден мал жайылым, өрісі деп, – деген өлең жолдары арқылы сол кездегі атамекеніміздің шекарасы мен территориялық аумағы көрсетілген.
Сондықтан да кезінде бұған аты аңызға айналған әскери қайраткер, халқымыздың ардақты перзенті Бауыржан Момышұлы: “Бұрын-соңды өмір сүрген қазақ ақындарының бірде-біреуі Қожаберген жыраудай қазақ жерінің көлемі мен шекарасын айқындап берген емес. Оның “Елім-ай” жыры – әскери дастан!” деп баға берген.
Ел тарихындағы елеулі оқиға “Елім-ай” дастан жырының 300 жылдық мерейтойына шашу ретінде көптеген оқырманның талап-тілегімен “Елім-ай” жыры қайта бастырылды. Баға жетпес мұра “Елім-ай” дастанының кейінгі жастар үшін тағылымдық мазмұны мен мәнін ашу мақсатында кітаптың беташар бөліміне арнайы Қожабергентану ғылымына алғаш түрен салып, ұйытқы болған тарихшы ғалым, академик Манаш Қозыбаевтың “Дауылпаз баба Қожаберген” ғылыми-танымдық мақаласын, қазақ руханиятының абыз ақсақалы атанған академик, заңгер ғалым Салық Зимановтың Қызылжардағы конференцияда көпшілік назарына ұсынған “Қожаберген ұлт ерлігінің символы” тақырыбындағы сөзін, академик, әдебиетші ғалым Серік Қирабаевтың “Елдікті жырлаған дастан” мақаласын, сондай-ақ елге танымал көрнекті ғалымдар: әдебиетші Мекемтас Мырзахметовтың “Қожаберген жырау танымының саяси әлемі” және философ Амангелді Айталының “Елім-ай” дастаны – елдік мүдденің қайнар бұлағы” деп аталатын кемел пікір түйіп, көшелі ой тастаған мақалаларын енгіздік.
Бұл кітап бүгінде біз мекен етіп отырған Атыраудан – Алтайға, Арқадан – Алатауға дейін созылып жатқан ұлан-байтақ жердің ата-бабаларымыздың төгілген ащы тері мен қаны, кескілескен шайқасы мен күресі арқылы келгенін бүгінгі ұрпақтың есіне салып, оны көздің қарашығындай сақтау, қорғау жөнінде көкірегінде отаншылдық сезімін оятып жатса – онда алға қойған мақсатымыздың орындалғаны.
Бекет ТҰРҒАРАЕВ,
“Жеті жарғы және Қожаберген жырау” халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
(“Egemen Qazaqstan”,
13 наурыз 2023 жыл).