Петропавлдың орталық көшесі – Қазақстан Конституциясының бойында қазақтың ұлттық киімін киіп, домбыраны күмбірлеткен бір топ адам жарапазан айтып, көне дәстүрді жаңғыртты. Іс-шараның өтуіне “Қызылжар” орталық мешіті ұйытқы болды.
Имамдар мен мешіт шәкірттерінен құралған жарапазаншылар халық көп жиналатын сауда орталығына барып, жұртшылықты Рамазан айымен және Наурыз мейрамымен құттықтады. Аталарымыз бата беріп, әжелеріміз шашу шашып, жиналғандар мәре-сәре болды.
– “Жарапазан” деген сөздің мағынасы Рамазан келді дегенді білдіреді. Бірақ мұны діни жыр деп айтуға да болмайды. Бұл – қазақ халқының дәстүрлі жырларының бірі. Қазақ халқы бұрын Рамазан айы келгенде, телеарна, радио болмаған кезде осылай жарапазан айтып, халықты Рамазан айының туғаны жөнінде хабардар еткен. Рамазан айы келе жатыр, қасиетті айдың берекесінен құр қалмаңыздар” деп ескертеді, шақырады, – дейді “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Хамзат Қажымұратұлы.
Жарапазан жырының елуден астам нұсқасы бар. Бұрын бұл жырды балаларға арнайы жаттатып, үйді-үйге жіберген. Жарапазан айтылған үй жақсы тілекпен келгендерді бос қол жібермеуге тырысқан. Біздің өңірде бұл дәстүр кенже қалғанымен, Алматы, орталық Қазақстанда, тіпті мына көрші тұрған Ақмола облысында қайта жанданып келеді. Қызылжар өңірінде де жарапазанды жандандыру мақсатында қолға алынған бұл шара көпшілікке қазақтың дәстүрін таныстырды.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.