Шайбалы хоккейден жастар лигасы ойындарының плей-офф кезеңі жалғасуда. Жартылай финалда жергілікті “Qulager” клубы “Ақтөбе” командасына қарсы екі ойын өткізді.
Жерлестеріміз жартылай финалдың алғашқы екі кездесуін Ақтөбе қаласында өткізген болатын. Алғашқы ойында айдын иелеріне 2:1 есебімен есе жіберді. Бірінші кезеңде жерлестеріміз сапынан Даниил Варламов нәтижелі соққы жасады. Кейін ақтөбеліктер таразы басын теңестірді. Шайба авторы – Игорь Пономарев.
Екінші кезеңде бірде-бір команда есепті еселей алмады. Тек шешуші кезеңде ақтөбеліктердің айы оңынан туды. Михаил Калиниченконың соққысы қақпаға дәл дарыды. Осылайша бірінші ойында “Ақтөбе” клубы жеңіске жетті.
Қарымта кездесуде бес шайба соғылды. Бұл ойында да бірінші болып, қызылжарлық хоккейші Даниил Варламов есеп ашса, екінші кезеңде ақтөбелік Максим Мозжериннің соққысы қақпа торынан табылды. Жерлестеріміз жігер танытып, Тамерлан Бейсембиев, Павел Анисимов, Даниил Варламовтың шайбалары солтүстікқазақстандық командаға жеңіс әкелді. Қорытынды есеп 4:1.
Жерлестеріміз “Ақтөбе” командасына қарсы қарымта қос кездесуді наурыздың 21-і және 22-сі күндері өз айдынында өткізеді.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.