Диас Аяған
Теріскейде сіресіп жатқан қар көбесі сөгілді. Мамандардың мәліметіне сүйенсек, наурыз айының соңғы онкүндігінде ауа температурасы күндіз де, түнде де жылы болып, қар жылдам ерімек. Яғни қар суымен алысар күн алыс емес. Қазір Есіл өзеніндегі су жылдағыдан жоғары болса, жердің қатуы жарты метрден асқан. Мұндай жағдайда алдын ала әзірлік аса қажет.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Рамиль Камалов биыл күн өткен жылға қарағанда бір аптаға ерте жылынғанын айтты. Өңірде қауіпті аймақта орналасқан 85 елді мекен бар. Олардың тең жартысы қызыл судан зардап шегуі мүмкін. Сол үшін алдын алу шараларына төтенше жағдайлар, полиция департаменттері, мен Ұлттық ұлан қызметкерлерінен жасақталған 475 адам жұмылдырылып, 135 техника тартылған. Елді мекендерден қар шығару жұмысы қызу жүріп жатыр. Бүгінгі күнге дейін облыс орталығынан 500 мың текше метр қар сыртқа шығарылған. Су өткізгіш құбырлар мен арықтар тазартылуда.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.