Жуырда “Soltüstık Qazaqstan” газетінде шыққан “Ескі атаулардан қашан құтыламыз?” деген мақаланы оқып, осы мәселеге байланысты мен де өз ой-пікірімді білдірмек болып қолыма қалам алдым. Құдайға шүкір, Тәуелсіздіктің арқасында бірқатар елді мекендердің тарихи атаулары қайтарылды. Алайда әлі де ономастикалық комиссия мүшелеріне, қоғам өкілдеріне, “Қазақ тілі” ұйымына атқарар жұмыс көп.
Өкінішке қарай, ауылдардың ежелгі атауларын білетін көне көз қариялар азайып бара жатыр. Мен кезінде үлкендерден естіген кейбір тарихи атауларды айта кетуді жөн көріп отырмын. Мәселен Шал ақын, Тимирязев аудандарындағы кейбір ауылдардың тарихи атауларын жұрт ұмыта бастаған сияқты. Қазіргі Купряновка – Алатай, Белоградовка – Шудасай, Семиполка – Қоскөл, Новопокровка – Тораңғұл, Городецкое – Тарақан, Афанасьевка – Саяғаш. Солай кете береді. Бұл білетіндерім ғана. Ал ұмыт қалғаны қаншама?
Кейбір ауылдардың атаулары әлі күнге дейін Хмелницкое, Мичурин, Докучаев, Москварецкое болып аталып жүр. Біздің жерге бұлардың қандай қатысы бар деп ойлайсың кейде. Мәселен Докучаев ауылының маңайында Сары мен Сүйір батырлар жерленген. Солардың есімдерін неге бермеске? Анау Ақжан ауылының маңында Меңдеке батырдың кесенесі бар. Сол маңайдағы бір ауылға атын берсе жарасып кетер еді.
Астанаға қарай шықсаңыз еріксіз жол бойындағы елді мекендердің аттарына қарайсың. Астраханка, Чапаево, Рощинское, Кременчук, Ивангород, Обуховка, қайсы бірін айтайын, бұл тек Көкшетауға дейінгісі ғана. Ал облыс көлемінде Покровка, Петровка мен Чапаевтар үш-төртеуден екенін жасырып қайтейін. Шетелге аты мәлім кейбір жерлестеріміз өздерін таныстырғанда туған жері Николаевка, Ивановка деп айтып жатқандарын естігенде қатты ұяласың.
Шал ақын ауданында өзім туып өскен Мерген деген ауыл бар. Бұрын Чапаевтың атымен аталған. Қазір сол ауылдың мерейін үстем қылып, басқарып отырған Виктор Окунев деген азаматтың айтуынша, бұдан 15 жыл бұрын атауын Мерген деп өзгертуге атсалысқан екен. “Әрине, қариялардың айтуымен, одан кейін Шал ақын аудандық архивін қопарып, ономастикалық комиссияға өтініш жаздық. Азамат соғысының батыры Чапаев осында тумаған, жараланып Жайық өзеніне суға кеткен. Біздің өлкеге қандай қатысы бар деп шешкенбіз”, – дейді ол.
Ұлты қазақ болмаса да осы жердің тарихына құрметпен қарайтын, ұлы тұлғаларының ерлік істерін сыйлайтын Виктор Окуневтей азаматтар көп болса ғой дейсің. Дөңгеленген дүние тоқтамайды, бүгін болмаса да ертең елді мекендердің тарихи атаулары қайтарылар. Сол істі жеделдетуге кедергі келтіріп жүргендердің әрекетін түсінбей әлекпін.
Ысқақ АРҚАЕВ.