«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АС АТАСЫ – НАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңіріміздегі іргелі кәсіпорындардың бірі – Петропавл нан-тоқаш комбинаты. Тоқсан жыл бойы облыс тұрғын­дарын ас атасы – нанмен қамтамасыз етіп келе жатқан кәсіпорынның әлеуметтік маңызы айрықша. 1933 жылы қабырғасы қаланғаннан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Жекеменшікке өткеніне де ширек ғасыр.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қатарына кіретін нан өнімдерін дайындау оңай жұмыс емес. Шикізат пен электр қуаты құнының құбылмалылығы, жұмысшылардың жалақысын көтеру, кадр тапшы­лығы сияқты мәселелерді де дер ке­зінде шешу қажет. Комбинат дирек­торы Ерлан Қайшыбеков әлемдегі экономикалық дағдарыс, саяси ахуал нан өндірушілердің ісіне өз көлеңкесін түсіріп тұрғанын жасыр­мады. Шетелдерден жеткізілетін құрал-жабдықтар мен қосалқы бөлшектерді қолға түсіру қиында­ған. Диқандар да астықтың бағасын өсіруге мәжбүр. Комбинат ғима­раты да жөндеу жұмыстарын қажет етеді.

– Тұтынушыларымыздың көңі­лінен шығу үшін бағаны ұстап тұрғымыз-ақ келеді. Өкінішке қа­рай, нарық заңдылығы оған мүм­кіндік берер емес. Қажетті құрал-жабдықтар мен қосалқы бөлшек­тер­дің, шикізаттың құны бір орында тұрған жоқ. Оны ескермесек, кәсіп­орын өзін-өзі ақтай алмай қалады. Бағаны көтерген кезде де ең тө­менгі шегін аламыз. Бұдан бөлек, әлеуметтік нан пісіреміз. Оның құны нарықтағыдан арзан, – дейді ол.

Петропавл нан-тоқаш комбина­ты бидайды өз дирменінде үгеді, облыс орталығында бірнеше сауда орнын ашқан. Қаңтардың алғашқы екі күні ғана кәсіпорын уақы­тша тоқтайды, қалған 363 күнде тыным­сыз жұмыс істейді. Мұнда 370 адам еңбек етеді. Олар төрт ауысыммен жұмыс істеп, тәу­лігіне 20 тонна нан өнімін шыға­рады. Жұмысшылар­дың ба­сым бөлігі – орта буын өкіл­дері, қазір жастарды осы кәсіпке тартуға екпін берілген. Кәсіпорын зейнет дема­лысына шыққандар­мен де байла­нысты үзбейді. Ме­рекелерде құт­тықтап тұрады. Жас­тар тәжірибелі наубайшылардан ақыл-кеңес сұ­рай­тын кездер де жиі болады екен. “Қазір жеп жүрген, дәмі тіл үйіретін нан өнімдерінің көбін солар алғаш пісірді ғой”, – дейді кәсіпорын басшысы.

Комбинат бүгінде нан-тоқаш өнімдерінің алпыс түрін пісіреді. Осыдан үш жыл бұрын нарыққа жаңа өнім түрлерін шығара баста­ған. Олар – ұнға ашытқы қоспай, кебегімен араластыра отырып пі­сірілетін нандар. Мұндай нанның адам ағзасына тигізер пайдасы мол. Оны дайындау үшін бір жарым жыл зертханалық тексеру жүргі­зілген. Жалпы бүгінде осындай нан­ның бес түрі дайындалады. Тұ­ты­нушылар жоғары бағалап, сұра­ныс артып келеді. Тіпті өзге об­лыстарға да жеткізілуде. Мәселен Астана, Қостанай, Қарағанды қала­ларында петропавлдық кәсіп­орынның тұ­рақты тұтынушылары бар.

– Кәсіпорынды дамыту үшін өнімді өткізу географиясын кеңейту – нарықтың талабы. Жақын маңда­ғы қалаларға өнімдерімізді апара бас­тадық. Сұраныс жоғары. Алды­мен Қостанай қаласына шықтық. Нан­дарымызды бірден сатып әкет­ті. Екінші, үшінші рет те солай болды. Тұтынушыларға ұнайтынын бай­қап, бизнес аумағын кеңейтуді жөн көрдік. Нандарымыз сөреде жатып қалмайды, – дейді Ерлан Бауыр­жанұлы.

Қостанай қаласындағы сегіз сауда орны біздің нандарды са­тады. Ол үшін түннің бір уағында көлікпен жібереді. Алысқа жөнелтілетін өнімдердің барлығы арнайы орамаға салынады. Бұл – санитар­лық нормаларды сақтау, тұтынушы мәдениетін қалыптастыру және белгілі брендтің атын жамылып, өз өнімдерін өткізетін алаяқтардан қорғанудың жолы.

– Мен жақында шетелдік наубай­ханашылардың жұмысымен танысып келдім. Шынымды айтсам, біз еш қалыспаймыз. Олардың тех­никалық мүмкіндіктері жақсы бо­лар, бірақ өнімнің дәмі мен сапасы жағынан біз кем емеспіз. Сарап­шылардың барлығының аузынан тек жақсы деген пікір естідім. Сондықтан өнімді басқаларға та­ратуға еш қысылмаймыз, – дейді кәсіпорын басшысы.

Комбинат нан пісіруде жер­гілікті шаруалардың бидайын ғана пайда­ланады. Тоқсан жыл бойы тұр­ғындарды ас атасы – нанмен қам­тамасыз етіп келе жатқан Петро­павл нан-тоқаш комбинатына тұты­нушылардың алғыстан басқа ай­тары жоқ.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp