Қала тұрғындары “Күлімдеп көктем туғанда” атты сурет көрмесін қызыға тамашалады. Онда Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат кешені оқушыларының натюрморт, сюжеттік композиция, пейзаж, декоративті композиция жанрлары бойынша жиырмаға тарта туындылары қойылды.
Бүгінде бұл білім ордасында 134 бала 12 мамандық бойынша оқиды. 27 жеткіншек “Кескіндеме” бөлімінде білім алады. Мадияр Бейсембаев көрмеге қойылған “Ұлы дала” деп аталатын суретін салуға екі айға жуық уақытын жұмсаған. 9-шы сыныпта оқитын талапты жас бейнелеу өнерімен 8 жасынан бастап айналысып келеді. Көрмеге ұсынған туындысында туған жеріміз, еліміз үшін жан беріп, жан алысқан батырларымыздың бейнесін сомдаған. Көбіне гуашь пен акварельді қолданады.
Оқу орны директорының орынбасары Ғалия Ғалаутдинова балғын суретшілердің болашақта бейнелеу өнерінің қыр-сырын жете меңгеріп, атақты қылқалам иелері болатындарына сенімді.
Нұржанар ПАРТИЗАН,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.