«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨНЕ АТАУЛАР ҰМЫТЫЛМАСЫН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жуырда “Soltüstık Qazaqstan” газетінде шыққан “Ескі атаулар­дан қашан құтыламыз?” деген мақаланы оқып, осы мәселеге бай­ланысты мен де өз ой-пікірімді білдірмек болып қолыма қалам ал­дым. Құдайға шүкір, Тәуелсіздіктің арқасында бірқатар елді ме­кендердің тарихи атаулары қайтарылды. Алайда әлі де оно­мастикалық комиссия мүшелеріне, қоғам өкілдеріне, “Қазақ тілі” ұйымына атқарар жұмыс көп.

Өкінішке қарай, ауылдардың ежелгі атауларын білетін көне көз қариялар азайып бара жатыр. Мен кезінде үлкендерден естіген кейбір тарихи атауларды айта кетуді жөн көріп отырмын. Мәселен Шал ақын, Тимирязев аудандарындағы кейбір ауылдардың тарихи атауларын жұрт ұмыта бастаған сияқты. Қазіргі Куп­ряновка – Алатай, Белоградовка – Шудасай, Семиполка – Қоскөл, Но­вопокровка – Тораңғұл, Городецкое – Тарақан, Афанасьевка – Саяғаш. Солай кете береді. Бұл білетіндерім ғана. Ал ұмыт қалғаны қаншама?

Кейбір ауылдардың атаулары әлі күнге дейін Хмелницкое, Мичу­рин, Докучаев, Москварецкое болып аталып жүр. Біздің жерге бұлардың қандай қатысы бар деп ойлайсың кейде. Мәселен Докучаев ауылы­ның маңайында Сары мен Сүйір батырлар жер­ленген. Солардың есімдерін неге бермеске? Анау Ақжан ауылының маңында Меңдеке батырдың кесене­сі бар. Сол маңайдағы бір ауылға атын берсе жарасып кетер еді.

Астанаға қарай шықсаңыз ерік­сіз жол бойындағы елді мекендердің аттарына қарайсың. Астраханка, Чапаево, Рощинское, Кременчук, Ивангород, Обуховка, қайсы бірін айтайын, бұл тек Көкшетауға дейін­гісі ғана. Ал облыс көлемінде Покров­ка, Петровка мен Чапаевтар үш-төртеуден екенін жасырып қайтейін. Шетелге аты мәлім кейбір жерлесте­ріміз өздерін таныстырғанда туған жері Николаевка, Ивановка деп айтып жатқандарын естігенде қатты ұяласың.

Шал ақын ауданында өзім туып өскен Мерген деген ауыл бар. Бұрын Чапаевтың атымен аталған. Қазір сол ауылдың мерейін үстем қылып, басқарып отырған Виктор Окунев деген азаматтың айтуынша, бұдан 15 жыл бұрын атауын Мерген деп өз­гертуге атсалысқан екен. “Әрине, қариялардың айтуымен, одан кейін Шал ақын аудандық архивін қопарып, ономастикалық комиссияға өтініш жаздық. Азамат соғысының батыры Чапаев осында тумаған, жараланып Жайық өзеніне суға кеткен. Біздің өл­кеге қандай қатысы бар деп шешкенбіз”, – дейді ол.

Ұлты қазақ болмаса да осы жер­дің тарихына құрметпен қарайтын, ұлы тұлғаларының ерлік істерін сый­лайтын Виктор Окуневтей азамат­тар көп болса ғой дейсің. Дөңгелен­ген дүние тоқтамайды, бүгін болмаса да ертең елді мекендердің тарихи атаулары қайтарылар. Сол істі жеделдетуге кедергі келтіріп жүргендердің әрекетін түсінбей әлекпін.

Ысқақ АРҚАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp