«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ауқымы кең, мағынасы терең

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Наурыз – әлемдегі ең көне мей­рамдардың бірі. Ұлыстың ұлы күнін атап өтетін халықтың да қарасы қа­лың. “Жер мен көктің жаңаруын”, “тір­­­шіліктің бастауын”, “күн мен түн­нің теңелген уақытын” Орта Азия ха­лық­тары түгел тойлайды. Бұл мей­рамды әр халық түрліше атағаны­мен, бар­лығының тілегі бір – ізгілік, молшы­лық, бейбітшілік, рухани тазалық.

Қытайда күн мен түннің теңелуі 21 наурызға тура келеді. Шыңжанда тұрып жатқан этникалық қазақ, ұй­ғыр, қырғыз, өзбек, татар, дүнген се­кіл­­ді халықтар Наурызды ерекше атап өтеді. Олар ақ, қара, жасыл жә­не сары түсті мерекелік киімдер кие­ді. Бұл от, су, ағаш, металл және жер­ді әспеттеуден шыққан сенім екен. Кей этностарда дәстүрлі тағам ретін­де жеті түрлі дәмнен ботқа жасалады.

Мысалы, Қытайдағы қазақтар ком­мунистік билік орнағаннан кейін әз-Наурызды ұлан-асыр тойлауға мүмкіндік болмаса да, наурызкөже арқылы ғасырлар бойы қанына сі­ңіп, жан дүниесіне берік орнаған ата дәстүрін ұмытқан жоқ. Тіпті төріндегі Құранның орнына Қытай көсемінің суретін ілдірген “мәдениет төң­керісі” тұсында да халық жылы жұм­сағын аузынан жырып, наурызкө­жеге сақтайтын. Осы ретте Наурыз тойын бірер апта бұрын бастап, әр ауыл кезектесіп, наурызкөже пісі­реді. Бұдан бөлек соғымнан арнайы сақталған сыбағадан ауылдың ақ­сақалдарына, жасы үлкен сыйлы адамдары дәм татады. Көрші-қолаң, ағайын-туған бір-біріне ақ тілектерін айтысатын. Осылай шет­тегі қандастарымыз өз дәстүрін та­бандылықпен сақтап, наурызкөжені құт-береке, молшылық, ақ тілектің куәсі деп қарады.

Әзірбайжандар да наурызды күн мен түннің теңескен күні ретінде атап өтеді екен. Ел тұрғындары бұл мейрамды ерекше күтеді. Дәстүр бойынша “тонгал” деп аталатын от жағып, одан жеті рет секіреді. Ме­рекелік дастарқанның басты тағамы – шекербура дайындалады. Ол – Ай пішіндес қамырдан жасалған тәтті тағам. Ал өсіп тұрған жасыл бидай сабақтары “Күн символын” біл­діреді. Бидай қуырылып, жұ­мырт­қалар қызылға боялады. Әзір­байжан халқында Наурыз мерекесі күні жаңбыр жауса, “жыл өте жақсы, берекелі” болады деген сенім қа­лып­тасқан. Көрші айыр қалпақты ағайындар елінде бұл мейрамда дастарқанға май, қант және бидай ұнынан жасалған дәстүрлі ұлттық та­ғам – сумелек (сүмөлөк) және көже қойылады. Халық арасын­дағы се­німге байланысты бұл “су” және “ме­лек” (періште) сөздерінен құрал­ған. Және жәннәт тағамы, қа­сиетті екен­дігі айтылады.

Көктемгі Наурыз мейрамын оң­түстіктегі көршіміз Өзбекстан да ерекше атап өтеді. Олар “Наурызды қалай күтіп алсақ, жыл толығымен солай өтеді” деп сенеді. Сол себепті бір-бірін кешіріп, жақындарына сый­лық ұсынып, қуантады. 21 наурыз күні дәстүрлі түрде жәрмеңкелер, жалпыхалықтық шерулер, ит және әтеш шайқасы, ат шабысы ұйым­дас­тырылады. Ұлттық киімдер киіп, ән айтып, би билейді. Көпшілігі қа­зіргі күнге дейін ежелгі дәстүрлерін сақтап келеді. Негізгі тағамдары – сумаляк (бидай ұнынан жасалған тағам), самса, хош иісті палау, ха­лим мен жасыл желек қосып дайын­дал­ған нишалда тәтті бәліші әзір­ленеді.

Түрікмендерде көктем мейра­мы­на байланысты ха­лыққа танымал кейбір ырымдар бар. Мәселен, “Егер наурызда күн бұлтты болса, онда осындай ауа райы маусым айына дейін созыла­ды” деп күткен немесе “Наурызда қар немесе жаңбыр жауса – жыл егінге қолайлы әрі өнімді болады” деп топшылаған. Наурыз мереке­сін­де жаңа маусым баста­ла­ды. Яғни сол мерзімде шопандар алабайлар шайқасын ұйымдасты­рады. Түрікменстан “Нау­рыз Байра­мы” кезінде әйелдердің қоғамдағы рөлін айшықтау мақсатында “Әйел­дер күнін”, “Ана­лар күнін” атап өтеді. Әдетте, мей­рамда ұлттық киім киген ерлер ас әзірлейді.

Тәжікстан тұрғындары мереке күндері бір-бірімен “Наврузотан пируз бод!” немесе “Навруз муборак бод!” деп ерекше түрде сәлемде­седі. Мерекенің басты тағамы – кәуап және дәндерден қосып жасалған тәтті палау. Дәстүрлі түрде па­лауды ерлер дайындайды. Оларда бұл мерекенің басты символы – от. Яғни, жаңару мен емдік қасиеті бар деп сеніп, отқа байланысты көрініс­тер қояды. Дастарқанда “с” әрпінен басталатын суманак, сипанд, сирке, сэмени, сабзи сияқты жеті түр­лі тағам дайындалады. Бұл та­ғам­дардан басқа үстелде айна, ба­ла­уыз және боялған жұмыртқалар бо­лады. Балауыз – адамды жаман рух­тан сақ­таушы, ал жұ­мыртқа мен айна – ескі жылдың аяқ­талуын білдіріп, жаңа жылдың ал­ғашқы күні­нің бастал­ғанын сипат­тайды.

Наурызды үндістандықтар да той­лайды. Оларда айрықша ырым­дар мен сенімдер жоқ. Мол дастар­қан жайып, әдемі киім киініп, барлық нәрсені гүлмен көркемдеп, от жаға­ды. “Түтінмен бірге жылдың барлық сәтсіздіктері жоғалады” деп сенген.

Ауғанстан Ұлыстың ұлы күнін біз сияқты 21 наурызда тойлайды. Бір қы­зығы 20 наурыз түнгі сағат 1-ден, келесі күні 12-ге дейін ешкім көшеге шықпайды екен. Егер кімде-кім сол уақытта үйден шықса, онда жаңа жыл­­да отбасының бір мүшесі дү­ние­ден өтеді деген наным болған. Ал­дын ала отбасының әр мүшесіне жа­ңа киімдер тігіледі. Жақындарына сыйлықтар тарту етіп, үйдің іші-сыр­тын тазалайды. Мейрам күні дас­тар­қанда дәндер, жеті түрлі жеміс­тен да­йындалған компот және 5 түр­лі та­ғам болады. Атауы “с” әрпінен бас­та­латын бұл тағамдар барлық дос­тар мен таныстарға ұсынылады. Әдет­те, отбасындағы баланың са­нына бай­ланысты алдын-ала жұ­мыртқа пісі­ріліп, түрлі-түске бояла­ды.

Ирандықтар Наурыз мейрамын 13 күн тойлайды екен. Алғашқы бес күнін дос-жаран, туыс жақындары­мен бірге Наурызды күтіп алуға ар­на­са, тоғызыншы күн Шахрйаран Нав­­руз (шах Навруз), ал он үшінші күн – Сизда-бедар (“Он үшіншісі үй­ден тыс”) ретінде атап өтеді. Дәстүр бо­йынша ирандық әйелдер мейрам қарсаңында осы уақытқа дейін бол­ған барлық жамандық атаулы кетсін деген ниетпен және денсау­лық, сұ­лулық сұрап оттан секіреді. Ерлер бол­са, қызыл түсті киім киіп, бетте­рі­не қара күйе немесе қара бояу жа­ғып, қала көшелерін аралайды. Нау­рыз – басқа мемлекеттер сияқты Иран елінің де маңызды мереке­ле­рінің бірі болып саналады. Мереке­лік дастар­қан “хафт-син”, яғни “с” әр­пі­нен бас­талатын 7 түрлі тағаммен әр­­­ленеді. Олардың арасында мін­детті түрде монета (секке), сірке су (сер­ке), са­рымсақ (сир), дәм­де­уіш­тер және ме­рекелік тағамдар болуы тиіс.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp