“Dostyq Mall” ойын-сауық орталығында “QYZYLJAR шеберлер мекені” атты қолөнершілер фестивалі басталды. Шара 22-ші наурызға дейін жалғаспақ. Сондай-ақ шеберлердің жұмыстарымен қаланың бас алаңында да танысуға болады.
Фестиваль ұйымдастырушылары – облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, өңіріміздегі музей бірлестігінің мамандары дәстүрлі қолөнерді сақтауды, халықтық сәндік-қолданбалы өнерді насихаттауды және дамытуды көздеп отыр.
Фестивальға еліміздің жеті өңірінен және Ресейдің Қорған, Омбы облыстарынан 22 шебер қатысуда. Олар келушілер назарына әртүрлі техникада орындалған қолдан жасалған бұйымдардың түр-түрін ұсынды. Ағаш, былғары мен металды өңдеп, киіз басып, кесте тігіп, құрақ құраған шеберлердің өнері қызылжарлықтарды таңдай қақтырды.
Алдағы күндері қолөнершілер Петропавлдың Орталық алаңында тігілген киіз үйлерде көрмелер мен шеберлік сыныптарын өткізбек.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.