Ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-байтақ даламызда тұлпарлар тұяғының дүбірі жиі естілген. Ұлан-асыр той болса, өр мінезді жігіттер сәйгүліктерін сайлап, жанкүйерлер делебесін қоздырған ойындарға қатысқан. Байырғы заманнан келе жатқан дәстүрді сақтаған азаматтар бүгін де бар. Олардың бірі – “Zha Group” компаниясының басшысы Жәнібек Есілбаев.
Наурыз мейрамына орай ол Шал ақын ауданының Бірлік ауылында көкпардан жарыс ұйымдастырды.
– Туған жерімде көкпардан жарыс ұйымдастыруды бірнеше жылдан бері жоспарлап жүрген едім. Осы жолы сәті түсіп, сайысты Наурыз мейрамына орайластырдық. Қызықты болсын деп, өзге өңірлердегі көкпаршыларды да шақырдық. Жергілікті тұрғындарға арнап дастарқан жайдық, – дейді Жәнібек Есілбаев.
Биыл алғаш рет ұйымдастырылған ұлттық ойынға Шал ақын, Есіл, Қызылжар, Жамбыл аудандарынан бөлек, Алматы, Жетісу, Ақмола және Қостанай облыстарының көкпаршылары қатысты. Жалпы жүлде қоры 1 млн. теңгені құрады.
Бірінші салым салғандарға 20 мың теңге берілсе, кейінгі салым үшін берілетін жүлде көлемі 60 мың теңгеге дейін жетті. “Өгіз өлдінің” алғашқысында 100 мың теңге тігіліп, жеңіс Қостанайдан келген көкпаршыға бұйырды. Тағы бір жүлде – екінші тай Ақмола облысының спортшысына берілді.
– Ұлы даланың төсінде ойнатылатын көкпардың орны ерек. Мұны теріскейліктер де жақсы біледі. Туған жеріне келіп, Есілбаевтар әулеті атынан ауылымыздың жұртшылығына той ұйымдастырып, алты жылқы сыйлаған азаматтың бастамасы құптарлық. Ұлттық ойынымызды ұмыт қалдырмай, мерекенің көркін қыздырғаны үшін алғысым шексіз, – дейді Ерлік Ғалымов есімді тұрғын.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.