«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Заманауи орталық қажет

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елімізде үстел теннисін серік еткендер көп. Біздің өңірде де аудандық, облыстық деңгейдегі жарыстар жиі өтеді. Бәсекелестік бар жерде сапаның артатындығы белгілі. Алайда аталған спорт түрінің кеңінен қанат жаюына облысымызда кедергі келтіретін түйткілдер де жоқ емес. Заманауи үстел теннисі орталығының болмауы – басты мәселе. Аталмыш спортты дамыту жайын Солтүстік Қазақстан облысы бойынша үстел теннисінен аға жаттықтырушы Нұрлан Арынғазинов айтып берді.

Жалпы үстел теннисі бастапқы­да үйде, кішігірім алаңқайларда ой­нау мақсатында ойлап табылған, кейін қызығушылар қатары көбейіп, кәсіби спорт түріне айналған. Олим­пиада ойындарының бағдарламасы­на 1988 жылы енген. Бұл спорт шап­шаңдықты, төзімділікті қажет етеді. Мәселен бір ойынның өзінде теннис­ші 7 шақырым жаяу жүргендей күш жұмсайды екен. Тіпті әуесқой ойын­шының өзі минутына жүзге жуық соқ­қы жасайды. Бұл адамның көру қабі­летін жақсартып қана қоймай, епті­лікті еселеп, шыдамдылық пен ше­берлікті шыңдай түседі. Буын аурула­рының алдын алып, қан қысымын қалыпқа келтіреді.

– Менің ойымша, осындай пай­да­сы мол спорт түрін бұқаралық спортқа айналдыру қажет. Шын мә­нінде, үстел теннисі – кеңінен наси­хат­­тауға лайықты спорт. Ол үшін облы­сымызда арнайы үстел теннисі ор­талығы салынуы керек. Негізінен бұл ойын үлкен зал мен қымбат жаб­дықтарды қажет етпейді, үстелі де аса қымбат тұрмайды. Мектептерге теннис үстелдері көптеп қойылып, оның пайдасы кеңінен насихатталуы керек. Бұқаралық сипат алса, ұтарымыз көп, – дейді Нұрлан Арынға­зинов.

Жаттықтырушының айтуынша, бұл керемет спорт түрімен кез келген жастағы адам айналыса алады. Қыс­та да, жазда да ойнай бересің. Жара­қат алу қаупі жоқ десе де болады.

– Қазіргі кезде үстел теннисі Ас­тана, Шымкент, Орал және Қараған­ды қалаларында қарқынды дамып келеді. Біздің өңірде де шұғылдану­шы­лардың қатары көп болғанымен, ел чемпионатында жеңіске жетіп жүр­гендер сирек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауы­мен үстел теннисі елімізде кеңінен қанат жайып келеді. Жеті облыста қазіргі заманға сай үстел теннисі орталығы салынған. Осындай кешен Петропавл қаласында да болса де­ген арманымыз бар, – дейді бапкер.

Аға жаттықтырушының айтуын­ша, аталмыш спорт­тан Қытай мен Ко­реяға жету қиын. Себебі үстел теннисі оларда ұлттық спорт түріне айна­лып кеткен. Мәселен Қытайда бұл бағытта тұ­тастай бір институт жұмыс істейді екен. Жалпы елімізде үстел те­ннисін дамыту үшін бапкерлер даярлау мә­селесіне де баса көңіл бөлу қажет. Қазіргі кезде білікті ма­мандар жетіспейді. Жалақы төмен болған­дықтан жастардың жаттық­ты­рушы­лыққа жолағысы жоқ, көбі басқа са­лаға кетеді.

Нұрлан Арынға­зинов сөз соңын­да алда ауқымды жұмыстар күтіп тұр­ғанын айтып, бұл спортты өңірімізде дамытуға барын­ша күш жұм­сайтынын жеткізді.

Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp