Наурыздың 19-ы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтті. Өңір басшысы Айдарбек Сапаров облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында орналасқан №595 сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді.
Мұнда 1338 сайлаушы тіркелген. Сайлау учаскесі ашыла сала келген тұрғындардың басым бөлігі зейнеткерлер болды. Солардың бірі Аманжол Нұртаев қалыптасқан әдетімен алғашқылардың қатарында дауыс беріп, БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында жаңа әрі әділетті Қазақстанның орнайтынына нық сенім білдірді.
Бюллетень алып, өзінің азаматтық ұстанымын білдірген тыл еңбеккері Николай Орлов та ел болашағына бейжай қарамайтын, адал, көзі ашық, көкірегі ояу, білімді адамдар ғана депутаттық мандатқа ие болуы тиіс деген ойын былай сабақтады: “Бұл сайлаудан күтеріміз көп, демократиялық талаптарға сай өтіп, оң өзгерістер орын алса дейміз. Сол үшін депутаттыққа лайықтыларды таңдап жатырмыз. Келешек ұрпақтың ештеңеге алаңдамай, бақытты өмір сүргенін қалаймыз. Бірде-бір сайлаудан қалыс қалып көрмеппін. Жерлестеріміздің саяси белсенділігіне ризамын”.
Ел болашағын айқындайтын маңызды науқанға зор белсенділікпен қатысқандардың бірі – Толқын Назарова: “Бұл сайлауды жаңа Қазақстан құру жолындағы нақты қадам ретінде бағалаймын. Мәжіліс пен мәслихаттарға сайланған халық қалаулылары осы атқа лайық болып, берген уәделеріне берік болса екен”, – деген тілегін жеткізді.
4 бақылаушы мен 1 сенімді өкіл сайлаудың заң талаптарына сай өтуін жіті қадағалады. №595 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Қанат Сәдуақас сайлау заң талаптарына сай өтіп, заң бұзушылық тіркелмегенін айтты. Дауыс берушілердің тізіміне 10 тыл еңбеккері енгізілген, 2 адам үйде дауыс беруге өтініш білдіріпті. Оларға жылжымалы жәшік апарылып, конституциялық құқықтарын пайдалануға барлық жағдай жасалды. Бұдан бөлек, бес кабинаның біреуі мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған. Алғаш рет дауыс берген 65 жасқа сый-сияпат жасалды.
Сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауларын жасаған адамдарға арзандатылған бағамен азық-түлік өнімдері сатылды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltustik Qazaqstan”.