«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тұлпар тұяғының дүбірі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-бай­тақ даламызда тұлпарлар тұя­ғы­ның дүбірі жиі естілген. Ұлан-асыр той болса, өр мінезді жігіт­тер сәй­гүліктерін сайлап, жанкүйерлер де­лебесін қоздырған ойын­дарға қа­тыс­қан. Байырғы заманнан келе жатқан дәстүрді сақта­ған азамат­тар бүгін де бар. Олардың бірі – “Zha Group” компа­ния­сының басшы­сы Жәнібек Есілбаев.

Наурыз мейрамына орай ол Шал ақын ауданының Бірлік ауылын­да көкпардан жарыс ұйымдастырды.

– Туған жерімде көкпардан жарыс ұйымдастыруды бірнеше жыл­дан бері жоспарлап жүрген едім. Осы жолы сәті түсіп, сайысты Наурыз мейрамына орайластыр­дық. Қызықты болсын деп, өзге өңірлердегі көкпаршыларды да ша­қырдық. Жергілікті тұрғындарға ар­нап дастарқан жайдық, – дейді Жә­нібек Есілбаев.

Биыл алғаш рет ұйымдастырыл­ған ұлттық ойынға Шал ақын, Есіл, Қызылжар, Жамбыл ауданда­рынан бөлек, Алматы, Жетісу, Ақ­мола және Қостанай облыстары­ның көкпаршылары қатысты. Жалпы жүлде қоры 1 млн. теңгені құрады.

Бірінші салым салғандарға 20 мың теңге берілсе, кейінгі салым үшін берілетін жүлде көлемі 60 мың теңгеге дейін жетті. “Өгіз өлдінің” ал­ғашқысында 100 мың теңге тігіліп, жеңіс Қостанайдан келген көкпар­шыға бұйырды. Тағы бір жүлде – екінші тай Ақмола облысының спортшысына берілді.

– Ұлы даланың төсінде ойнаты­латын көкпардың орны ерек. Мұны теріскейліктер де жақсы біледі. Туған жеріне келіп, Есілбаевтар әу­леті атынан ауылымыздың жұртшылығына той ұйымдасты­рып, алты жылқы сыйлаған азамат­тың бастамасы құптарлық. Ұлт­тық ойы­нымызды ұмыт қалдырмай, мере­кенің көркін қыздырғаны үшін алғысым шексіз, – дейді Ерлік Ғалымов есімді тұрғын.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp